Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көмусiз қалған көп жендет…

10.11.2022, 11:00 283

Ресей әскері мобилизацияны ресми түрде аяқтады. Алайда Путин мобилизация аяқталғаны жайлы жарлыққа қол қоймады. Оның қажеттілігі жоқ дейді Кремль. Сарапшылар жарлыққа қол қоймау мобилизацияны үздіксіз жүргізуге мүмкіндік беруі мүмкін екендігін айтады.

Мобилизация жайлы Шойгу мен Путиннің айт­қан ақпараттары да екі түрлі. Шойгу 28 қазанда 300 мың адам мобилизацияланып, оның 82 мыңы ұрысқа аттанғанын айтқан болатын. 218 мыңы әскери жаттығу­дан өтуде деді. Араға екі күн салып, Путин мобилизация жайлы сөз қозғады. Путин 318 мың адам мобилизацияланып, 49 мыңы ұрыс даласына жіберілді деді. Осылайша, министр мен президенттің сөзі бір-біріне  мүлде  сәйкес  болмай  шықты.

Мәскеу мобилизацияны жалғастырудың өзге жасы­рын жолдарын қарастыруда. Мысалы, қылмыс­керлерді және қылмыс жазасын толық өтеп болмаған шартты  жазадағыларды  мобилизациялау  туралы жарлық шығарды. Күзгі әскери шақырылымға қол қойды, ол бойынша 18-27 жас аралығындағы 120 мың жігіт әскерге аттанбақ. Ресей қорғаныс министрлігі «олар  ұрыс  даласына жіберілмейді» дейді, алайда Ресей билігінің сөзі мен ісі екі жақта екенін ескерсек, кеше  әскерге шақырылған сарбаз бүгін Донбасстан табылып  қалуы  да  ғажап  емес.

Мобилизацияланғандар ұрыс даласына аттанды. Алды табытпен оралып жатыр. Қолға түсіп, ұрыс даласы­нан қашып кеткендері де жетерлік. Дайындығы аз, мотивациясы жоқ мыңдаған мобилизациялан­ғанның арасындағы шығын жайлы Ресей билігі тіс жармайды,  ал  БАҚ-тары  үнсіз  жатыр.

Воронеж облысынан мобилизацияланғандардың қырылып қалғаны жайлы ақпаратты Ресей жасырып қала алмады. Сватово бойында мобилизацияланғандар артиллерия соққысына ұшырап, қырылып жатыр. Ресейлік тәуелсіз БАҚ «Верстканың» жазуы бойынша, Луганск облысындағы Сватово бойында қаза тапқан мобилизацияланғандар саны 500-ден асуы мүмкін. Бұл туралы сол қырғынды көзімен көріп, аман қалған Алексей  Агафонов  есімді  сарбаз  айтқан.

2079-ші әскери бөлімнің батальон командирі мобилизаци­яланғандарды Сватово бойына әкеліп, аумақтық қорғаныс жасағына қосылатынын айтқан. алайда екі күн өткен соң, оларды 15 шақырым жердегі ұрыс шебіне жеткізіп, қорғанысты күшейту керектігін меңзеген.

«Бізді ұрыс шебіне жеткізді. Қолымызға күрек берді де, окоп қазып, қорғаныс шебінен шегінбеуге бұйырды. Ал таңертең нағыз тозақ басталды. Артиллерия, миномет, дрондар соққы жасап, бізді тирдегі нысанадай қырып салды. Жау соққы жасауды бастаған сәтте офицер­лер қашып кетті. Біз соққы азайған сәтте окопты тереңірек қазып, жасырынбақ болдық. Алайда Украи­на әскері дрон арқылы барлық әрекетімізді көріп отырды. 570 адамның 29-ы тірі қалды, оның 12-сі жараланды. Ал қалғандары қаза тапты», – дейді Агафонов.

«Қаза тапқандар саны көп, олардың нақты санын атау қиын, себебі билік ақпаратты жабық ұстауда» дейді «Верстка» басылымы. Ресейдің тағы бір әскери жасағы, 155-ші бригада теңіз жаяу әскері 4 күн ішінде 300 адамынан айырылғанын және 50 пайыз техниканы жоғалтқанын жазып, Примор өлкесінің губерна­торына ашық хат жазды. Олар еш мәні жоқ шабуылдарды тоқтатуды, қолбасшыны алмастыруды талап еткен. Примор өлкесінің губернаторы хатқа жауап беріп, «бұл ақпарат рас, бірақ шығын тым әсірелеп көрсетілген»  дейді.

Бұл  Ресей әскеріндегі қырғынның бір көрінісі ғана. Айтылмай жатқан, ақпарат кеңістігіне шықпай жатқаны  қаншама…

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: