Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ислам әлемі неге Иранды қолдамады?

11.03.2026, 16:00 46

Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери шабуылы екінші аптаға ұласқан тұста мұсылман әлемі бұл соғысты сырттай бақылап отыр. Бірі – Парсы шығанағындағы елдер – жағдайды жақыннан қадағаласа, енді бірі алыстан ғана назар салып отыр. Алайда ислам мемлекеттерінің ешқайсысы Иранға ашық қолдау білдіруге асыққан жоқ. Қайта кейбірі Тегеранды өзіне төнген қатер ретінде қабылдайды. Мұның себебі неде? BBC орыс редакциясының зерттеуіне шолу жасай отырып, жаһан жағдайын саралап көрелік.

Мәселе мұсылмандық бауырластық ұранының әлсіздігінде ғана емес. Бір таразы басында панисламдық ынтымақ туралы ұғым тұрса, екінші жағында конфессиялық қайшылықтар, өзара сенімсіздік, ұлттық мүдде, АҚШ-қа тәуелділік және салдары беймәлім жаңа соғысқа араласқысы келмейтін саяси есеп жатыр. Иран аймақта ядролық державаға әрі үстем күшке айналуға ұмтылады. Ал бүгін ол тек Израиль мен АҚШ-пен ғана арпалысып жатқан жоқ, сонымен бірге көрші араб мемлекеттеріне де соққы жасап отыр.

Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы Ясмина Асраргистің айтуынша, бұл – Иранның соңғы жылдардағы ең ірі стратегиялық қателіктерінің бірі. Оның сөзінше, Тегеран ұзақ уақыт бойы өзін араб әлеміне исламдық ынтымақтың қорғаны, бүкіл мұсылманға ортақ гуманитарлық үннің иесі ретінде көрсетіп келді. Алайда бүгін дәл сол Иран қасиетті Рамазан айында араб елдеріне соққы жасап отыр.

Ислам әлемі біртұтас емес. Мұсылман, негізінен араб елдерінің әрқайсысы, ең алдымен, өз саяси және экономикалық мүддесін алға қояды. Олар дерексіз ұран үшін Иранның жағына шығып, отқа түсуге әзір емес.

Оның үстіне, мұсылман дүниесінің Иранға көзқарасы қашаннан күрделі. Бұл – араб мемлекеті емес. Халқы өзге тілде сөйлейді. Тұрғындарының басым бөлігі – шииттер. Ал әлем мұсылмандарының абсолют көпшілігі – сунниттер. Бұл соғыстың өзі дін үшін басталмағанымен, Таяу Шығыстағы тарихи күш тепе-теңдігін айқындауда суннит-шиизм жігі аса маңызды рөл атқарып келді.

Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының сарапшысы Фабрис Баланштың пікірінше, сунниттердің шииттерге, әсіресе шииттік Иран суннит мемлекеттеріне соққы жасап отырған жағдайда, бірлік танытуы мүмкін емес.

Бұған қоса, Иран қасиетті Рамазан кезінде өзімен көршілес суннит елдеріне соққы жасап, оларды өз мүддесіне тікелей қауіп төндіретін ірі жанжалға тарту қаупін күшейтті.

Иран және оның күресі

Ислам Республикасының бұған дейін де аймақта, тіпті әлемде сенімді одақтастары көп болған жоқ. Ал бүгінгі жағдайда Тегеран іс жүзінде жалғыз қалды десе болады. Неліктен?

Моллалар режимінің жарты ғасырға жуық билігі Иранды Таяу Шығыстағы басты мазаны қашырған елдердің біріне айналдырды. Ислам әлемінің көптеген мемлекеті Тегеранға әрдайым күдікпен қарады, кейбірі тіпті ашық дұшпан санады.

1979 жылғы Ислам революциясынан кейін билікке келген моллалар Иранды мұсылман әлемінің алдыңғы шебіндегі, күрескер әрі ықпалды ислам мемлекеті ретінде танытуға күш салды. Басты жау деп АҚШ жарияланды. Израиль де қас дұшпан саналды, тек оны «кішілеу жамандық» ретінде қарастырған сәттер де болды. Тегеран теократиялық мемлекет моделін өзге елдерге үлгі етуге, әсіресе аймақтағы шиит азшылықты қорғап, қаруландыруға ұмтылды.

Үш жоғарғы рухани көсем. Плакатта Иранның жоғарғы рухани жетекшісі аятолла Рухолла Хомейнидің (сол жақта) бейнесі берілген. Ол өзінің мұрагері, марқұм аятолла Әли Хаменеи (ортасында) Иранның ұлттық туын ұлы әрі жаңа жоғарғы рухани жетекші Моджтаба Хаменеиға табыстап тұрған сәтті бақылап тұрғандай бейнеленген.

Мұндай амбиция Парсы шығанағындағы елдерге, әсіресе исламның басты қасиетті орындары орналасқан Сауд Арабиясына ұнамады. Эр-Рияд пен Тегеран ұзақ жыл бойы бір-бірін аймақтық ықпал үшін күрестегі басты қарсылас ретінде көрді.

Парсы шығанағындағы мұнайлы араб монархияларының саяси жүйесі 1979 жылы құлатылған иран шахының режиміне белгілі дәрежеде ұқсас еді. Сол себепті олар халықтық көтерілістерден, революциялық толқыннан ерекше қауіптенді.

Бұл елдердің АҚШ-пен қарым-қатынасы да ежелден тығыз болды. Сондықтан Иранның аймақтық амбициясы олардың ұлттық мүддесімен тікелей қайшы келді. Таяу Шығыстағы осы «суық соғыс» ондаған жылға созылып, тек 2023 жылы Қытайдың арағайындығымен Эр-Рияд пен Тегеран дипломатиялық қатынасты қалпына келтіруге келіскенде ғана сәл саябырсығандай болған.

Тегерандағы бұрынғы АҚШ елшілігінің қабырғасындағы антиамерикалық граффити.

Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға соққысынан кейін Сауд Арабиясы мен оның көршілері Тегеранның олардың тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуіне қауіп төндіре алатынын тағы бір мәрте анық сезінді.

Atlantic Council алаңында пікір білдірген Таяу Шығыс жаһандық мәселелер жөніндегі кеңестің атқарушы директоры Халид әл-Жабердің айтуынша, қақтығыс әрі қарай қалай өрбитініне қарамастан, Иранның аймақтағы беделіне келген зиян қазірдің өзінде анық байқалады. Оның сөзінше, бір рет бұзылған сенімді қалпына келтіру аса қиын.

Сенімсіздік пен беделге келген соққы

Аймақта өз ықпалын күшейту үшін Иран ондаған жыл бойы АҚШ пен Израильге қарсы бағытталған «қарсылық осін» қалыптастырды. Тегеран Ливандағы шииттік «Хезболланы», Йемендегі хуситтерді, Ирактағы түрлі прокси күштерді қаруландырып, қаржыландырды. Сонымен қатар Ливан, Сирия, Бахрейн және Йемендегі қақтығыстарға араласты.

Израиль мен АҚШ шабуылдарына жауап ретінде Тегеран Парсы шығанағындағы көршілес елдерге соққы жасады. Суретте – Бахрейн астанасы Манамадағы Сиф ауданында дрон соққысынан зақымданған ғимарат).

Палестина мәселесін де Иран мұсылмандарды қорғаушы ел ретіндегі беделін өсіру құралы ретінде пайдаланды. Сол мақсатта ХАМАС пен «Исламдық жиһад» қозғалысына қолдау көрсетті.

Бірақ араб елдерінің көбі мұның бәрін палестиналықтарды қорғау немесе ислам әлемінің мүддесін қорғау деп емес, Тегеранның өз ықпалын күшейтіп, аймақты бақылауға алу әрекеті деп қабылдады. Оның үстіне Иранның ядролық қаруға ие болуға ұмтылысы да көршілерінің алаңын күшейтті.

Сондықтан Иранға көмектесу – бұрын да, қазір де – араб астаналарының көбі үшін өңірлік тепе-теңдікті бұзушы, өз тұрақтылығына қауіп төндіруші мемлекетті бұрынғыдан да күшейту деген сөз.

