Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы не себепті Қытайға Қазақстаннан қой еті мүлде экспортталмағанын түсіндірді.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2018 жылы еліміздің 9 облысынан Қытайға қой етін экспорттау туралы келісім жасалған болатын. Алайда бұған дейінгі АШМ мәліметінде 2024 жылы Қазақстан қой етін тек Өзбекстан, БАӘ, Иран елдеріне шығарғаны жайлы жазылған. Осыған байланысты Kazinform агенттігі министрлікке ресми сауал жолдап, Қытаймен арада не жағдай болғанын анықтады.
“2024 жылы Қытайға қой етінің жеткізілмеу себебі: 2023 жылы Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы (БКБ) республикада қой шешегі ауруының тіркелуіне байланысты Қазақстаннан мұздатылған қой етін әкелуге шектеулер енгізді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шектеулерді алып тастауға ұмтылып, ҚХР БКБ-ға шектеулерді алып тастау бойынша өтінішпен ресми хат жіберді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство осы мәселеге қатыс жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.
“Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ҚХР-ға сапарының қорытындысы бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның қызметінің шеңберінде мәселелерді жедел шешуге және талқылаулар жүргізуге бағытталған екі отырыс өтті. Жұмыс тобының отырыстарында шектеулерді алып тастауға қатысты мәселелер қаралып, қой және ешкі шешегі бойынша сауалнама сұралды. Сауалнама бойынша қазақстандық тарап барлық қажетті ақпаратты береді. Шектеулерді алып тастау Қытай тарапының қолданыстағы нормативтік құжаттарына сәйкес тәуекелдерді бағалауынан кейін мүмкін болады”,- делінген жауапта.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!