Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті

11.02.2020, 14:17 666

Облыс әкімі Қ.Ысқақов бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Жиынға жас кәсіпкерлер, осы саладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдар, бірлестіктер, қаржы ұйымдарының басшылары қатысты.

2018 жылдан бастап өңірде ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуын, жұмыссыздықтың азаюын, салық базасының құрылуын, жергілікті бюджеттің нығаюын қамтамасыз ету мақсатында Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы жарияланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізу міндеті қойылған.

Аймақ басшысы өңірдің ірі кәсіпорындарында шығарылатын өнім көлемін ұлғайтып, сол арқылы ілеспе өндіріс орындарын құру қажеттігін айтты.

– Күріш өсіру зауыты аясында күріш лапшасы, күріш ұны, күріш майы, күріш сабанынан қап шығаратын ілеспе кәсіпорындар ашылуы тиіс. Өзіміздің елімізден экспортталатын күріш өнімдері қайта өңделіп, бірнеше есе бағада өзімізге импортталады. Бұдан бөлек, өңірімізде асыл тұқымды мал өсіріп, шұжық және сүт өнімдерін өндіріп, еліміздің ішкі нарығынан айтарлықтай орын алған кәсіпорындар жетерлік. Бірақ, бұл шаруашылық аясында жүн, тері өндірістері мүлдем дамымаған. Елімізде қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап полиэтилен өнімдері қолданыстан шығарылмақ. Осыған сәйкес, полиэтилен өнімін алмастыратын өндімдері шығаратын өндіріс көзін дамыту қажет, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Жиында өңірдің кәсіпкерлік саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша кәсіпкерлер ұсыныс-пікірлерін айтты. Сонымен қатар, спикерлер жеңіл өнеркәсіп, білім беру, медицина, цифрландыру, сауда және туризм салаларындағы проблемалар туралы баяндады.

Облыс әкімі Қ.Ысқақов өңірде кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық бергеннен кейін, қай жағынан болмасын өзге өңірлермен салыстырғанда алдыңғы қатарда болуға қажет екендігін және ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдайлар жасалынып отырғандығын айтты.

– Біздің басты міндетіміз – бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау. Тисінше кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар әрқашан жалғасын тауып, жылдан-жылға күшейетін болады. Біз әрдайым бірлескен нәтижелі жұмыстар мен өзіміздің тарапымыздан кәсіпкерліктің дамуына қатысты мәселелерді шешуге, қолдау көрсетуге, қандай да бір идеяларыңыз болса оларды талқылауға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: