Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Даму» демеген жобалар

08.11.2022, 12:00 456

Облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттырып, аймақ экономикасының дамуына оң ықпалын тигізетін, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамыз етудің бірден-бір негізі – кәсіпкерлерді қолдау және оларға арналған жеңілдетілген бағдарламалар. Дәлірек айтсақ, кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиеге кепілдік беру бағдарламалары аясында қаржыландыратын «Даму» қоры бүгінгі күні бизнесі барларға қаражатты шартты әрі оңтайлы орналастырады. Аталған қор қазіргі таңда аймақтағы бірқатар кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалары арқылы 990 жобаға қолдау көрсетіп отыр. Осы тұрғыда, «Даму» қоры ұйымдастырған баспасөз турында қор қолдауының арқасында нәтижелі істің нәсібін көріп отырған бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысып келдік.

Құрылыс компанияларына көрсетілген қолдау

Аймағымызда көптеген кәсіпкер шағын бизнесін үлкейту немесе жаңа жобаның қанатын жаю үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдендірілген несие алып, кәсіп көзінің молаюы мен өңіріміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Баспасөз турында бірінші кәсіпкерлік нысанымызды құрылыс материалдарын өңдеп шығаратын зауыттан бастадық. Бұл – бұрыннан жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өз өңдеу кәсібін «Даму» қоры арқылы ұлғайтып, қол астына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған Жұмабек Садуақасовтың бетон бұйымдар өңдіретін зауыты. Зауыттың көлемін үлкейтіп, оған керек құрал-жабдықтарды алып, автотехникамен қамтамасыз ету үшін аталған қордан өткен жылы ғана несие алып, бүгінде кәсібін жандандырып үлгерген.

Өнім өтімділігі өсім бергеннен кейін, тұрғындар сапалы, жергілікті өнімдерді жиі пайдаланғаннан кейін зауытымызды үлкейту және керек құрал-жабдықтар сатып алу, өніміміздің санын көбеюту мақсатында 2021 жылы «Сбербанктен» «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша қолдау алдық. Өзіміздің өңірімізден шығатын құм, тас, цемент өнімдері арқылы бетон бұйымдары мен қабырға тастар өндіреміз. Күнделікті 1 мыңнан 3 мыңға дейін құрылыс материалдарын шығарамыз, – деді кәсіпкер.

Сондай-ақ, «6 пайыздық жеңілдетілген несиені төлеу қиындық туғызбайды» деген кәсіпкер «Даму» қорының қолдауының арқасында тапсырыс көлемі жеткілікті деп ризашылығын білдірді. Тұрақты жұмыспен 10 адамды қамтып отырған кәсіп иесі қызметкерлеріне барлық жағдайды жасап қойған. Осылайша, өз бизнесін толық автоматтандырған кәсіпкер әлі де зауытын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлік үшін елімізде мүмкіндіктер өте жақсы қарастырылған десек те болады. «Қарманған қарап қалмайды» демекші, осындай мүмкіндікті уақытында сауатты пайдаланып үлгерсе, бірінші өзінің игілігіне, одан кейін елінің, халықтың пайдасына жарайтыны сөзсіз. Аймақтың оң имиджін қалыптастыру бағытында өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіп иелері қор қолдауының тигізген септігімен ел экономикасының артуына зор ықпал жасап жатыр. Ерінбейік, өйткені «қимылдаған қыр асады» деген қазақта жақсы сөз бар.

Заманауи балабақша – бағдарлама баяны

Шағын және орта бизнес – қоғамның тұрақты дамуының негізі. Әсіресе, жекеменшіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуы елімізде артып, кәсіпкерлер көбейген сайын мемлекетіміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолы кәсіпкерліктің әртүрлі қырларын кеңінен қарастыру ғана емес, инновациялық тәсілдерді, дәстүрлі емес және озық технологияларды қолдану, жаңа өнімдер мен қызметтерді пайдалану болып табылады. Облыста осындай кәсіпкерліктің ұтымды тәсілдерін игеру мақсатында білім саласында жұмыс істейтін «BAUER group» ЖШС-нің 2020 жылы несие және өз қаражаты есебінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартына сәйкес салынған «Сыр перзенті» мектепке дейінгі білім беру орталығына барып, мекеме басшысы және қызметкерлерімен тілдестік.

Бүгінде «Сыр перзентінде» 2-5 жас аралығында 320 бала тәлім алып, бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Кең көлемде салынған білім мекемесінде балалар емін-еркін жүріп, кез келген үйірмеге қатыса алады. Сондай-ақ, балабақшада балаларды шахмат ойнауға бейімдеп, би, музыка үйірмелерінде шынықтырады. Балабақша іші балалардың ғана емес ересек адамдардың да қызығушылығын арттырып, тартымды бөлме мен түрлі-түсті боялған қабырғалар балабақша көркі мен атына лайықты жасалғандай.

