Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге қатысты тағы бір сот үкімі шықты. Ол мемлекеттік қаражатты ірі көлемде талан-таражға салды деген айыппен 9 жылға сотталды,-деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Судья Бадри Кочламазашвили экс-президентті бюджет қаражатын заңсыз жұмсады деп танып, оны бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.
Сонымен қатар, бұл істе Грузияның арнайы күзет қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашияға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып, 300 мың лари (шамамен 110 мың доллар) көлемінде айыппұл салынған.
Саакашвилиге тағылған бұл айып «Пиджактар ісі» деп аталып кеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2009-2013 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 8,8 миллион лари (шамамен 3 миллион доллар) жеке шығындарына жұмсаған. Бұл қаражаттың бір бөлігі Лондонда қымбат брендтік киімдер сатып алуға, оның ішінде жеті пиджак пен кашемир пальто алуға, сондай-ақ шетелдегі демалыстар мен косметикалық процедураларға кеткен.
Алайда, Саакашвили мен Джанашия тағылған айыптарды мойындамай, бұл сот ісінің саяси астары бар деп айтқан.
Айта кетейік, экс-президент қазірдің өзінде басқа қылмыстық істер бойынша 6 жылдық жазасын өтеп жатыр. Оған Сандро Гиргвлианидің өлтірушілерін заңсыз кешірді және депутат Валери Гелашвилиге шабуыл ұйымдастыруға бұйрық берді деген айып тағылған.
Саакашвилидің жақтастары бұл істерді саяси қудалау деп есептейді, ал Грузия билігі экс-президенттің қылмыстық әрекеттері үшін жауап беруі тиіс екенін алға тартқан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!