Өзіміз қоныстанған Әйтеке би кентінің көшесін араласаңыз, небір еңселі ғимараттар мен көрікті үйлерді көріп, кеудеңізді қуаныш сезімі кернейді. Сүйсіне түсіп, уақыт көшінің көз ілеспес жылдамдықпен жылжып жатқанын іштей мойындайсыз.
«Еңбек етсең ерінбей…» деген қағида қашанда өзін дәлелдеп келеді. Әрі замана ағымына сай кәсіп түрлері де көбейіп жатқаны баршаға аян. Сондай кәсіптің бірі – полифасад өнімін дайындау. Аталуы құлаққа тосындау естілгенімен қысқа уақытта жұртшылық назарын өзіне аударып үлгерген осынау кәсіп түрі қазалылықтарға да таныс.
Полифасад бүгінгі таңда қасбетті өңдеу мен әрлеудің жоғары сапасындағы қымбат емес, тиімді түрлерінің бірі болып табылады. Аталған өнім жауын-шашынан және басқа да агрессивті климаттық жағдайлардан қорғайды.
Кент тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлзира Нұрлыбекова 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлердің мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Осылайша кәсібін бастауға қажетті қаражатқа (4,5 млн теңге) қол жеткізді.
Енді не істеу керек?! Кәсіпкер қарындасымыз отағасы Асқармен ақылдаса келе полифасад өнімін дайындауды жөн санаған.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Ниет-мақсаттары тоғысып, ынтымағы жарасқан ерлі-зайыптылар отбасылық бизнестерін бастап та кетті. Алғашқы қадамдары бөтен емес. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын ұлғайту ойда бар.
Кәсіпкер қазіргі кезде ауданымыздағы тұрғын үйлер мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі полифасад өнімін шығаруда. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында аталған өнімге тапсырыстар беруге мүмкіндіктеріңіз бар.
Берекені еңбектен тапқан Асқар мен Гүлзираның отбасында едел-жедел төрт ұл өсіп келеді. Кәсіп берекелі болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!