Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зерттеу: Қытай Шыңжаңда «геноцид жасауын» доғармады

10.03.2021, 14:50 474

HALYQLINE.KZ Қытай үкіметі БҰҰ-ның геноцидті ескерту және жазалау туралы конвенция шарттарын бұзып, ұйғырларға геноцидтік саясат жүргізуін доғармай отыр.

Вашингтонда шоғырланған Стратегия және саясат жөніндегі Newlines институтының 8 наурызда жарияланған зерттеуінде Қытай билігінің Шыңжаңдағы саясатына осылай баға берілген. Аталған зерттеу ұйымы Пекиннің мұсылман топтарға әрекетіне тәуелсіз сараптама жасап, бұл саясат геноцидқа қарсы конвенцияның әрбір бабына қайшы деген қорытынды жасайды.

Қытай бұған дейін де Шыңжаңның батысында 1 млн-нан астам ұйғыр мен өзге де түркі тілді этникалық топтарды концентрациялық лагерьлерге қамағаны үшін айыпталып, сыналған. Пекин қамау орталықтарын экстремизм және терроризмге қарсы шара және кәсіпке баулитын орталық деп атаған.

Қаңтар айында қорытынды құжаттарының бірінде Дональд Трамп әкімшілігі Қытай Шыңжаңда «адамзатқа қарсы геноцид және қылмыс жасап жатыр» деп мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Нед Прайс 9 наурызда президент Джо Байденнің жаңа әкімшілігі бұл жөнінде өзінің пікір-көзқарасын өзгертетіндей ешқандай негіз таппады деп мәлімдеді.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған геноцидке қарсы конвенцияға Қытай да қол қойған. Құжат геноцид ұғымына анықтама беріп, оны “ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарды тұтас немесе олардың бір бөлігін құртуды көздейтін” әрекет деп сипаттаған. Жоғарыда айтылған зерттеуге сәйкес, геноцид ұғымы бұл әрекеттермен ғана шектелмейді, оған сонымен бірге қырып-жою, жаппай лагерьлерге қамау, тууды шектеу және оның алдын алу, балаларды күшпен тасымалдау да кіреді.

Бұған дейін Шыңжаңдағы лагерьлер ауқымының кеңейгені, аймақта «негізсіз қамалғандардың артуы» жайлы зерттеулер жарияланған.

Дереккөзі: centralasian.org

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: