Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ASSYEL» бренді – ұлттық сәннің заманауи бейнесі

18.09.2025, 9:20 371

Киім – бұл жай ғана мата емес, ол адамның мінезін, болмысын және өмірлік ұстанымын көрсететін өнер түрі. Осы ойды ұстанып, қолындағы мүмкіндікті кәсіпке айнал­дырған жандардың бірі – тігінші-­кәсіпкер Асел Елешова.  Иә, біз бүгін қолы мен ойынан жарасымды үйлесіммен өрілген, заманауи  сән  мен  ұлттық нақышты шебер тоғыстыра білген, өзіндік қазақы бренд  қалыптастырып, ел мен өңір дамуына сүбелі  үлес  қосып жүрген тігін шебері жайлы  сөз  қозғамақпыз.

Асел Базарбекқызы – «ASSYEL» заманауи қазақша киімдер тігін шеберханасының құрылтайшысы. Өз кәсібін 2019 жылы шағын ғана тігін ательесінен бастаған. Қазіргі уақытта қаламыздың сәнді, қазақи әрі заманауи киім үлгілерін тігіп, сатылымға шығаратын үздік шеберханалардың біре­гейіне  айналып  отыр.

Сонымен, тігін шеберінің бұл жолға қалай келгенін қаузайық. Ол бұл кәсіпке бала күнінен жақын болғанын айтады. Түрлі сала­да еңбек етіп жүрсе де, тігін тігуге деген қызығушылығын ешқашан тастаған емес. Оның айтуынша, тігін өнері – тыныс алудың  бір  түрі, ойды жинақтаудың, сұлулықты  өмірге  әкелудің  жолы.

— Иә, бастапқы табысты тігін саласында қызмет көрсетуден таптым. 2019 жылы шағын тігін шеберханасы болып ашылып, үш ғана тігін машинасымен басталған жұмы­сымыз 2023 жылы кеңейіп, мемлекеттен қолдау алып, әйелдерге арналған қазақи киім тігуге бағытталды. Ал 2025 жылдан бастап, сұранысқа қарай ерлерге арналған қазақы пальто, шапан моделін де қалыптастырдым. Алдағы уақытта тағы да киім үлгілерін қосу жоспарда  бар, — деді  Асел  Елешова.

2023-2024 жылдары аралығында Асел Базар­бекқызы өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл қаражат шеберхананың материалдық-техникалық базасын  жаңартуға, жұмыс орнын кеңейтуге және брендтің танымалдылығын арттыруға  сеп  болды.

Кәсіпкердің айтуынша, қазақы киімге деген  сұраныс бүгінде тек салтанатты жиындармен шектелмейді. Халық күнде­лікті өмірде де ұлттық нақыштағы сәнді әрі ыңғайлы киімдерге қызығушылық таны­туда.

— Бұрын қазақы киімді тек той-мерекеде киетін болса, қазір күнделікті өмірге бейімделген үлгілерге сұраныс артты. Бұл тенденция нарықтағы бағаның тұрақтануына да әсер етті. Дегенмен, тек шебер ойластырылған, мағынасы терең идеялар ғана өтімді болатыны  анық, — дейді Асел  Елешова.

Тігін шебері киім тігуден бұрын қолданылатын ою-өрнектерді зерттеп, әрқайсысының мағынасын терең түсінуге ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, оюдың түрі көп болғанымен, әрқайсысы өз орнымен қолданылуы  тиіс.

— Киім мен жиһазға, көрпе-төсекке салына­тын оюлар бір-бірінен ерекшеленеді. Мен көбіне этно стильдегі оюлар мен еліміздегі петроглифтерден алынған символдарды қолданамын. Бұл – ұлттық кодты сақтау мен жаңа ұрпаққа жеткізудің бір жолы, — дейді  шебер.

Асел Елешова – тігіншілік арқылы ұлттық  болмысты  жаңғыртқан кәсіби кәсіпкер. Оның әрбір туындысы – қазақ халқының мәдениеті мен рухын дәріптейтін сән үлгісі. «ASSYEL» бренді бүгінде тек киім тігу­мен ғана емес, ұлттық құндылықтарды заманауи қоғаммен байланыстырушы көпірге  айналып  отыр.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: