Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлікті қолдау: қаржы бар, нәтиже қайда?

24.12.2025, 18:10 34

HALYQLINE.KZ

Бүгін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында кәсіпкерлікті қолдаудың тиімділігін депутаттар жан-жақты талқылады. Отырысқа Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Үкімет мүшелері және даму институттарының басшылары қатысты.

Мемлекеттік аудит есебі шағын және орта бизнеске арналған бағдарламалардың нақты әлеуметтік-экономикалық әсері төмен екенін көрсетті. Бюджет қаражаты көбіне формалды түрде жұмсалып, нақты нәтиже бермей отыр. Мәжіліс мінберінде сөз алған депутаттар осы мәселені ортақ ұстаным ретінде атап өтті.

2003-2015 жылдары қабылданған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталды. Ал 2012 жылы жарияланған «Қазақстан – 2050» стратегиясы ұлттық компания арқылы жаңа секторды дамытып, өңдеу саласын бәсекеге қабілетті етуге басымдық берді.

Бұл бастамалар ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздеді. Алайда қойылған мақсаттарға толық қол жеткіздік деп айту қиын.

2015-2024 жылдары 205 мың кәсіпкерлік субъект жабылды. Соның ішінде соңғы үш жылда 80 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын тоқтатты. 2024 жылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның 80 пайыздан астамы сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі саласында шоғырланған. Негізгі кедергі – мемлекеттік қолдаудың формалды сипаты, ақпараттың жеткіліксіздігі және бюрократиялық рәсімдердің көптігі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2019-2023 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген 3,4 трлн теңгенің нақты экономикалық тиімділігі бағаланбаған. Кәсіпкерлердің 66,5 пайызы қаржылай емес қолдау тетіктері туралы хабарсыз болса, тек 9,7 пайызы оның оң әсерін сезінген.

Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмысына қатысты жүйелі сын айтылды. 13 өңірде жүргізілген тексеріс 226 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылықты анықтады. Бірқатар облыста қаржылық есеп ашық емес, инвестициялық жоба тиімділігі төмен, тәуелсіз директор рөлі формалды, сыйақы негізсіз төленген. Соңғы төрт жылда 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінгенімен, кейбір ӘКК шығынға батты.

Инвестициялық жобаның ұзаққа созылуы, дивиденд төлеудің бақылаусыз қалуы және қаржылық тәуекелдің толық басқарылмауы мемлекеттік ресурстың тиімділігін төмендетіп отыр.

Мәжіліс депутаты Ернұр Бейсембаев нақты мысал келтірді:

«Тұрақтандыру қорына 61 млрд теңге бөлінгенімен, баға тұрақтанбады. Картоп бағасы үш есе, ет бағасы екі есе өсті. «Акжайык» ӘКК басқармасына 14 айлық сыйақы төленсе, «КазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5,4 млрд теңге несие алып, дивиденд ретінде 10 млрд теңге төлеген. Бұл – ақылға сыймайтын жағдай».

Дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 60-70 пайыз деңгейінде. Бұл көрсеткіш Жапонияда – 66,2 пайыз, АҚШ-та – 64,2 пайыз, Еуропалық одақта – 62,4 пайыз. Демек, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі күш – бизнес.

Соңғы 10 жылда бизнесті қолдау құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Дара кәсіпкер үлесі 71 пайыздан 69,7 пайызға төмендеді. Шағын кәсіпкер үлесі 14,1 пайыздан 17,5 пайызға өсті. Ал орта кәсіпкер үлесі небәрі 0,2 пайызға ғана өзгерді. Өнім шығару көлемі артқанымен, өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауыл шаруашылығында шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі төмендеді.

Қазіргі уақытта бизнес секторы 4,4 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Алайда жоғары жалақы төленетін тұрақты жұмыс орны әлі де жеткіліксіз.

Бірақ мұнымен Серік Мақашев келіспейді. Оның айтуынша, экономикадағы бизнестің үлесі 37 пайыздан 40 пайызға дейін өскен.

Бүгінде бизнесті дамытуға арналған қаржылық институттар жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, «Қазақстанның Даму Банкі» мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2019-2023 жылдары 325 жобаны 3,9 трлн теңгеге қаржыландырды. Қаражат негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия және құрылыс материалы саласына бағытталған.

Нәтижесінде 16,3 трлн теңге көлемінде өнім өндіріліп, экспортты ынталандыру әсері 8,8 трлн теңгеге бағаланды. Алайда қаржыландыру өңірлер арасында тең бөлінбеген. Астанаға – 39,9 пайыз, Шығыс Қазақстан облысына – 17 пайыз, Алматы қаласына – 13,3 пайыз тиесілі.

Мемлекеттік аудит пен Парламенттік бақылау экономика секторының осал тұсын ашық көрсетті. Ендігі мәселе – осы кемшіліктен нақты сабақ алу. Себебі бюджет қаражаты тиімді жұмсалмайынша, өңдеу өнеркәсібі дамымайынша және шикізатқа тәуелділік жойылмайынша, тұрақты экономикалық даму туралы айту қиын.

Бүгін Парламент мінберінде айтылған негізгі ой – осы!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

Астана қаласы.

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: