Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Агро-Өркеннің» аршынды адымы

28.05.2020, 17:40 1619

HALYQLINE.KZ  Қазекеңнің сәлемдесуді «мал-жаның аман ба?!» деп бастайтынын бәріміз де жақсы білеміз. Мұны дүниеқоңыздық емес, ұлтымыздың төрт түлікпен біте қайнасқан тіршілігінің, дала төсінен адал еңбекпен нәпақасын айырған маңдай терінің өтеуі деп ұғынған абзал.

Қазалы – ауыл шаруашылығына ежелден бейімделген өңір. Сан ғасыр бұрын басталған шаруақор дағды қазір де ырғағынан жаңылған жоқ. Кешегі азуын айға білеген, жарты әлемді билеген Кеңес кезеңінде аталмыш сала тіпті, қарқынмен дамыды. Сол тұста ауданда Ленин, өзге де көптеген ордень-медальдың иегері Шынтас Жалғасбаев басшылық жасаған қаракөл қойын өсіретін Қазақстанның 40 жылдығы атындағы (қазіргі таңда Жанқожа батыр атындағы ауыл) кеңшардың атағы алып мемлекетке кеңінен мәлім еді. Күріш егумен айналысатын көршілес ХХІІ партсъезд (Ақтан батыр ауылы) атындағы, басқа да кеңшарлардың егіс алқабындағы теңіздей толқыған алтын астық баршаға аңыздай тарады. Төгілген тер текке кетсін бе?! Атақты шопандар Шоқым Ырғызбаев, Жәрмедет Ысқақов, өзге де көптеген еңбек майталмандары абырой шыңына шықса, күрішші Әбуша Дінисламов Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызын жарқырата кеудесіне тақты. Айтпақшы, Қазалы тіпті, Сыр өлкесіндегі көзі тірі соңғы Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев атамыз қазіргі таңда Лақалы ауылында ғұмыр кешуде. Сондай-ақ, Ажаркүл Алдажарова мен Түлкібай Мұханов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Өткен күнге көз салғанда Оңалбай Қалдыбаевқа тоқталмау мүмкін емес. Осынау сом тұлғалы көкеміздің кезінде «КАМАЗ» автокөлігіне бірнеше тіркеме (автопоезд) жегіп, іргелі кеңшардың күллі астығын бір өзі тасығанын көзкөргендер әлі ұмытқан жоқ.

Еңбекті қастерлеу, маңдай терін төгіп жүріп адал нан табу – дала перзенттерінің қанына сіңген дағды. Аға буынның сол ізгі үрдісін кейінгі толқын жалғастырса, онан асқан қуаныш болар ма?! Біз бүгінгі әңгімемізге арқау қылған «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленіп ғана қоймай, қаншама тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың отбасыларының нәпақа табуын қамтамасыз етіп жүрген ұжым.

«Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сырдарияның арғы жағалауындағы Қожабақы ауылының аумағында орналасқан. Серіктестіктің атқарушы директоры Нұркен Әлиев болса, бас директор және құрылтайшысы Медеу Есхожаев – көпшілікке есімі жақсы танымал кәсіпкер азамат. Есхожаевтар әулеті – өсіп-өнген, іскерлікпен қатар имандылық, қарапайымдылық, адамгершілік қасиеттері атаның қаны, ананың сүтімен бойларына терең дарыған кішіпейіл жандар.

Бүгінгі таңда «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Көктемнің әр күні – жылға азық» қағидасымен шаруа қамын күйттеген диқандар алқапта күнұзағына білек сыбана еңбек етеді. Серіктестік құрылтайшысы Медеу Бердібайұлынан науқан кезінде мұнда 80 адамға дейін жұмыс істейтінін білгенбіз. Жалақыға ешқандай қарызы жоқ. Серіктестік мүшелерін тілге тартқанымызда, басшылары туралы тек жылы пікір естідік. Кезінде бірнеше мәрте сыйақыға көлік те бергенін айтқанда, ішіміз жылыды. Олай болмағанда ше?! Кейбір шаруашылықтарда жалақының өзі кешеуілдетіп берілетінін естіп жүрміз. Ал сыйақыға көлік беру… қарапайым еңбек адамына деген зор ілтипат екені хақ.

Медеу Бердібайұлының айтуынша, биыл серіктестіктегі барлық техникаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Көктемнің ерте шығуына байланысты биылғы егіс жұмыстары да жылдағыдан ерте басталған. 2019 жылы егілген бидай мен жоңышқадан серіктестік өзі тұқым дайындап, 200 гектар жерге бидай, 312 гектар жерге жоңышқа егіпті. Сондай-ақ, «Мағжан и К» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, сапалы сұрыпталып дайындалған «Элита» тұқымынан 10 тонна, 1 репродукциялық «Янтарь» тұқымынан 190 тонна алыныпты. Топырақты тыңайту мақсатында Ресейден әкелінген «Аммофос», Өзбекстан Республикасынан жеткізілген сапалы «Карбамид Б» тыңайтқышы толық тасталған. Ағымдағы жылы «UKAZ Group» ЖШС-мен жасалған келісімшартқа сәйкес гербицидтер мен пестицидтер алынып, кезең-кезеңімен пайдаланып себілуде. Бұл деректер менің ойыма оңтүстік өңірден келген бір ірі шаруашылық басшысының «Агро-Өркеннің» жайқалған егіс алқабын көргенде, Медеуге «Ақ соры бұрқырап жатқан жерге қорықпай дән тастап, жоғары өнім жинаған саған қатты қайран қаламын. Өз басым мұндай көзссіз тәуекелге бармаған болар едім» деп таңдай қаққанын есіме түсірді. Иә, Қазалының ақ күріші Медеу Есхожаев сияқты абзал азаматтардың зор тәуекелі, алқапта ала жаздай тыным таппай  еңбек ететін ұжым мүшелерінің төгілген телегей терімен құралатынын ұмытпаған абзал.

Биыл «Агро-Өркеннің» көктемгі дала жұмыстары сәуір айының аяқ шенінде байырғы диқан, үздік сушы Айтбай Махмұтовтың егіс алқабынан дән себуден басталды. Рәсім еңбек ардагері Бердібай Есқожаев ақсақал мен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мұса Әлиев ағамыздың жылы лебізін тыңдап, батасын алумен басталды. Ел ағаларының ақ тілегі текке кетпеді. Егін егу мамырдың 21-жұлдызында сәтті аяқталып, межеленген 700 гектар жерге басты дақыл күріш тасталды.

– Көктемгі дала жұмыстарында «Агро-Өркен» ЖШС-нің агрономы Шайық Кеңес, сушы-гидротехник Рахат Еділбай, егіс бригадирі Жәми Мейрамбек, инженер-механик Ізтілеу Жеткер, механизаторлар Жеңіс Қошқарбаев, Арыстан Келмағанбетов, өзге де азаматтар тындырымды істерімен көзге түсті. Әсіресе, барша жұмыстың тиімді жүзеге асуына серіктестіктің атқарушы директоры Нұркен Әлиевтің қосқан үлесі зор, – дейді Медеу Бердібайұлы.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Ел арасында «Агро-Өркен» ЖШС туралы оң лебіз жиі айтылады. Сырт көздің сыншы екені тағы рас.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: