Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдық кәсіпкерлер көмегін аямайды

16.04.2020, 12:35 485

HALYQLINE.KZ –| Тұтас әлемді үрей құшағына алған коронавирус инфекциясы бүгінде біздің еліміздің де басына төнді. Бұл жағдай халыққа оңай соқпағаны айтпаса да белгілі. Дегенмен, осындай күрделі кезеңде мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шараларынан бөлек, жаны жомарт ел азаматтары тұрмысы төмен тұрғындарға қамқорлық көрсетуді қолға алып, індетпен күресте өзінше үлесін қосып келеді. Соның ішінде, Арал ауданының белді кәсіпкерлері індетпен күреске бағытталған шараларға барынша қолдау танытуда. Бұдан өзге аудан азаматтары да мұқтаж жандарға көмек беруге аянып қалмайтынын көрсетуде.

Әсіресе еріктілердің қимылы ерекше. Осыған қарап қайырымдылық атты қасиетті ұғым ұмытылмайтынын, қандай да болса қиындықты жеңетінін байқаймыз. Енді солардың бірқатарына назар аударып көрелік.

Үнемі игі істердің басынан табылатын кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев жеке қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтып, аудан жұртын қауіпті індеттен қорғау мақсатында 5000 дана бетперде үлестіруді қолға алды. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қадірберген Бедер, халықтың алғысына бөленіп жүрген аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ақыл Сәдуақасова мен жеке кәсіпкер Қуанышбай Ердіқалықов көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау мақсатында қаржылай көмек көрсетті.

Бұдан бөлек, кәсіпкер Төребек Игіліков тұрмысы төмен отбасыларын балық шабақтарымен қамтамасыз етсе, еліміздегі «Coca-Cola» компаниясының аудандағы өкілі Нұрсұлтан Ақмұрзаев аудан аумағындағы барлық блок бекетте күндіз-түні тынбай, қауіпсіздік шараларын сақтауға үлес қосып отырған жауапты қызметкерлерге 40 блок сусын үлестірді.

Сонымен қатар, аудан еріктілері мен бірқатар кәсіпкерлер бекет басындағы азаматтарды қолдап, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Бұл ізгі шаралар ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жалғасып, ауыл кәсіпкерлері мен еріктілері мұқтаж отбасыларды осындай қиын сәтте демеу мақсатында азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде. Дәл қазіргі жағдайда, яғни, коронавирус індетінің таралуына байланысты тұрғындар арасында жеке қорғаныс құралдарына да сұраныс артқаны белгілі. Осы орайда, індеттің алдын алуға және бетперде тапшылығын болдырмауда ауданымыздың тігін шеберханалары мен білім беру ұйымдары ерекше белсенділік танытты. Атап айтсақ, елімізде төтенше жағдай жарияланған бойда ауданымыздағы жеке кәсіпкер Индира Жұмашева мен Фатима Сәрсенбаевалар игі шараны қолға алып, тігін шеберханаларында тігілген бетперделерді көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін таратты. Сондай-ақ, аталған игілікті бастаманы ауданымыздың еріктілері мен №14, 13, 83, 220, 262, 71 мектеп ұжымы, Арал индустриалды-техникалық колледждері жалғастырып, қолдан бетперде тігіп, аудан тұрғындарына үлестірді. Халықтың төзімі мен елдің бірлігін сынға алған індетпен аралдықтар осылайша күресіп, күш біріктіруде. Жаны жайсаң, жақсылыққа жаны құмар жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: