Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге Жуантөбе ауылдық округінде орналасқан «Берекелі» шаруа қожалығының жұмысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Аталған шаруашылық бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысып, ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды тиімді пайдалануда. Атап айтқанда, су ресурстарын үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісі енгізілген. Бұл тәсіл суды үнемдеумен қатар өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта барлық егіс алқабында көктемгі дала жұмыстарына әзірлік қарқынды жүргізілуде.

2026 жылға аудан бойынша жалпы 31 213 гектар жерге егін орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде күріш 10600 га, күздік бидай 1300 га, жаздық бидай 323 га, тары 200 га, дән жүгері 2000 га, мақсары 1000 га, күнбағыс 10 га, соя 70га , жаңа жоңышқа 2870 га, ескі жоңышқа 7630 га, мал жемдік асқабақ 120 га, жемдік жүгері 60 га, сондай-ақ, картоп 235 га, көкөнiс 2250 га және 2545 гектар бақша дақылдары егу жоспарлануда.
Айта кету керек, ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Жеке тұрғындар есебінен тамшылатып суару әдісі арқылы 3 100 гектар жерге көкөніс және бау-бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Сонымен қатар, «Таң ЛТД» ЖШС 1 000 гектар және тұқым шаруашылығы 1 000 гектар жерге дән жүгері дақылын тамшылатып суару тәсілімен егуді көздеп отыр.
Жалпы, аудан бойынша аграрлық саланы дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және өнім көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!