Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір жер телімі кәсіпкердің бас ауруына айналды

08.02.2026, 16:36 37

Орда порталының жазуынша, Астанадан солтүстікке қарай орналасқан Жібек жолы ауылындағы бір жер телімі кәсіпкер Интизара Мехтиева үшін бірнеше жылға созылған даулы процестер мен соттасулардың өзегіне айналған. Өз кәсібін ашып, ауыл шаруашылығы бағытында шағын жоба іске асыруды жоспарлаған кәсіпкер бүгінге дейін жерді заңды түрде рәсімдей алмай келеді.

Интизара Мехтиева бұған дейін ірі ауыл шаруашылығы серіктестігінде жұмыс істеп, кейін жеке кәсібін бастауға бел буған. Ол карлик ешкілерін өсіріп, шағын контактті зоопарк ашуды көздеген. Осы мақсатта 2023 жылдың шілде айында Аршалы ауданы әкімдігіне 24,55 гектар жер телімін беру жөнінде өтініш жолдаған. Тамыз айында жер комиссиясы оның өтінішін мақұлдап, кәсіпкерге жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге рұқсат берілген.

Алайда бұл шешім көп ұзамай өзгертілген. Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі жер комиссиясының шешімі күшін жойды деп танып, құжаттарды кері қайтарған. Кәсіпкер бұл әрекетке келіспей, бірнеше рет түсіндірме сұрағанымен, нақты әрі толық жауап ала алмағанын айтады. Осыдан кейін ол сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Сот процесі барысында әкімдік кәсіпкерге өтінішті қайта тапсыруды ұсынған. Жер комиссиясы тағы да оң шешім шығарғанымен, бұл жолы учаскенің Есіл өзенінің маңында орналасқаны алға тартылып, су қорғау аймағына қатысты шектеулер енгізілген. Бассейндік инспекция жер шекарасын өзеннен алыстатуды талап етіп, нәтижесінде телім көлемі 9,4 гектарға дейін қысқарып, үш бөлікке бөлінген.

Кәсіпкер қайта-қайта түзетілген құжаттарды тапсырғанымен, әр жолы жаңа талаптар қойылып отырған. Бірде көршілес жер иелерінің келісімі жоқ делінсе, енді бірде құжаттар кеш тапсырылды деген уәж айтылған. Интизара Мехтиева бұл талаптардың кейбірі заңнамада күшін жойған нормаларға негізделгенін алға тартып, мұны жасанды кедергі деп бағалайды.

Әкімдік болса, өз жауабында аталған аумақтың бас жоспарға сәйкес рекреациялық аймаққа жататынын, яғни шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз екенін мәлімдеген. Сонымен қатар жердің бастапқыда берілуі заң талаптарына сай болмағанын және болашақта бұл аумақта басқа инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуы мүмкін екенін көрсеткен.

Бүгінде кәсіпкердің әкімдікке қарсы бірнеше сот талқылауы жалғасып жатыр. Интизара Мехтиева өзінің жерді заңды түрде алу құқығын соңына дейін қорғауға ниетті екенін айтып отыр. Оның сөзінше, бұл жағдай тек бір адамның мәселесі емес, елдегі кәсіпкерлер жиі бетпе-бет келетін жүйелі проблеманың көрінісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: