Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды, оған бизнестің, қауымдастықтардың, қоғамдық және салалық бірлестіктердің 150-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының, өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтандыру ұйымының өкілдері, Астана кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестерінің және өңдеу және фармацевтика, медицина өнеркәсібі комитеттерінің, «Атамекен» ҰКП, «Alageum Electric» компаниялар тобының, «Petro mining» қауымдастығының мүшелері және басқалар бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесі теңгерімді болуы тиіс екенін атап көрсетті. Бұл нақты нұсқау болды. Ол бизнес пен мемлекеттің мүдделерін ескеруі керек. Бүгін біз басты мәселелердің бірін талқылау үшін жиналдық, бұл қосылған құн салығына қатысты. Біз өңірлерде Экономика, Қаржы министрліктерінің, «Атамекен» палатасының өкілдері қатысатын көптеген кездесу өткіземіз. Жұмыс үлкен және жан-жақты. Біздің мекен-жайымызға келіп түскен барлық ұсыныстар тыңдалады. Біз бірыңғай ұстанымды қалыптастырамыз, өйткені Салық кодексі өте қарапайым, түсінікті, нақты болуы тиіс», деп атап өтті Мәди Такиев.
Қосылған құн салығы – бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.
Сондай-ақ кездесуде жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бойынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4% мөлшерлемесі (мәслихаттардың 50%-ға төмендету мүмкіндігімен) сақталады.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмектеседі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!