 – «Басымдыққа ие жобаларды несиелендіру механизмі» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру құралдары бойынша «Даму» қоры қолдау көрсетті. Штатта 51 адам жұмыспен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, баланың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. 320 балаға арналған орынның барлығы толықтырылып, қазіргі таңда балабақша тыңғылықты жұмыс үстінде. Асхана, емхана кабинеттері кең, ата-аналардың көңілінен толықтай шығып отырмыз, – деді  балабақша құрылтайшысы Бауыржан Еркебаев.

Кондитерлік өндіріс көкжиегі

Тағы бір мемлекет қолдауы мен өз қаражатына салынған кәсібін ұштастырып жүрген кәсіп иесі – Алтынай Елеусізова. Ол кондитерлік салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, небір тәттілер түрін жасай алғандықтан оны бизнеске айналдырып, өңіріміздегі жастарды жұмыспен қамтып отыр. Кондитерлік дүкені мен цехын үлкейтіп, керек құрал-жабдықтарын алу үшін 2021 жылы кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша субсидиялау арқылы қолдау алған.  

Кондитерлік цех қызметкері Гүлмира Тоятованың айтуынша, берілген қордың қолдауы бойынша тәтті тағам түрлерінің санын арттырып, заманауи пісіретін пештер мен қажетті құрылғылар арқылы тапсырыс көлемі де жүйеленуде. Кәсіпкер өзінен бөлек тағы 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, бүгінде тіске басар тәтті бәліш, тоқаш, нан өнімдерінің түр-түрін пісіріп, аймақ тұрғындарының көңілінен шығуда. Олардың бағалары да тұрғындардың қалтасына қолайлы. 6 пайыздық жеңілдетілген несие барысын тұрақты түрде өтеп жатқан кондитерлік дүкен иесі «ендігі жоспарым – цех көлемін үлкейтіп, қала бойынша басқа да дүкендер ашу» дейді. Сондай-ақ, онлайн түрде тапсырысын жоғарылатып отырған кондитерлік өндіріс қызметкерлері жас мамандарды даярлау курсы арқылы да табыс көзіне айналдырып отыр екен.  

 «Шырақтың» шырайы

Келесі нысанымыз – тағы бір «Даму» қоры демеген жарқын жобалардың бірі «Шырақ» офтальмологиялық орталығы. Қызылорда облысындағы танымал клиникалардың бірегейі, орталық көздің көру қабілетін зерттеу бойынша қызметтің барлық түрін, көз жанарының рефракциясы, көздің алдыңғы бөлігіне биомикроскопия және тағы басқа қызметтер көрсетеді. Клиника қысқа мерзім ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. 2016 жылдан бастап 2 жобаға қатысты. Біріншісі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 14% үстемемен несие рәсімдеді және пайызды субсидиялау бағдарламасының көмегімен кәсіпкердің несие ауыртпалығы екі есеге төмендеді. Несие қаражатына клиникада қызмет түрін көбейтуге мүмкіндік берген көздің микрохирургиясына арналған ең соңғы үлгідегі жоғары технологиялық хирургиялық құрылғы сатып алынған. Сондай-ақ, клиниканың заманауи медициналық орталығының құрылысы жобасы да қолдау тауып, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдендіру көмегін алды. Мемлекет көмегі арқасында бизнесті дамыту бойынша өз жоспарын жүзеге асырды. Толықтай автоматтандырылған клиника бүгінде халыққа кеңес беруден бастап көз мүшесінің кемшілігіне дейін айтып, емдеп жазуға көмектеседі. Біз барғанда орталықта емделушілердің қарасы қалың болды. Қала тұрғындарының айтуынша, клиника жоғары санатта сапалы қызмет көрсететін аймақтағы жалғыз орталық екен. Білікті мамандардан құралған орталыққа олар да сенім білдіріп келетіні анық. Осының арқасында өз емделушілерінің сенімінен шығып, клиника аймақта үнемі үздіктер қатарынан көрінуде.

Қордың қарқынды қарекеті

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Жомарт Ермағанбеттің айтуынша, биыл төленген жалпы субсидия көлемі 1 млрд 881 млн теңгені құрайды.

 – «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын кредиттеу тетігі шеңберінде облыс кәсіпорындарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша қолдау көрсетілуде. Айталық, осы уақытқа дейін облыс кәсіпкерлерінің 4500-ден астам жобасының жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеден астам несиелерінің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. Сондай-ақ аймақ кәсіпкерлерінің жалпы сомасы 50,9 млрд теңгені құрайтын 3200-ден астам жобасына «Даму» қорының кепілдігі берілді, – дейді Ж.Ермағанбет.

«Даму» қоры қолдауымен кәсіп бастап, жемісін көріп отырған кәсіп иелерінің саны көп. Қордың мақсаты еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылса, бағыты арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады. Еліміздің 17 облысында ашылған «Даму» қорының ең тиімді тұсын бүгінде Сыр өнірі жақсы біледі. Бұл қолдау қашанда кәсіпкерлерге серпін беріп, келешек бизнес өкілдерін демейтіні айқын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: