Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Айдарлы ауылына барып, егін және құс шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын бақшалық дақылдарды егуге мүмкіндік жасалуда. Биыл да ауданда жер көлемі ұлғайып, тұрғындар бақша дақылдарын егуде. Бұл жұмыстарда жастар белсенді. Олардың қатарында Айдарлы ауылының жастар бригадасы бар.
Алдымен, аудан басшысы айдарлылық жастар бригадасымен кездесті. Бүгінде жастар елді мекенге берілген «СНП-500/10» насосын пайдаланып, «Қызылтам» шаруа қожалығы жанынан 20 гектар жер ашып, бақша дақылдарын егуде.Аудан әкімі жастарға тек ерінбей еңбек ету арқылы ырыс-несібе артатынын атап, қолдау көрсетіле берілетінін айтты.
Жалпы, ауданда жылдан-жылға бақша дақылдарын егуге жастардың құлшыныстары артып, олардың қатары әрбір елді мекенде көбеюде.
Мұнан соң «Ерасыл» шаруа қожалығына барып, егінжайын көрді. Қожалық биыл өз қаражаты есебінен 4 гектар жерге тары егуді қайта жаңғыртуда. Айта кету керек, бұрындары Айдарлының сөк және талқан өнімдері жоғары сұранысқа ие болып, елді мекеннің бренді болған. Осыған байланысты шаруалар тары егуді біраз жылдан соң қайта қолға алуда. Одан бөлек, шаруа қожалық 5 гектарға бақша дақылдарын және 10 гектар жерге жоңышқа егуде. Аудан басшысы алдағы уақытта мемлекет қолдауы арқылы егіс көлемін кеңейтуге болатынын, сол арқылы жергілікті халық жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Елді мекендегі «Жан-Арай» шаруашылығы «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» несиелеу бағдарламасы арқылы 90 млн теңге несие алып, құс шаруашылығымен айналысуда. Қазіргі таңда мұнда 1500 бас қаз бар. 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Берік Әбдіғаппарұлы елді мекенде кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, әртараптандыру бағытында жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!