Қазір есік алдына шықсаңыз, екі аттам сайын дүкенді кезіктіресіз. Бірақ соның бәрінде ерсілі-қарсылы кіріп-шығып жатқан жұрт. Сығылысқан сөрелерде торттың да түр-түрін көресіз. Қарасаң көңілің тояттап, қаралай алғың кеп тұрады.
Әсілінде, біздің қазақ шайға жақын ғой. Оны осындай тәттімен ішкенді тіптен құп көреді. Қазір торттың құрамына салатын қоспалардың де неше түрі шыққан.

Қызылорда қаласының тұрғыны Гульфира Нұрсұлтанқызы қазіргі уақытта «Barakat_tattileri» кондитерлік дүкенін ашқан. Ол жеті жылдан бері түрлі тәтті дайындаумен айналысады. Осы кәсіпті қолға алудағы басты себеп – бала кезден тәттіге деген сүйіспеншіліктен пайда болған. Бүгінде ол сан түрлі тортты пісіріп, сауда нүктелеріне сатып келеді. Дәмі тіл үйірер тәттілерге деген сұраныс жоғары.
– Бұл кәсіп бала кезден арманым еді. Мектеп оқып жүрген кезімде қызығып әдемі шықса да, шықпаса да, үйде жасай беретін едім. Анам көп қолдау көрсетті. Негізгі мамандығым – мұғалім. Екі дипломым бар. Бірақ өзіме ұнаған кондитер саласына жолдасыммен бірге келдім. Алғашы жылдары есік алдындағы қосымша шағын үйде торттарды пісіріп, дүкендерге тарата бастадық. Бастапқыда бізге өте қызық болды. Кейін сұранысқа ие бола бастады. Қасыма көмекшілер алдым. Қазіргі күні 10 кондитер маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да маман алғымыз келіп отыр. Осы кәсіпті айналдырғаныма жеті жылға жуықтады. Торт алатын дүкендер саны көбейді. Осылайша кәсібімді кеңейттім. 2020 жылы «Ескі базар» маңайынан кондитерлік дүкен аштық. Халықтың ыстық ықыласы мен ризашылығы бізді шабыттандырды. Аллаға шүкір, кәсібіміз кеңейіп жатыр. Торттың түрлері, нан өнімдері, жартылай дайын өнімдерін пісіреміз. Қазіргі кезде той торттарына тапсырыстар өте көп. Дастарқанға қоятын тәттілер, ыстық бауырсақтарға да сұраныс жоғары. Мамандарымды жылына бір рет Алматы, Шымкент, Түркия елінен арнайы мамандар шақыртып, тәжірибе жетілдіріп, оқытып аламын, — дейді кәсіпкер Гульфира Шамаханова өз сөзінде.
Кәсіпкердің айтуынша, өнімді дайындауда ерекше ықылас таныту қажет. Шынайы көңілден пісірілген дәмнің де құнары айрықша сезіледі. Бір тортты дайындауға азғантай ғана уақыт жеткілікті. Мұндағы мамандардың барлығы – өз ісінің шеберлері. Еңбектің үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – халыққа жағымды сұраныс сапасына жауап бере алатын дүние болса болғаны. Ол мейлі киім, мейлі тағам болсын. Тек дұрыс ниет болғаны абзал.
Бүгінгі технология қарқынды дамыған заманда қоғамдағы түрлі сала да өз бетінше даму үстінде. Соның ішінде аса танымалдылыққа ие осы кондитерлік өнімдер болып отыр. Жақындарымызды қуанту мақсатында немесе туған күн кештерінде адамға ерекше әсер беретін тәтті тортты бәріміз де іздейміз.
Мерекелік дастарқанның сәнін келтіретін тәтті түрлі нан өнімдерін жеке кәсіпке айналдырып отырған жандар қатары қазір күн санап арта түсуде. Қай кезеңде болмасын сәннен қалмаған, сұранысқа ие тәттінің түрлерін жасау үлкен төзім мен ептілікті қажет етеді.

Кәсіпкер 2023 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанды. Көпбалалы ана – бүгінде бұл кәсіпті жан-жақты меңгерген майталман маман. Бұл цех торт пісіруге арналған барлық дерлік қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дайын болған өнімдер әрі қарай арнайы межелі мекенжайға жөнелтіледі.
Кәсіп бастаймын деген әр азаматқа елімізде түрлі бағдарлама қарастырылған. Өз жолын тауып, кәсіп көзін ашып, халық ризашылығына бөленіп отырған жандар да баршылық. «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді» дейді халық даналығында. Екі қолға бір күрек таппай, күні бойы телефонға телмірген жастарға осындай кәсіп түрлері үлгі-өнеге. Тек шынайы көңіл, алғаусыз ниет керек. Сонда ғана көңіл көмбеңдегі қалауыңды табасың. Абайша айтсақ, сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ





Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!