Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нобель сыйлығының лауреаты қайтыс болды

09.09.2025, 9:30 138

АҚШ биологы, генетикалық ақпараттың берілу механизмдерін зерттегені үшін физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Дэвид Балтимор 87 жасында өмірден өтті.

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғалым Массачусетс штатының Вудс-Хоул қаласындағы үйінде өмірден өткен. Оның жұбайы Элис Хуанның сөзіне қарағанда, ғалымның онкологиялық ауруы асқынып кеткен.

Балтимор өзіне әлемдік ғылыми бедел әкелген жаңалығын небәрі 37 жасында ашқан. 1975 жылы ол үшін Нобель сыйлығын иеленді. Бұған дейін ғалымдар генетикалық ақпараттың берілуі тек бір бағытта – ДНҚ-дан РНҚ-ға, одан кейін ақуыз синтезіне өтеді деп санайтын. Алайда Балтимор тәжірибе жүзінде кері процестің де мүмкін екенін дәлелдеді: яғни РНҚ-дан ДНҚ-ға. Оның басты жаңалығы – бұл процесті жүзеге асыратын вирустық фермент ревертазаны ашуы еді.

Бұл жетістік ретровирустар мен ВИЧ тәрізді вирустардың табиғатын тереңірек түсінуге жол ашты. Ғалым Нобель сыйлығынан бөлек, АҚШ-тың Ұлттық ғылыми медалі секілді көптеген беделді марапаттарға ие болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: