Қазалы ауданында күн санап еңбек дүбірі қарқындап келеді. Егіс танаптарында аптап ауа райына қарамастан диқандар қауымы тыным табар емес. «Егінші жылда арманда». Төгілген тер, жұмсалған қаржының өтеуі мол өнім екені белгілі. Осы тұрғыда қазалылық ағайындар қолайлы сәтті қалт жібермеуге тырысып-бағуда.
Ағымдағы жылы Қазалы диқандары 781 гектар жерге ауданның климатына бейімделген «Сыр сұлуы» күріш сортын екті. Көпшілік қауымға аталмыш күріш туралы аз-кем дерек бере кетсек.
Күріштің осынау жергілікті сортының авторлары Қызылорда қаласындағы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары екен. Күріштің бұл түрі өңірдің климаттық жағдайына бейімделген. Вегетациялық мерзімі қысқа (105-110 күн), суды аз қажет ететінге ұқсайды.
Күріштің жаңа сортын ауданда «РЗА-Агро» ЖШС 235 гектар, «Сыр маржаны» ЖШС 500 гектар, «Ақмаржан» ШҚ 46 гектар жерге егіпті. Дақыл қазіргі таңда күтіп-бапталуда.
– Ауданда су тапшылығына байланысты егісті орналастыруды жоспарлау барысында әртараптандыруға аса мән берілді. Нәтижесінде суды аз тұтынатын малазықтық құнарлы дақылдар – сүрлемдік жүгері мен жоңышқа дақылының көлемі арттырылды. Сондай-ақ, биыл суармалы суды үнемдеу мақсатында Қазалы ауданында жаңбырлатқыш қондырғысын пайдалана отырып 87 гектар жерге жүгері егу жобасы өндіріске енгізілді. Алдағы жылдары жаңадан суармалы жерлер ашылып, осы технология бойынша 2300 гектар жерге егіс егу жоспарлануда, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев.
Еңбек рәтті болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!