HALYQLINE.KZ «Қызылордада тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісіне арналған шағын индустриалды аймақ құруды қолға алмақпыз».
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Палата басшысы шағын және орта бизнестің қызметіне жасалған талдау, сондай-ақ кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер барысында аймақта шағын индустриялық аймақтарға деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетті деп отыр.
Мұндай индустриалды аймақтар «Атамекеннің» бастамасымен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында құрылып, жұмыс істеуде екен.
«Жүргізілген зерттеулер жергілікті тауарөндірушілердің арасында шағын индустриалды аймақ құруға болатын 3 әлеуетті саланы анықтады. Бұл – ішкі нарықта сұранысқа ие тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісі. Өнімнің осы түрлерін өндіруге қатысатын біздің өңіріміздегі кәсіпкерлер одан әрі дамыту үшін жеткілікті тәжірибе жинақтады. Алғашы уақытта шағын индустриалды аймақты тігін өндірісі бойынша құруға болады. Ақпарат үшін облыста қазір 56 тігін цехы жұмыс істеуде», – дейді Палата директоры.
Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, тігін өндірісін таңдауының да себебі бар. Шағын индустриалды аймақ құру арқылы аталмыш сала негізінде жаңадан жұмыс орындарын көптеп ашуға болады.
«Бұл ұсынысымызды қала әкімдігі қолдап отыр. Қала басшылығымен бірге облыс орталығындағы бос ғимараттарды аралап көрдік. Қазір әкімдік өкілдері аталмыш ғимараттарды индустриалды аймаққа айналдыру үшін қажетті қаржы көлемін есептеуде. Жақын күндері облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс беретін болады», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Палата директоры аталмыш ұсынысты аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға кеңейтілген мәжілісте айтқанын, бастама қолдауға ие болып, тиісті сала басшыларына тапсырма берілгенін жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!