Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Путиннің Батысқа ескертуі. Ресей ядролық соғысқа дайын

15.03.2024, 8:50 512

HALYQLINE.KZ

Сәрсенбі күні Президент Владимир Путин Батысқа Ресейдің ядролық соғысқа техникалық дайын екенін және АҚШ Украинаға әскер жіберетін болса, бұл жағдай соғыстың айтарлықтай өршігенін білдіретінін ескертті.

15-17 наурызда өтетін сайлауға санаулы күн қалғанда сөйлеген сөзінде Путин ядролық соғыс сценарийі «асығыс еместігін» және Украинада ядролық қаруды қолданудың қажеттігі жоқтығын атап да өтті.

«Әскери-техникалық тұрғыдан алғанда, біз, әрине, дайынбыз», – деді 71 жастағы Путин «Россия-1» телеарнасы мен РИА «Новости» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Путиннің айтуынша, АҚШ Ресей аумағына немесе Украинада америкалық әскерлерді орналастыратын болса, Ресей бұл әрекетті интервенция ретінде қабылдамақ.

«(АҚШ-та) ресей-америка қатынастары мен стратегиялық тежеу салалары бойынша мамандар жеткілікті. Сондықтан, бұл жерде бәрі оған (ядролық конфронтацияға) асығып жатыр деп ойламаймын, бірақ біз дайынбыз», – дейді Путин.

Украинадағы соғыс 1962 жылғы Кариб дағдарысынан бері Ресей-Батыс қатынастарында ең терең дағдарысты туындатты және Путин Украинаға Батыс әскер жіберетін болса, бұның ядролық соғысқа ұрындыруы мүмкін екенін осыған дейін де бірнеше рет ескертті.

Ол 2022 жылдың ақпанында Украинаға ондаған мың жауынгер жіберіп, Донбасста украин күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы сегіз жылға созылған қарулы қақтығыстарды кең ауқымды соғысқа ұластырды.

Батыстық лидерлер Ресейді Украинада жеңуге уәде берді, бірақ соғыс басталғалы екі жыл өтсе де, Ресей армиясы Украина аумағының бестен бір бөлігін әлі басып алып отыр.

Өз армиясын жүздеген мың адаммен нығайтып, Батысқа қарағанда әлдеқайда жылдам қаруланып жатқан Ресеймен тайталаста АҚШ пен оның еуропалық және өзге де одақтастары бүгінде Киевті қалайда қолдаудың жолдарын іздеп әлек.

Украина өзінің ұлттық болмысын жою мақсатында басталған империялық және жаугершілік соғыста қорғанып жатқанын айтады. Ресей болса, бұл мемлекетте жаулап алған аймақтарды қазір өзінікі деп есептейді.

ЯДРОЛЫҚ  СОҒЫС  ПА?

Ресейде жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты түпкілікті шешім қабылдайтын Путин атомдық арсеналды қолдану Кремльдің ядролық доктринасында жазылғанын бірнеше рет қайталады.

«Қару қолдану үшін жасалады. Біздің өз принципіміз бар», – дейді Ресей лидері.

Ресей мен АҚШ – әлемдегі ядролық қарудың 90%-дан астамын иеленіп отырған ең ірі ядролық державалар.

Тағы бір сөзінде Путин Ресейдің Украина бойынша байыпты келіссөздерге дайын екенін де айтты.

«Ресей Украина бойынша келіссөздерге дайын, бірақ олар психотроптық препараттарды қолданғаннан кейінгі құмарлыққа емес, шындыққа негізделуі керек», – дейді Путин.

Өткен айда Reuters агенттігі хабарлағандай, Путиннің Украинада соғысты тоқтату туралы ұсынысын АҚШ қабылдамаған.

CNN телекомпаниясы сенбі күні АҚШ Президенті Джо Байден әкімшілігінің 2022 жылы Ресей Украинада тактикалық немесе ядролық қару қолдануы мүмкін деп ерекше алаңдағанын хабарлады.

Алайда Путиннің айтуынша, Ресей 2022 жылдың ақпанынан бері қақтығыс жүріп жатқан Украинада ешқашан ядролық қаруды қолдану қажеттілігіне тап болған емес.

«Жаппай қырып-жоятын қаруды не үшін қолдануымыз керек, мұндай мұқтаждық бізде ешқашан болған емес», – дейді Ресей президенті.

Арыс  ӘДІЛБЕКҰЛЫ

Дереккөз: inbusiness.kz

Фото: toktv.ge

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: