Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егінге алғашқы орақ түсті

06.09.2021, 16:15 451

HALYQLINE.KZ

Қазалылық диқандардың ерте көктемнен еткен еңбектерінің, төккен терінің өтеуін безбенге салар сәті басталды. Бүгін облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтан батыр ауылындағы күріш алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.

Салтанатты шараға Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысып, дала перзенттерінің қуаныштарына ортақтасты.

«Сыр маржаны» ЖШС егістік алқабы басында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев биылғы жылғы егіннің жай-күйіне, астықты белгіленген мерзімде төкпей-шашпай жинап алудың маңыздылығына тоқталды.

Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған ел ағалары алғашқы егін орағының лентасын қиып, Ақтан батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуар Оқас бата берді. Рәсім соңы еңбек дүбіріне ұласты.

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17090 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 6587 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: