Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кезі келсе кетпен шап

04.11.2021, 10:00 456

Қызылордада кәсіпкерлік кең өріс алды. Бұл салаға қызығушылардың саны артқан. Бұрынғыдай емес «кәсіпке бет бұрсам деп едім» дейтіндерді жиі кездестіріп жүрміз. Өйткені қазіргідей нарық заманында жалғыз жалақымен жан бағу қиынға соғады. Әйтеуір кәсібі бардың артында артық қоры да болады. Басталғанына екі жылға жуық болып қалған пандемияның әлем экономикасына да салқыны тиді. Көптеген өндіріс орындары, кәсіпкерлік нысандары қысқарып, нарықта тек тұрмыстағы сұранысқа сай өнім өндірушілер ғана қалды. Қалада жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылған. Ал былтыр небәрі 41 жоба ғана қолдау тапқан. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несиелеуде 6 жобаға 937 млн теңге берілген. Қазір екінші деңгейлі банктерге де нақтылы жобалардың құжаттары ұсынылып, несиелері мақұлдануда.

«ALMATEX»  –  ОТАНДЫҚ  ӨНІМ  ДҮКЕНІ

Ұлы ақын Абай «Адам бол, мал тап, қуансаң сол кезде қуан» дейді. Мал табамын, жан бағамын десе, қазір мүмкіндіктер өте көп. Кез келген адам кәсіптің көзін тауып, дөңгелетіп әкетуіне болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерліктің кең өріс алуы үшін қарап қалмайтындығын және бар мүмкіндіктерді қарастыратындығын айтты.

– Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қары­зын азайтты. Жалпы, экономикалық дамуы­мызда  оң  үрдіс  бар екені сөзсіз.  Алайда  бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұлас­тыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион  теңге  болады, – деді Қ.Тоқаев.

Пандемиялық кезеңнің кесіріне қарамастан жұмысын жалғастырып жатқан қызыл­ордалық кәсіпкерлердің бірі – Гүлназ Хожаева. 2013 жылдан бастап әйелдерге арнал­ған киімдер тігіп сата бастаған. Қазіргі таңда нәзікжандылардың киімдерімен қоса, ерлерге арналған спорттық киімдер тігіп, нарыққа шығаруда. «Әдепкіде кәсіп бастау­да аздаған қиындықтар болды, кейіннен қалыпқа  келе  бастадық»  дейді  кәсіпкер.

– Қазір цехта 4 адам жұмыс істейді. Негізін қалаған – өзімнің анам Алмагүл Махамбетова. Анамның да, өзімнің де мамандығымыз – қаржыгер. Тігіншілікті оқыған жоқпыз. Тек қызығушылығымыз осы кәсіпке алып келді. Көбінесе қыз-келіншектерге арнал­ған көйлек, офистық, спорттық үлгідегі және халаттар тігеміз. Матасы – таза мақта. Оларды Түркиядан алдыртамыз. Сондық­тан сапасы жағынан ешқандай кемшілігі жоқ. Жаз мезгілінде көйлектерге сұраныс өте көп болады. Жалпы, баға тұрақтылығы 6-20 мың теңге аралығында. Бағалары матасының қалыңдығына қарай қойылады. Отандық өнім болғаннан кейін қолдаушылар көп, бірақ бір қиыны, «отандық өнім болса, неге арзан тұрмайды?» деп сұраушылар көп. Оның себебі біз матаны сырт­тан алдырамыз, ал оның бағасы аз ақша тұрмайды. Сондықтан соның барлығын ескеріп, біз бағаны қойып отырамыз. Менің ойымша, елде отандық өндіріске, өнімге көзқарасты өзгерту керек секілді. Цехта бір адам күніне 1-2 киімнен тігеді. Киімдердің дизайнын анам екеуміз ақылдаса отырып жасаймыз. Өнімдерімізді Алматы, Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларына көтерме бағамен сатамыз. Киімдермен қоса, төсек жабдық­тарын  да  тігеміз. Оларға да сұраныс өте  жақсы, – дейді  кәсіпкер.

Қалада «Универсам» маңындағы «Almatex» деп аталатын дүкенде дәл осы цехтың өнімдері сатылады. Цехтағы қызметкерлердің айлық жалақысы күнделікті тапсырыстарды тігіп үлгер­гендігіне байланысты есептеледі. Гүлназ Хожаева анасы екеуі кәсіп бастар алдында отандық  өнім өндіру туралы көп ойланған. Соның нәтижесінде қолдан тігіп, сату шешіміне келген. Мемлекеттен бір тиын алмай кәсіп бастап, қазір соның жемісін көріп отыр. «Алдағы уақытта кәсіпті кеңейтіп, біраз жоспарды алға қойып отырмыз, алайда өздеріңіз біле­тіндей, барлығы қаражатқа келіп тірелетіні сөзсіз»  дейді  Гүлназ  Хожаева.

«ТАЗА»  САБЫННАН  «ТАЗА»  СОДА  ҰНТАҒЫНА  ДЕЙІН

Тынбай еңбектенгенді Тәңір де жарылқайды. Қалада жас кәсіпкерлердің саны артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Солардың бірі – Дәулет Ізбасаров. О баста заңгерлік кеңес беру орталығын, той ұйымдастыру орталығын және өзге де қызмет көрсету саласындағы кәсіптердің басы-қасында жүріп, кейін өнім өндіру ісіне де бет бұруды жөн көрген. Тұрмыста қолданатын кәдімгі сабын өндіреді.

– Сабын өндіру ісін биыл жыл басынан бастадық. Мұнда қазір 12 адам үш ауысыммен жұмыс істейді. Күніне 1500 дана сабын шығады. Бір шыққанда 300 граммнан 500 дана сабын өндіріледі. Қазір Қызылорда облысын толық қамтып отырмыз. Данасы – 110 теңгеден. Ал дүкендерден данасын 160 теңгеден таба аласыз­дар, – деді Дәулет Ізбасарұлы.

Жуырда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша  4,5 млн теңге грант ұтып алып, енді соған сода ұнтағын өндіруді қолға алған. «Таза»  сабын брендімен бірге, «Таза» сода ұнтағы  нарыққа шығатын болады. Ол автоматтандырылған кір жуғыш маши­наларына пайдаланылатын болады. Сабын өндіретін құрал-жабдықтардың жалпы құны 4 млн теңге тұрады. Өзбек елінен алдырыпты. Кәсіпті өз күшімен бастаған Дәулет «бас-ая­ғы 7 млн теңгедей қаржы жұмсадым» дейді. Өндірісте жалпы 20 шақты адам жұмыс істесе, оның 10-ы Қызылорда қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы келген. Ал негізі орташа айлық  жалақы – 70 мың теңге.

– Сабынға сұраныс бар. Салған қаржымды осы он айға жуық уақыт ішінде ақтап алдым десем де болады. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласынан сұраныс өте көп. Алайда ол жаққа күнделікті жөнелтуге біз үлгеріп жатқан жоқпыз. Сол үшін цехты кеңейтіп, үлкендеу етіп салып жатырмыз. Алдағы уақытта құрылысты аяқтап, кең жерде жұмыс істейміз деген ой бар, – деді жас кәсіпкер Дәулет Ізбасаров.

«Алма піс, аузыма түс»  деп жатып алмай, тынымсыз тіршілік еткеннің қашанда несібесі мол болары анық. Мұндайда Абайдың «ерінбей  еңбек  еткеннің  тіленбей қарны  тояды» деген­ге  саятын  ұлық  сөзі  еске  түседі.

БЕСБАРМАҚТЫҢ   ЖАЙМАСЫ  ХИТ

Дайын нәрсеге етіміз үйреніп бара жатыр. Қазір кез келген нәрсенің оңай шешімі бар. Әсіресе қыз-келіншектердің жұмыстарына жақсы жағдай жасалып келе жатыр. Алда-жалда аяқ астынан үйге қонақ келе қойса, қолдан пісірілген дайын өнімдерге тапсырыс берсең, демде есігіңді қағып әкеліп береді. Сол секілді  дайындалуына көп уақыт кететін пельмен, манты секілді тағамдарды да телефонға теріп жіберсең, мәселең шешілді дей бер. Жарты сағатта жартылай фабрикаттарды дайындап жей беруге болады. Қалада осындай жартылай фабрикатты өнімдерді шығаратын цех бар. Кәсіп иесі – Жансия Альсеитова. Жұмысын 2019  жылы  бастаған.

– Кішігірім кәсіпті үй жағдайында бастадық. Биыл цех жұмысын кеңейту мақсатында «Микро­бизнес Қызылорда» өңірлік инвестиция­лық орталығы» арқылы 2  пайыздық  несиелендіру бойынша 10  млн  теңге  қаржы  алдық.  Күніне  90-110 кг жартылай фабрикатталған өнім шығарамыз. Цехта 4 адам жұмыспен қамтылған. Қала­ның тең жартысын өніммен қамтамасыз етіп отырмыз. 29 тағамның түрі шығарылады. Оның ішінде лағман, пельмен, манты, самса, чебуре­ки, фаршталған бұрыш және ет тамақтың жаймасы бар. Жайма – ең көп өтетін өнім. Бір қораптағы жайма бір табақ етке толықтай жетіп жатыр. Біздің «хит» өніміміз – осы. Баға қымбат емес. Орташа бағаны қойып отырмыз. Алушылардан  бағаға қатысты реніш болған  емес, – деді  Жансия  Альсеитова.

Ұн мен етті қаладағы кәсіпкерлерден келісімшарт бойынша алып тұрады. Өнімдер­дің құрамында ешқандай химикат жоқ, таза. Жартылай фабрикаттар қорапшасынан ашылмаған күйде тұрса, оны 30 тәулікке дейін са­қт­ауға болады. Өнімдер жаңа дайындалған күйде өтіп   кетеді. Мұндағы қызметкердің орташа айлық  жалақысы – 70  мың  теңге.

– Алдағы уақытта кондитерлік өнімдерді жасауды қолға алғым келеді. Оны жаңа жылдан  бастаймын, – деді  Жансия  Альсеитова.

СҰЙЫҚ  ТРАВЕРТИН  СҰРАНЫСТА

Қызылордадағы құрылыстың қарқынын қазір ел-жұрт жақсы біледі. Мемлекеттік тұрғын үйлерден бөлек, жеке мақсаттағы құрылыстардан көз сүрінеді. Алайда, пандемияның салқыны құрылыс саласындағы құрал-жабдықтардың да қымбаттауына әкеліп соқты. Соған қарамастан халық құрылыс жұмыс­тарын тоқтатқан жоқ. Қалада құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорындар көп. Солар­дың бірі – «Абилов»  жеке кәсіпкерлігі. Директоры – Жасұлан Абилов. 2019 жылдан бастап сұйық травертин өндірісімен айналысуда. Ал биыл цехтың жұмысын кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызыл­орда» өңірлік инвес­тициялық орталығы» арқылы 2 пайыздық несиелендіру бойынша 10 млн теңге қаражат алды. «Енді жұмысты әрі қарай мақсатты түрде  жалғастырамыз»  дейді   ол.

– Өндірісті бастағанымызға екі жылдың көлеміндей болды. Біз қазіргі уақытта жылу пане­лін көп шығарып жатырмыз. Осыған сұраныс өте көп. Жеке сектордың тапсырыстарын жиі орындаймыз. Өйткені қазір барлығы десек те болады, үйдің сыртын осы жылу панелімен қаптайды. Бағасы қалтаға қонымды әрі үй де жылы болады. Содан соң сұйық травертин шығарамыз. Мұны өндіру технологиясын Қыр­ғызстаннан  үйреніп  келдік.  Цехта  6 адам жұмыс  істейді. Жаз мезгілінде жұмыс өте қауырт болады. Жұмысшылардың да айлық жалақысы мезгілге байланысты. Жаздың уақытында 150  мыңдай  алса, қазір 90 мың теңге көлемінде айлық  алады, – деді  Жасұлан  Абилов.

«Абилов»  ЖК құрылыс жабдықтарымен облыс көлемін қамтып отыр. Сұранысқа орай тұтынушыларға дер кезінде жеткізіліп тұрады. «Жұмысшылар міндетті түрде көрші қыр­ғыз елінен және алматы қаласынан тәжірибе жинақ­тап  келеді»  дейді  кәсіпкер.

Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген  отырысында:

– Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам  адам  мемлекет  қолдауынан  тыс  қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауы­мыз керек. Халыққа  берілетін  шағын  несие­лердің   ставкасы  6 пайыздан  аспауға  тиіс, –  деген  сөзі  бар  еді.

Осыдан-ақ мемлекет басшысының кәсіпкерлерге деген жанашыр­лығын айқын байқауға болады. «Кезі келсе кетпен шап» деген. Оның үстіне президенті қолдаған елдің кәсіпкерлігі де кең өріс алады деген  сенім  мол.

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: