Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ер еңбегіне бір тойсын

11.11.2021, 11:00 710

Қала дамуына қарқын беріп тұрған бірден-бір сала – кәсіпкерлік. Мүмкіндігі мол болғанмен, жауапкершілігі де соғұрлым көп бұл саланың. Қалада қазір 26 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс істейді. Бірақ бұл цифр екінің бірі кәсіпкер бола алады деген сөз емес. Жаңағы айтқанымыздай, жауапкершілік жүгін көтеріп, соңына дейін бара алғандар ғана нәтижеге жетеді. Халқымызда «Жүйесін тауып жұмыс қыл, жерін тауып тыныс қыл» деген салмақты сөз бар. Кәсіптің көзін тауып, өзіне де, еліне де қатар қызмет жасап жүрген азаматтардың еңбегін ел алдында мерейін тасытып, көк иненің түбін түрте алмай жүргендерге үлгі ету – біздің парызымыз.

ИДЕЯЛАР   ІСКЕ   АСЫРЫЛҒАН   ЖЫЛ

Қазір қала бойынша 26772 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 22762-сі нақты жұмыс істеп тұр. Заңды тұлға ретінде – 4370, дара кәсіпкер болып 16871 және шаруа қожалық­тары  статусымен 1521  адам  тіркелген.  Облыс  бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 44,9%-ы Қызылор­да  қаласының үлесінде. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы  құны 13,5 млрд  теңге­ні  құрайтын  1417 жоба қолдау тапқан. Ал өткен жылдың  тиісті  кезеңінде жоба құны  2 млрд  255 млн теңгені құрайтын 532 жоба қолдау алған. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарының өз қаражаты есебінен 134,9 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылды. Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясын­да қалада 2021жылдың басынан бері  567,1 млн теңгені құрайтын 68 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылды. Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен құны 379,2 млн  теңге болатын 654 адамның жобасы қолдау тапты.

* 2020 жылдың  тиісті кезеңінде 139,2 млн теңгені құрайтын 41 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комис­сия  шешімімен  құны 148  млн  984 мың теңге болатын 273 адамның жобасы  қолдау  алды.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы біраз адамның кәсіпте жолын ашып берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жол­дауында аталмыш бағдарламаның мерзі­мін ұзартуды қолға алғандығын баяндады. Осыдан-ақ мемлекеттің кәсібінің көкжиегін кеңейтем дегендерге қол ұшын беруге даяр екендігін анық аңғаруға болады. Бағдарлама аясында бүгінгі таңда жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша биылғы жылы жалпы құны 144,3 млн теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болды. Ал «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы  аясында жоба құны 937 млн теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асты.

ӨНЕРКӘСІП  ӨРКЕН  ЖАЙДЫ

Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің экономикамыз үшін маңыздылығын  баса  айтып  кеткен  болатын.

– Экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт геогра­фиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғас­тыру керек. 2020 жылдың қорытындысы бойын­ша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 мил­лиард   долларға  жеткізу.  Ал,  еңбек  өнімділігін  30 пайызға  арттыру.  Әзірленіп  жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдын­да тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті  шешудің   оңтайлы  жолын табуға тиіс, – деді мемлекет  басшысы  Қ.Тоқаев.

Қала бойынша өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 350,3 млрд теңгеге орындалып отыр. Облыс бойынша өндірілген өнімнің 73,2%-ы – Қызылорда қаласының үлесінде. Өңдеуші өнеркәсіп саласында ағымдағы жылдың 9 айында 33,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100%-ды құрады. «Қазақстан Рес­публикасының индустриялық-инновация­лық дамыту» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығында Қызылорда қаласында өңірлік индус­трияландыру картасына енгі­зілген 2 жоба іске қосылды. Олар – «Хуа ю ин­тернационал» ЖШС-нің химия­лық реагенттер өндіру және «УАД» ЖШС-нің Асфальт­бетон зауы­ты жобасы. Бағдарламаның екінші бесжылдығында Қызылорда қала­сында өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген 3  жоба іске  қосылды. Оның ішінде  2 жоба тұрақты жұмыс істесе, 1 жоба қаржылық мәселеге байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан. Қызылорда қаласы бойын­ша «Индустрияландыру картасы» аясында жоба құны 73,8 млрд теңгені  құрайтын  14  жоба  жүзеге  асырылуда.

Бұдан бөлек, «Титов» тұрғын ауданы мекен­жайында  орналасқан  жалпы  көлемі  366 гектар индустриялық аймаққа 5,7 млрд теңгеге  қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілді. Индустриялық аймақтан жер көлемі  85,2  гектарды құрайтын 10 жер учаскесі  инвесторларға  табысталды.

БӨЛШЕК  САУДАДА  БОЛАШАҚ  БАР

Бөлшек саудада да өсім бар. Жалпы, бүгінгі таңда қала бойынша 2680 сауда объектілері жұмыс жүргізуде. Оның ішінде, әртүрлі бағыттағы өткізілетін тауарлар бойынша 12 сауда базары жұмыс істейді. Бүгінгі күні базарларды  жаңғырту  мен  заманауи  форматтағы  сауда алаңдарының санын ұлғайту мақсатында қаладағы «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол», «Гүлдана», «Бабас» базарларында қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңі­мен  жүргізілуде.

Қызылордаға келетін турис­тердің де саны артқан. Мәселен, былтыр 13880 адам келсе, биыл турист ретінде облыс орталығына келген туристер саны 26881 адамға жеткен. Қалада туристік қызмет­ті  10 турагент жүзеге асырады. Сырттан келуші қонақтарды тасымалдау қыз­метімен 33 бағытта үлкен және кіші сыйым­дылықтағы 400 автобус айна­лысады. Жазғы кезең­де  2 демалыс аймағы, 14 маусымдық демалыс орындары жұмыс істейді. Жыл көлемінде «Aray» спорттық-сауық­тыру кешені халыққа қызметін ұсынып отыр. Сонымен қатар, қала қонақ­тарының  назарына  ұсынылатын өңірімізде 79 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 4-еуі республикалық маңызды ескерткіштер болса, 34-і жергілікті маңызы бар ескерткіш және 41-і алдын ала есепке алынған ескерткіштер тізімінде. Қала аумағында туризм саласының дамуына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халыаралық автокөлік дәлізі бойындағы жол маңы сервистік қызмет көрсету кешен­дерін салу да оң ықпалын тигізуде. Бүгінде автокө­лік дәлізінің бойында 7 жоба іске қосы­лып, жаңадан  120  жұмыс  орны  ашылды.

Қазақ «Ер еңбегіне бір тойсын» дейді. Белі бүгіліп, білегі ауырып жұмыс істегеннің қашан­да наны да тәтті болары анық. Кәсіпкерлік саласындағы еселе еңбектер нәтижесі әзірге  осындай.

Ә.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: