Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 16 мыңнан асты. 64 мыңнан астамы жараланған. Осылай деп ел президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.
Көрші Сирияда үш мыңнан астам адам қайтыс болған. БҰҰ мәліметінше, бұл сан бес мыңнан асуы мүмкін. Себебі Сирияның ресми билігі қаза тапқандар туралы мәлімет беріп жатқан жоқ.
Түркия парламенті елдің он аймағына үш айға төтенше жағдай жариялау туралы президенттің жарлығын мақұлдады.
Түркияға зілзаладан келген шығын төрт млрд доллардан асуы мүмкін.
Түркияның оңтүстік-шығысындағы Адыяман қаласында жеті қабатты қонақүйдің астында қалған екі балалар волейбол командасының өкілдері іздестіріліп жатыр. Олар Солтүстік Кипрден келген. Бәрі 39 адам болған. Әзірге тек екі ұстазы мен бір баланың денесі табылған.
Сирияға жолдар мен логистиканың нашарлығынан гуманитарлық көмек жіберу қиынға соғып жатыр. 9 ақпанда ғана алты жүк көлігі жіберілген. Құтқарушылардың айтуынша, мұнда кемінде 1900 адам қаза тапқан. Әлі қираған үйінді астында қалған адамдар көп.
Сирия президенті Башар Асад маңындағы адамдардың айтуынша, елге салынған санкциялар жағдайды қиындатып жатыр. Гуманитарлық көмек те Сирияның солтүстік-батыс аймағын бақылап отырған оппозицияның келісімінсіз өте алмайды.
6 ақпанға қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік-батысында магнитудасы 7,8 балл болатын жойқын жер сілкінісі болды.
Мыңдаған адам баспанасыз қалды. 12 мыңнан астам құтқарушы мен 9 мыңнан астам әскери қираған үйінді астында қалған адамдарды іздеп жатыр.
70 елден гуманитарлық көмек жіберілді. БҰҰ екі елге көмек ретінде 25 млн доллар бөлді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!