Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таулы Қарабақ республикасы 2024 жылдан бастап жойылады

28.09.2023, 14:35 258

HALYQLINE.KZ

Әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының басшысы Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика жойылатыны туралы жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, осы уақытқа дейін «мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың бәрі таратылып, Таулы Қарабақ республикасының (Арцах) өзі де жойылады».

Таулы Қарабақ тұрғындарына аймақта қалу-қалмау мәселесін шешу үшін «Әзербайжанның реинтеграция шарттарымен танысып шығуға» кеңес берілді. Армян үкіметінің 28 қыркүйекте таңертең таратқан мәліметіне қарағанда, 65 мыңнан астам адам, яғни мойындалмаған республика халқының жартысына жуығы өңірден кетуге мәжбүр болды.

Жарлықта Таулы Қарабақ республикасын жою туралы шешім «күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты, халық өмірін сақтап қалу мақсатында» қабылданғаны айтылған.

Өткен аптада Әзербайжанның әскери операциясы нәтижесінде Таулы Қарабақ билігі Баку шарттарына көнді. Армения президенті Никол Пашинян босқындарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Арменияның өзінде бір аптадан бері армян билігінің Әзербайжан шарттарына келісуіне қарсы наразылық акциялары жүріп жатыр.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: