Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мапо қалай «өмір сыйлаушы көпірге» айналды?

19.07.2020, 9:00 685

HALYQLINE.KZ Мапо – Оңтүстік Корея астанасындағы 25 көпірдің ішіндегі өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы көп тіркелген көпір. Мұны көпірдің ірі кәсіпкерлер кеңсесі орналасқан ауданда болуымен де байланыстырады. Жұмысы алға жылжымаған, шығынға ұшырағандар со жерден суға секіреді екен. Бес жылдың ішінде көпірден құлаған 108 адамның 48-і өмірмен қоштасқан. Сеул басшылығының Самсунг компаниясы мен жарнама агенттіктерімен бірлесіп істеген жұмыстары нәтижесінде аталған көрсеткіш кеміп ғана қойған жоқ, 4 айдың ішінде көпірдің бүгінгі «Өмір сыйлаушы көпір» атына қол жеткізді. Сонда олар не істеді дейсіз ғой? Көпір бойына адамның қимыл-қозғалысына қарай жауап беретін сенсорлы жұбату және жігерлендіру мәнді хаттар жазған.

Психологтар мен өз-өзіне қол жұмсауға қарсы күресіп жүрген еріктілер құрастырған хаттардан мысал келтірсек: «Шаршадың, білем, бірақ түннен кейін күн шығатынын ойла»; «Әлі орындалмаған арманың қанша?»; «Бірге серуендеп қайтайық»; «Жақсы көретін жанды есіңе ал»; «Сағынған адамыңа қоңырау шал»; «Балаларыңа қандай әке боласың?»; «Сенсіз анаң қиналады ғой», т.б.

Көпірдің басқа бөлігінен кішкентай балалардың бақытты бейнесін, ата-әженің жымиған жып-жылы жүздерін, бір-біріне демеу болған достардың суретін, «Ойлан!» жазуын көрсетеді. 1970 жылы салынған көпір осылайша адамдардың жүрегіне сәуле сыйлап, болашаққа үміт отын жағып келеді

30 жылдық зерттеу нәтижесінде Орта Азия бойынша Қазақстан – өз-өзіне қол жұмсаудан бірінші орында. Душанбеде дәріс өткізген америкалық оқытушы Хьюстон-Даунтаун Шахназ Саванидің баяндамасында жыл сайын 1,5 миллион адам өз өмірін қиятыны, оның 76%-ы табысы орта және төмен елдерде, ал 60%-ы Азия елдерінде екені айтылған. Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан – 48,1%, Түрікменстан – 15,8%, Өзбекстан – 13,6%, Қырғызстан 13,4%-ды құрайды. Айта кететін жайт – аталған мемлекеттердің басым бөлігі ислам дінін ұстанушылар…

Өз-өзіне қол жұмсауға сіз жиі айтатын жемқор билік, аз жалақы, күйкі тірлік емес, рух әлсіздігі, отбасындағы тәрбие, бала болашағының жауапкершілігін 45 минут сабағын ғана өткізетін мұғалімдерге арта салған ата-ана кінәлі. Сосын, біз. Иә, біз. Қоғамдық көлікке мінесіз, қабағыңыз қатулы, байқаусызда сөмкесі тиіп кетсе, жақтырмаған кейіп танытасыз; дүкенге барасыз, кісі көптігінен үлгере алмай жатқан сатушы баға не басқадан шатысып кетсе, «құқымызды» қорғап шу шығаратын тағы да – сіз (біз); құжат айналымымен жүріп ісіңіз жас маманға түсті, түк білмейді деп айтып кететін тағы да – сіз (біз); сол адамдардың орнында өзіңіз не ұл-қызыңыз болуы, олардың да сол еңбекке енді-енді үйрене бастауы, үйінде не жеке өмірінде қиын кезеңді өткеріп жүргені, сіз бен бізге көрінбейтін, білінбейтін көп сыр жатуы мүмкін ғой. «Проблемасы өзіне? Нанын тауып жүрген жұмысы – сол?» Робот емес, адамбыз ғой, түсіністік таныту, күліп қарау сонша қиын ба? Сіз кеткен соң әлгі адамға ескерту береді, артынша жұмыстан шықты, ал отбасын асырау керек (+кредит). Шешімі – бәрін ұмыту, нүкте қою. Кінәлі билік емес, сіз, біз, өзіміз.
*
Кореядай дамыған ел болмасақ та, ең кішісі адам ретінде мейірім таныту – қолымыздан келетін іс қой…
Жайнагүл Хамидолла

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: