5 қыркүйекке қараған түні және таңертең әуе қорғанысы күштері Мәскеуге шабуылдамақ болған үш дронды атып түсірді. Бұл туралы Мәскеу басшысы Сергей Собянин хабарлады.
Бұған дейін Калуга облысында, Мәскеу облысының Истра ауданында дрондар жойылғаны хабарланған. Собяниннің айтуынша, Истра ауданында атып түсірілген дрон қалдықтары тұрмыс нысанын зақымдаған. Кейін жергілікті билік шаруашылық құрылысы өртенгенін растады.
Мәскеу жаққа қарай ұшып келе жатқан үшінші дронды әуе қорғанысы күштері 5 қыркүйекте таңертең Тверь облысында атып түсірген. Бұл маңда Ресей президенті Владимир Путин резиденцияларының бірі орналасқан.
Тверь облысының губернаторы Игорь Руденяның хабарлауынша, дронның ешкімге және ештеңеге зияны тимеген.
Ресей қорғаныс министрлігі 5 қыркүйекте таңертең үшінші дрон атып түсірілгенін растады. Министрлік мәліметінде дрон Мәскеуге қарай ұшып бара жатқаны айтылмаған.
Мәскеу әуежайларында бүгін түнде және таңертең 50 шақты рейстің қонуы мен ұшуын тоқтатты. Қазір мәскеулік әуежайлардың бәрі әдеттегідей тәртіппен жұмыс істеп тұр.
РБК мәліметінше, соғыс басталған бір жарым жылда дрондар Ресей өңірлеріне шамамен 500 рет шабуылдаған.
Украина шабуылдарға қатысты ресми мәлімет бермейді.
Ресей де дрондарды Украинаға соққы жасауда жиі қолданады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!