«Кавказ барометрі 2024» зерттеуі аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы Грузияда адамдардың 69 пайызы Ресейді өз еліне дұшпан санайтынын анықтады.
Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді: 2021 жылғы осындай зерттеу сауалнамасына жауап бергендердің 66 пайызы Ресейді басты жау көрсе, 2019 жылы – 49 пайыз, 2017 жылы – 40 пайыз, 2012 жылы – 35 пайыз болған.
Биылғы сауалнамада респонденттердің 4 пайызы Грузияның басты жауы деп АҚШ-ты, 2 пайызы Түркияны атаған.
Сауалнамаға қатысқан грузиндердің 24 пайызы АҚШ Грузияның басты досы деп санайды. Одан кейінгі орында Әзербайжан – 8 және Украина – 7 пайыз, ары қарай Түркия, Германия мен Армения тұр. Сауалнама сұрақтарына жауап берген адамдардың 2 пайызы Ресейді Грузияның досы деп есептейді. Бұған қоса, сауалнамаға қатысқандардың ширек бөлігінен астамы (26 пайызы) Грузияға ешбір ел дос емесіне сенімді.
Биылғы сауалнама бүкіл Грузия бойынша (өзін-өзі жариялап алған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны қоспағанда) 16 сәуірден 13 мамырға дейінгі аралықта бетпе-бет сұхбат әдісімен жүргізіліп, барлығы 1509 адам қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалнамаға қатысқандар арасында Самцхе-Джавахетиде тұратын армяндар және негізінен әзербайжан ұлтының өкілдері мекендейтін Квемо Картли тұрғындары да бар. Сауалнама грузин, армян және әзербайжан тілдерінде жүргізілген.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!