HALYQLINE.KZ Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта аймақтың бас қаласында жүйелі жұмыстар істелуде.
Саланың өзекті мәселелері қала әкімі Асылбек Шаменовтың жіті назарында. Шаһар басшысы ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныстарға байланысты нақты шараларды жүзеге асыруда. Осы бастама аясында жыл басынан бері 100-ге жуық кәсіп бастауға ниетті, кәсібін дамытуды көздеген азаматтар қабылдауға келіп, олардың түрлі мәселелері тыңдалды.Кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдаудағы негізгі мақсат – олардың қызметіндегі кедергілерді азайту. Жалпы, жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтар қашан да қолдауға, көмекке мұқтаж келеді. Себебі, заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы толықтырулар секілді үдерістерді әрдайым назарда ұстау қиынға соғатыны белгілі.
Шағын және орта бизнес үшін де салықты қайда, қалай төлеймін, субсидия алу үшін қандай құжаттарды толтыру керек, жеңілдетілген несие қандай жағдайда беріледі деген секілді кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алу маңызды. Сондықтан, кәсіпті жаңа бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде. Сондай бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бүгінгі таңда, аталған бағдарламаға қатысуға ниетті қызылордалықтар бизнес-жоспарларын әзірлеп, құжаттарын рәсімдеуде. Несие беру маусым айына жоспарланып отыр.
Бүгінгі қабылдауға келген кәсіпті жаңадан бастаушы азаматтар бизнес жоспар әзірлеу, мемлекеттік грант алуға үміткер болу, кәсібін кеңейтуді мақсат еткендер қосымша қолдау, жер телімі, ғимаратты жалға алу, әкімшілік кедергілерді жою бойынша сауалдарына жауап алды.Қала басшысының кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдауы ай сайын жалғасын тауып, кәсіпкерлердің талап-тілегі ескеріліп, аймақтың бас шаһарының дамуына жол ашатын тың, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі.
Айта кетсек, мемлекет тарапынан жыл басынан бері қала бойынша 2 млрд. теңгені құрайтын 199 жоба қолдау алып, 219 жұмыс жаңа орындары құрылды. Ал, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 386 бірлікке артты. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесте өндірілген өнім көлемі 471 млрд. теңгені құрады.
«Ауыл аманаты» жобасы жайлы мәлімет
Биыл Қызылорда облысында 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға беріледі.
Қаржыландыру бағыттары:
1. Өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы);
2. Өсімдік шаруашылығын дамыту;
3. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау;
4. Мал шаруашылығын дамыту;
5. Басқа бағыттағы бизнес жобалар. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі.
Микрокредиттің ең жоғары сомасы жеке кәсіпкерлер үшін – 2,5 мың АЕК-ке (8,6 млн. теңге) дейін, кооперацияны дамыту үшін – 8,0 мың АЕК (27,6 млн. теңге) дейінгі соманы құрайды.
Жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады:
- Несие алушыны жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс;
2. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы;
3. Мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы;
4. Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету;
5. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы;
6. Құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру;
7. Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!