Осыдан 3 күн бұрын Түркия халқы қайғылы оқиғамен оянды. Түркия уақытымен таңғы 4:17-де Кахраманмараш провинциясы Пазарджык қаласында 7,7 балдық жер сілкінісі болып, мыңдаған адам қаза тауып, қаншасы жарақаттанған болатын. Мұнан бөлек, Елбистан қаласында сағат 13:24-те болған 7,6 баллдық жер сілкінісі қаншама адамды ажал құштырып, мыңдаған отбасы қара жамылды. Осыған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған Твиттер парақшасында: «Елімізде 2023 жылдың 6 ақпанында болған жер сілкінісіне байланысты жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Туымыз 2023 жылдың 12 ақпаны, жексенбі күні, барлық елімізде және шетелдік өкілдіктерде күн батқанға дейін жартылай тік көтеріледі», – деп жазған болатын.
Екі қатты дүмпуден зардап шеккендердің саны минут сайын көбейіп келеді. Осының салдарынан жұртшылық үреймен таң атырып, күн батыруда. Жер сілкінісі тек екі қалада ғана емес, Хатай, Газиантеп, Адьяман, Малатия, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Османие, Килис және Элазыгте де қатты сезілді.
Қалың қардың әсерінен аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде қиындықтар болғанымен, Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу халықаралық көмекті қоса алғанда төртінші деңгейлі дабылдың берілгенін жариялады.
Ішкі істер министрлігіне қарасты Апат және төтенше жағдайлар басқармасының (АТЖБ) басшысы Юнус Сезер 10 провинцияда болған 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісінен алғашқы екі күнде 2921 адамның қаза тапқанын хабарлады.
АТЖБ мәлімдемесіне қарағанда, 2 күн ішінде жер сілкінісі болған аймақтарға 360 көлік пен 3361 құрылыс техникасы жөнелтіліп, персонал мен көлік жөнелтілімдері түні бойы жалғасты. Облысқа психоәлеуметтік қолдау көрсетуге 4 жылжымалы қызмет көрсету орталығы, 1322 жеке құрам мен 100 автокөлік жіберілген.
Түрік Қызыл жарты ай және үкіметтік емес ұйымдар жер сілкінісі болған аймақтардағы азаматтарға көже, ыстық тамақ, азық-түлік, тәттілер мен азық-түлік пакеттерін таратуды бастады. Жер сілкінісі болған өңірлерге 300 мың көрпе, 41 мың 504 отбасылық шатыр, 101 мың 738 жастық жайма, 4 мың 602 ас үй жиынтығы, 3 мың 761 жылытқыш, 4 мың 452 жылытуға арналған түтік басы, 557 контейнер, 747 112 шаршы метр шатыр жіберілген.
Ақпарат «TURKIYE»
газетінің сайтынан алынды.
Түрік тілінен түпнұсқадан тәржімалаған
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Бет қатталып жатқанда:
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі 7 ақпан күні таңертең Қазақстан құтқарушылары Түркия мемлекетіндегі жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Алматы қаласының әуежайынан ұшырылғанын мәлімдеді.
«Қазақстан құтқарушылары Түркияның Газиантеп қаласына барады. Құтқарушылар арасында кинологиялық бөлімше мен дәрігерлер бар», – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.
Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 6 мыңға жуықтаған. Мұны Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының басшысы Юнус Сезарға сілтеп, Түркияның Anadolu ақпарат агенттігі хабарлады. Бұл ақпаратқа қарағанда, жер сілкінісінен 35 мыңға жуық адам жараланған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы төтенше жағдайлар бойынша аға қызметкері Кэтрин Смоллвудтің хабарына қарағанда, Түркияда жер сілкінісінен қайтыс болғандар қазіргі мәліметтердегіден сегіз есе көбеюі мүмкін.
Түркия президенті Р.Ердоғанның айтуынша, бүгінге дейін Түркияға әлемнің 45 елі көмектесуге уәде берген. Оның ішінде АҚШ та бар. Ақ үйдің хабарына қарағанда, АҚШ Түркияға әрқайсысында 79 құтқарушысы бар екі топ жіберген. Ресей мен Украина да көмек ұсынған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!