Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украинаны ауыр шайқастар күтіп тұр

02.03.2022, 8:50 496

HALYQLINE.KZ

Ресейдің көршілес бауырына аяусыз соққы жасап, соғыс ашқанына жетінші күн болды. Жағдайды ақырындап бағамдап көрсек.

Украина үшін дәп қазір екі бағытта жағдай ауыр. Ол шығыс және оңтүстік. Бірқатар қалалар қоршауда қалды, ал кей аудан орталықтары жау қолына өтті. Ел шығысындағы Харьковте ауыр шайқастар өтіп жатыр. Ресей әскері кешелі бері қаланы зымырандармен атқылауда. Қаза тапқан бейбіт тұрғындар жетерлік. Бұған дейін Харьковке бір мәрте Ресейдің жаяу әскері бронды көліктермен кірген еді, алайда жартысы қырылып, жартысы қолға түсті. Сондықтан екінші мәрте ондай қадамға Ресей бармайтын сияқты. Алдымен қаланы атқылап, әскерилерді әбден титықтатып алуды жоспарлап қойғандай.

Елдің оңтүстігіндегі Херсон қаласы да жау қоршауында. Херсонның шеткері аудандарына басқыншы әскері кіріп үлгерді. Қазір қаланың кей тұсында ұрыс болып жатыр.

Қоршауда қалған қалаларға резерв жеткізу қиын болып тұр. Себебі тікұшақ арқылы жеткізуге талпынса, Ресей әуе күштері мен ПВО жүйелері тікұшақтарды құлатып тастайды. Сондықтан қоршауда қалған қалалардың өз күшіне сенуге тура келеді.

Бірақ жағымды жаңалық та жоқ емес. Соңғы үш күнде қолға түскен Ресей әскерінің саны күрт артты. Олардың моральдық және физикалық тұрғыдан шаршағандары көрініп-ақ тұр. Көздерінде «не үшін соғысып жүрміз» деген сұрақ бар. Оның жауабын өздері де білмейді.

Жау қолына өткен қалалардың халқы жаппай қала орталықтарына келіп, наразылықтар өткізіп жатыр. Олар ашық қарсылық білдіріп, «кетіңдер» деп ұрандауда.

Ресей әскері енді тікелей ұрысқа әскер тастамай, зымыран және әуе күштерімен атқылап жатыр. Басты мақсаты – халық арасында үрей тудыру, ал әскердің қарсыласу қабілетін азайту. Дегенмен ол кері реакция тудыруы мүмкін.

Беларусь шекарасында әскер топтасуы жалғасуда. Жаяу әскер және техника саны Украинамен шекаралас аймаққа келуде. Жақында Ресей тарапынан келісілген негізде Беларусь жеріне зымыранмен соққы жасалуы мүмкін. Солайша Минск «біздің жерімізге қауіп төнді, біз қорғануға тиіспіз» деп Украинаға басып кіруі ықтимал. Бұл шаршап-шалдыққан Ресей әскеріне көмек болады және Киевке шабуылға тың күштер келеді. Киевтің Беларусь шекарасына жақын екенін ескерсек, бұл – болуы мүмкін сценарий.

Киев қорғанысты күшейтуде. Әскермен қатар, қала халқы да қарсыласуға дайын. Қалаға жаңа қару-жарақ та жеткізілді. Бүгін тағы да қосымша «Стингер», «Джавелиндер» келді. Батыстық сарапшылар қаланы алу үшін Ресей мен Беларусь (оның ішіне Қадыров жасақтары да бар) бірлескен 50-60 мың әскер тастауы мүмкін екенін айтады.

Киевте екінші жоспар болуы мүмкін. Ол Киев құлаған сәтте, биліктің Львовқа кетуі. Бұған дейін Львов ауыр шабуылға ұшырамады. Қазір Львовтың қорғанысы күшейтілді. Киев басқыншы қолына өтсе, дұрыс бағыт сол болатын шығар.

Ресей билігі мыңдаған адамды қырып тастап, енді тоқтамайтыны анық. Олар өз мақсаттарына өзінің барлық әскерін қырып тастаса да жетуге ұмтылады. Сондықтан Украинаны ауыр шайқастар күтіп тұр. Украина да 2014 жылғы Украина еместігін көрсетті. Бес күнде мыңдаған басқыншы әскерін жайратып салды. Қанша мыңы жарақат алып, қаншасы қолға түскені белгісіз. Қираған техника қисапсыз. Егер Киев «соғыс соңғы жауынгер құлағанша» принципіне басса, онда Мәскеуді титықтатып тастайды. Дей тұра ондай бола қоймас. Өйткені Киев билігі адамды құнсыз санайтын Ресей билігі емес қой.

Бір ғана дүние анық. Ресей физикалық тұрғыдан жеңсе де жеңілді, ал Киевтің жеңілісінің өзі жеңіс болмақ. Түсінген адамға.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: