Бүгін таңертең Сырдария ауданы, Бесарық ауылындағы құс фабрикасында өрт шыққан еді. Тілсіз жау бір сағат ішінде сөндірілді. Адам аман, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда, 4 мыңдай бөдене өртеніп кетті. Оқиға орнына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев барды. Жағдайды өз көзімен көрді. Фабрика иесі Мұрат Сәрсенбаевпен кездесті. Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады.
Ардақ Зебешев кәсіпкерге тиісті қолдау көрсетілетінін және фабрика жұмысшыларына жаңа жұмыс тауып беру мәселесі қарастырылатынын айтты.
– Құс фабрикасындағы өрт бізді қатты алаңдатты. Мұнда қаншама еңбек, қаржы жұмсалды. Өте өкінішті жағдай. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ. Дегенмен, материалдық шығындар бар. Бұл мәселе аймақ басшысының бақылауында болады. Кәсіпорынға тиісті қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті өрттің неден болғанын анықтайды, – деді Ардақ Темірханұлы.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!