Моңғолиядағы «Шыңғыс хан» ұлттық музейінде ұлы ханның ордасы ашылып, оның аумағына ханның алтын мүсіні, ақ туы және мемлекеттік хасбу мөрі орнатылды. Бұл туралы 1 наурызда моңғолиялық «Монцамэ» агенттігі жазды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі.
Іс-шараға ел президенті Цахиагийн Хурэлсух, парламент төрағасы Дашзагвийн Амарбаясгалан, премьер-министр Лувсаннамсрейн оюн-Эрдэн, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Шыңғыс ханның алтын мүсінін жасау мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігі, Моңғолияның Орталық банкі және Ұлттық мұражаймен бірлесе отырып жүзеге асырылған. Ұзындығы 7 метр, ал салмағы 120 келі ескерткіш таза алтыннан жасалған. Ол Шыңғыс ханның ұлы Моңғолия мемлекетін құрғанын жариялап, қолына алтын мемлекеттік мөрді ұстап тұрған тарихи сәтін бейнелейді. Мүсіннің авторлық құқығы Моңғолия ұлттық банкіне тиесілі.
Президент Хурэлсух өз сөзінде Шыңғыс ханның моңғолдар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды тұлға екенін атап өтті. Мемлекет басшысы мүсінді жасауға қатысқан және осы жобаны қолдаған барлық жанға алғысын білдіріп, табыс тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!