Бұл туралы The Wall Street Journal мен The New York Times басылымдары ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио америкалық конгрессмендермен өткен жабық жиында бұл мәселе әскери басып кіруді көздемейтінін айтқан. Ақ үй Гренландияны күшпен емес, сатып алу арқылы иелену нұсқасын қарастырып отыр деген мәлімет бар.
Бұл ұстаным соңғы кездері айтылған қатаң мәлімдемелермен салыстырғанда біршама жұмсарған қадам ретінде бағалануда. Бұған дейін Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Гренландия мәселесіне қатысты:
«Президент пен оның командасы бұл маңызды сыртқы саяси мақсатқа жету үшін түрлі мүмкіндіктерді талқылап жатыр. Ал АҚШ қарулы күштерін қолдану – жоғарғы бас қолбасшы үшін әрдайым қарастырылатын нұсқалардың бірі»,
– деп мәлімдеген болатын.
Ал Трамптың өзі әзірге нақты жоспарларын ашық айтудан бас тартып отыр. Ол 4 қаңтарда:
«Гренландия туралы 20 күннен кейін сөйлесейік»,
– деген қысқа жауаппен шектелген.
Еуропада бұл мәселе алаңдаушылық туғызып отыр. АҚШ-тың күш қолдануы мүмкін деген қауіпке байланысты бірқатар еуропалық мемлекет басшылары, соның ішінде Германия канцлері Фридрих Мерц, Данияға қолдау білдірген бірлескен мәлімдеме жариялады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!