Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таяу Шығыс неліктен соғыстан арылмайды?

21.12.2023, 11:40 862

Газа секторындағы   қақтығыстың басталғанына бір айдан асты. Ал Палестина мен Израиль бір-бірімен арпалысып келе жатқалы он жылдың жүзі болды. Содырлар Ислам мемлекеттерінің билігін тартып алып, өз саясатын жүргізіп жүр. Біршама Араб елі революциядан арыла алар емес, қарапайым халық бітпейтін өзгерістердің зардабын тартып отыр. Бұған дейін ғылым мен мәдениеттің ошағы саналған, 20-ғасырдың соңғы ширегінде Батыс Еуропа мемлекеттерінен кем өмір сүрмеген Таяу Шығыстың бұндай халге түсуіне не түрткі болды? Не себепті мұсылман мемлекеттері қақтығыстан көз ашпайды? Зерттеп көрейік.

ИСЛАМ. ШЕЙІТТЕР  мен СҮННИТТЕР  КЕЛІСПЕУШІЛІГІ

Шейіттер мен сүнниттер арасындағы қақ­тығыс ғасырлар бойы жалғасып келеді. Сауд Арабиясы мен Иран діннің қай жолының ақиқат  екендігіне келісе алмай, екеуара алысып жүргелі біраз жылдың жүзі болды. Иран­дықтар йемендік лаңкестерге қаржылай көмектесіп, Саудиттерге сес көрсетіп әлек. Иран билігі сүнниттерден  қорқып, оларды  бас­ты  жауы  санайды.

Сондай-ақ, радикалды исламистер Таяу Шығыстағы тәртіпсіздікке себепкер болып отыр. Олар өздерімен келіспегендердің көзін құртып, халықты түбегейлі фанатистік теократияға айналдырды. Исламисттер мемлекетке білгенін істеп, дінді жамылып, қарапайым халы­қты  жазықсыз  қыруын  тоқтатар  емес.

ИЗРАИЛЬ. ПАЛЕСТИНА – СОҒЫС  БАСТАУДЫҢ  БІР  СЕБЕБІ

Израильдықтарды арабтар ешқашан жақын тартқан емес. Бұл – бәрімізге белгілі дүние. Араб мемлекеттерінің көп бөлігі Израильді арабтардың жерін күшпен тартып алған кало­нист ретінде ғана көреді. Таяу Шығыстың Израильмен текетіресіне Осман империясы тарағаннан кейінгі жерді бөлісе алмауы да себеп. Дегенмен, дәл қазір дамыған Араб мемлекетте­рі үшін Израиль – бастапқы қауіп емес, керісінше саяси-экономикалық жолдас. Израиль тек қана радикалды исламистерге ғана мәселе туындатып отыр. Тағы айта кететін жайт, көбі ойлағандай ХАМАС Палестинаның құрамына жатпайды. Газа секторы – сол жерде өмір сүретін палестиналықтарға берілген жер. Бұл жерді Израиль мемлекеті халықаралық қауым­дастықтың талабын орындап, Палес­тинамен тығыз қарым-қатынас жасау үшін бергені белгілі. Ал сайлауда жеңіске жеткен ХАМАС  Газа  секторын  бейшара халге түсірді.

БАТЫС. ҚАРА  АЛТЫН

Ұлыбритания, Франция, АҚШ секілді батыс мемлекеттері арабтардың мұнайына зәру. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ Иракқа мұнай үшін басып кіргені белгілі. Мұнай – Араб елдерінің қолындағы құнды байлық. Геологтардың мәлімдеуінше, әлемдегі бүкіл мұнай қорының жартысынан көбі Таяу Шығыс мемлекеттерінде жайғасқан. Тіпті кей әйгілі компаниялар мен билік өкілдерінің өз мүддесі үшін діни алауыздық төңкерістерді қаржыландыратыны  таңғаларлық  дүние  емес.

Мұнайға бай кез келген мемлекет басшысы өзін биік санап, ішкі арсеналына сеніп, білгенін жасайтыны анық. Ирак Хусейннің кезінде «тарихи әділдікті» қайтарғысы келді де, Кувейтке басып кірді. Кувейт – бейбіт саясат ұстанатын мемлекет. Ал оның көршісі Бахрейн аймақтағы сепаратистерге қаржылай көмек қолын созады да, өзін Араб әлемінің көшбасшысы сезінеді. Осы және өзге де факторлар Таяу Шығыстың әлеуметтік-экономикалық құлдырауына ықпал етіп, іштегі алауыздыққа себепкер  болып  отыр.

Бұл – аймақта көрініс тауып жатқан мәселелердің тек бір бөлігі. Атап өткен мәселелерден тыс, қарапайым халық мемлекеттегі демократияның жетіспеушілігі мен тоталитаризмнің зардабын тартып отыр. Сондай-ақ, Сирия, Иран, Ирак секілді мемлекеттерде қару-жарақ тасымалы, оны сату сынды жайттар ерекше қарқын алған, тіпті «норма» саналады. Күн райының қолайсыздығы экологиялық проблема туындатып, бір топтың екінші топты қанауына әкеліп соғуда. Әлемдік діндер қатарында даму жөнінен өзге діндерге дес бермей келе жатқан, асыл, адамгершілік пен ізгіліктің болмысы есептелетін Ислам діні көп шоғырланған мекенде бұндай жағдайлардың қарқын алып, лаңкестердің діннің имиджін теріс жағынан көрсетіп жатқаны өкінішті жағдай. Осы және өзге де факторлар батыс әлемінің Ислам дініне деген көзқарасын түбегейлі өзгертетіні даусыз.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: