Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлік: Қайтарымсыз грант – қайтымды нәтиже

11.08.2022, 17:02 967

«Халық» газетінің бұған дейінгі сандарына бизнес бағытындағы қолдаулар мен грант беру, кәсіпкерлердің мәселелерін шешу сынды тақырыптарда қалам тербеп үлгердік. Өйткені облыс көлемінде қайтарымсыз грант беру маусымында кәсіп бастаушылар мен шаруа шеңберін ұлғайтатындарға құлаққағыс қылдық. Осы саланың айналасын қазған жандар үшін мемлекет кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру құралына 5,2 млрд теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік гранттар беруге 4,8 млрд теңге қаржы қарастырып отыр. Тақырыпты тарқатып баяндайық.  

Мемлекеттік гранттар екі бағыт бойынша беріледі. Алғашқысы, облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына, ал екінші 5 млн теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын қаржыландырып, қолдауға беріледі.

Енді жаңа бизнес-идеялар үшін 5 млн  теңгеге дейін берілетін гранттарға тоқталсақ.

  • Биылғы жылы бұл бағытқа облыста 120 млн теңге қаржы қаралған. Оның 70 млн теңгесі кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына бағытталатын болады. Сонымен қатар, жалпы бөлінген қаражаттың 20 пайызы (24 млн теңге) халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарға берілетін болады. Жалпы, жаңашыл бизнес-идея деп – бұрын қолданыста болмаған материалдарды, технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастаманы айтады, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев.

Ол үшін ережемен экономиканың басым секторларының тізбесі бекітілген.Оған агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдарының, метал өнімдерінің, өңдеу өнеркәсібінің өндірістері мен қызмет көрсетудің кейбірсалалары енгізіліпті.  Осы тізбеге сәйкес кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған шағын кәсіпкерлер өздерінің бизнес-идеяларымен конкурсқа қатыса алады. Бұл ретте жобаны іске асыру үшін грант сомасының кемінде 10 пайыз көлемінде бірлесіп қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы міндетті шарт болып табылады.

Бизнес-идеяның жаңашылдығы, грант сомасының кемінде 10 пайыз көлемінде бірлесіп қаржыландыруы халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарынан талап етілмейді.Осал топтағы азаматтардың тізімі«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабымен айқындалған (мүгедектер, атақ берілген көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, қандастар, ұлы отан соғысының ардагарлері, оған теңестірілген азаматтар, т.б.).

Жалпы грант қаражатынегізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға, кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алуға, зерттеу жұмыстарымен, жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстарға пайдалынылады. Десек те, грант қаражатын мынадай нәрселерге жұмсауға болмайды. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды), жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын (ірілі-уақты қара малды, құсты, бал арасын, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы жануарларын) сатып алуға тыйым салынған.

Мемлекеттік гранттар – салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша, кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі барларға, сондай-ақ бұрын соңды конкурсқа қатысып, грант қаржысын алғандарға берілмейді.

Бұл талаптар Үкіметтің қаулысымен қабылданған арнайы Қағидамен бекітілген. Осы Қағидаға сәйкес 1 тамыздан бастап конкурстық іріктеуге құжат қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттар 19 тамызды қоса алғанға дейінгі мерзімде qoldau.kz платформасы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалпы, жобаларға грант қаражаттары – конкурстық іріктеу нәтижесімен берілетіні белгілі. Осыған орай, жаңа бағытта кәсібін іске қосуға бет бұрған, жаңашыл өндірістерді іске қосуды көздейтін өңір кәсіпкерлері осы мүмкіндіктер мінберінде жетістікке жетсе аймақ үшін мақтаныш!

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: