АҚШ-тың Вашингтон штатында табысы жоғары азаматтарға арналған жаңа салық енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Бұл бастама штат бюджетінің бірнеше миллиард долларлық тапшылығын жабуға бағытталған. Жаңа тәртіпке сәйкес, жеке тұлғалар мен ерлі-зайыптылардың жылдық табысы 1 миллион доллардан асқан жағдайда, артық бөлігіне 9,9 пайыз көлемінде салық салынады. Заң шығарушылар осы тетік арқылы бюджетке қосымша кіріс түсіруді көздеп отыр.
Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл салықтан түсетін қаржы тек бюджет тапшылығын азайтуға емес, сондай-ақ жұмыс істейтін отбасылар мен шағын бизнес иелері үшін баспананың қолжетімділігін арттыруға арналған бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заң 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, ал нақты салық төлемдері 2029 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша, бұл өзгеріс штаттағы шамамен 21 мың тұрғынға әсер етуі мүмкін. Құжат енді губернатор Боб Фергюсонның қарауына жолданды. Ол бұл бастаманы қолдап отыр.
Дегенмен бастамаға қарсы пікір айтушылар да бар. Сыншылар мұндай салық жоғары табысы бар азаматтардың басқа штаттарға көшуіне түрткі болуы мүмкін екенін алға тартуда. Сондай-ақ, мұның Вашингтондағы технологиялық секторға теріс ықпал етуі ықтимал екені айтылуда. Салық қорының аға ғылыми қызметкері Джаред Уолчак тым жоғары салық жүктемесі штат экономикасына елеулі салмақ салуы мүмкін деген пікір білдірген.
Коллаж: ChatGPT/Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!