Таяу Шығыстағы жаңа соғыстың немен аяқталары әзірге беймәлім. Бірақ қазірдің өзінде аймақтағы нәзік тепе-теңдіктің бұзылғаны анық.

Вашингтон институтының сарапшысы Фабрис Баланштың пікірінше, Парсы шығанағындағы мемлекеттер Иран бірнеше соққымен-ақ олардың ондаған жыл бойы құрып келген экономикалық дамуын күл-талқан ете алатынын жақсы түсінеді. Оның айтуынша, Иран қайтадан аймақ үшін басты қауіпке айналып келеді. Бұл жағдай Сауд Арабиясын Израильге бұрынғыдан да жақындата түсуі мүмкін. Әсіресе зымыранға қарсы қорғаныс технологияларына, мысалы «Темір күмбез» секілді жүйелерге қол жеткізу үшін.

1980-жылдардан бастап Иран аймақтағы өз мүдделерін қорғау үшін түрлі қарулы топтар мен одақтастардан тұратын кең тармақталған прокси-жүйе қалыптастырды. Суретте — Ирактағы қарулы жасақ мүшелері.

Иран қолдаған шииттік күштер өз демеушісіне жәрдем бергісі келмейді емес, әрине. Бірақ олардың қауқары шектеулі. 2023 жылғы қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін басталған соғыс «қарсылық осін» айтарлықтай әлсіретті. Израиль «Хезболланың» бұрынғы басшылық құрамын жойды, ХАМАС-ты қатты титықтатты. Ал Сирияның бұрынғы басшысы әрі Иранның одақтасы Башар Асад көтерілісшілердің қысымымен биліктен кетіп, Мәскеуге қашты.

Енді Иран Израиль мен АҚШ шабуылына жауап ретінде Парсы шығанағындағы көршілеріне соққы жасағаннан кейін оған деген сенім ислам әлемінде бұрынғыдан бетер әлсіреуі мүмкін.

Ясмина Асраргистің пікірінше, Тегеран, бәлкім, шығанақтағы монархияларға қысымды күшейтіп, олар арқылы АҚШ-қа ықпал етуді және соғысты тоқтатуды көздеген шығар. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болып жатыр.

Парсы шығанағы елдері кейінгі жылдары Иранмен арадағы көпірді қайта жалғауға тырысқан еді. Оман мен Катар Тегеранмен диалог орнатуда ара ағайын болуға жиі ұмтылды. Бірақ енді олардың алдағы уақытта да осындай дипломатиялық күш-жігерін жалғастыра ма, ол – үлкен сұрақ.

Сунниттер мен шииттер

Әлем мұсылмандарының басым бөлігі – сунниттер. Жалпы саны 1,8 миллиардқа жуық мұсылманның 85–90 пайызы осы тармаққа жатады. Ал шииттер – 10–15 пайыз шамасында. Негізгі шиит қауымдары Иранда, Әзербайжанда, Иракта және Пәкістанда орналасқан.

Бұл бөліністің тамыры пайғамбар Мұхаммед 632 жылы қайтыс болғаннан кейін туған мұрагерлік дауына барып тіреледі.

Мұсылман қауымын, яғни үмбетті кім басқаруы керек деген мәселеде пікір екіге жарылды. Шииттер – атауының өзі «Әлиді жақтаушылар», «Әлидің партиясы» деген мағынаны береді – билік пайғамбардың туысы Әли ибн Әбу Тәліпке берілуі тиіс деп есептеді. Олар Әлиді пайғамбардың ең жақын туысы әрі шәкірті ретінде заңды мұрагер санады.

Әли, Хасан және Хусейннің қазасы шииттік шәһидтік (мучениктік) түсініктің қалыптасуына негіз болды. Суретте — имам Хусейннің қазасына арналған шииттердің діни рәсімі — Ашура кезінде Ливандағы шиит қауымының аза тұту шеруі.

Ал сунниттер мұсылман қауымының басшысы пайғамбардың ең беделді әрі лайықты серіктерінің арасынан сайлануы керек деді.

Сөйтіп алғашқы халифа болып Әбу Бәкір бекітілді. Кейін халифаттағы билік үшін күрес ушығып, ақырында Әли 661 жылы өлтірілді. Оның ұлдары Хасан мен Хусейн де қаза тапты. Соның ішінде Хусейннің 680 жылы Кербала түбінде өлтірілуі шииттер үшін әлі күнге дейін тарихи ауқымы аса зор қасірет болып саналады.

Бастапқы саяси келіспеушілік уақыт өте келе терең діни және доктриналық жікке ұласты.

Дәл осы 1979 жылғы Иран революциясы бұл діни қайшылықты геостратегиялық тайталасқа айналдырды. Содан бері шииттік Иран мен сунниттік Сауд Арабиясы мұсылман әлеміндегі жетекшілік үшін күресіп келеді.

Иран басшылары Сауд әулетінің Мекке мен Мединаның, исламның басты қасиетті мекендерінің, қорғаушысы болуға хақысы бар екеніне ашық күмән келтіріп отырды. Ал қажылық кезінде ирандықтардың араласуымен болған бірнеше жанжал екі ел арасындағы шиеленісті одан сайын өршітті.

Тегеранның ықпалын тежеу үшін Эр-Рияд та ондаған жыл бойы түрлі желілер мен қозғалыстарды қаржыландырды. Кейін сол құрылымдардың бір бөлігінен радикалды жиһадшыл ұйымдар өсіп шықты. Ақырында олар өз демеушілерінің бақылауынан да шығып кетті.

Мұсылман әлеміндегі ықпал үшін күрес

Иран мен Сауд Арабиясының, сондай-ақ Парсы шығанағындағы өзге елдердің арасындағы тайталас ұзақ уақыт бойы Таяу Шығыстың саяси динамикасын айқындап келді.

1979 жылғы революциядан кейін Иран ислам әлемінің басты орталығына айналуды көздеп, исламның екі қасиетті қаласы – Мекке мен Мәдина орналасқан Сауд Арабиясына ашық түрде бәсекелестік танытты.

Бірақ Сауд Арабиясының іс жүзіндегі басшысы Мұхаммед бен Салман елдің болашағын мүлде басқа арнада елестетеді. Ол Сауд Арабиясын жаңа заманға лайық, инвестор мен турист қызығатын мемлекетке айналдыруды көксейді. Аймақтық тұрақсыздық мұндай жоспарға мүлде үйлеспейді.

Ол мұнай табысын «Vision 2030» ұлттық жобасына жұмсап, экономиканы әртараптандыруға кірісті. Күн және жел энергетикасын дамытып жатыр. Елдің халықаралық тартымдылығын арттыру үшін әлемдік жұлдыздарды, соның ішінде Криштиану Роналдуды жергілікті футбол лигасына шақырды.

Сондықтан Сауд Арабиясы бүгінде аймақтағы тұрақтылықты сақтауға, көрші елдердің барлығымен, тіпті Иранмен де, мейлінше прагматикалық қатынас орнатуға тырысады.

Осы ұстанымның нәтижесінде 2023 жылы Қытайдың араласуымен Эр-Рияд пен Тегеран дипломатиялық қатынасын қалпына келтіруге келіскен еді.

Фабрис Баланштың сөзінше, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман тұрақтылықты қажет болса қымбат бағаға да «сатып алуға» және кіммен болсын келісуге дайын болған. Бірақ енді сол болашақтың өзі қатерге ілінді.

Ал Иран бұрынғы идеологиялық ұстанымынан ешқашан бас тартқан емес және әлі күнге дейін революциялық идеология үстемдік ететін мемлекет болып отыр. Әмірліктердегі Америка университетінің профессоры Нажат әл-Саидтің айтуынша, Парсы шығанағындағы елдер идеологиялық қағидаларды экономикалық және саяси мүддеге икемдеп, прагматикалық жолға түсті. Ал Иран керісінше, идеологиялық тұрғыдан бұрынғыдан бетер қатаңданды.

Профессордың пікірінше, Сауд Арабиясының конфессиялық саясаттан саудиялық ұлттық бағытқа қарай ойысуы мен Иранның идеологиялық қасаңдануы арасындағы айырма – саяси жүйелердің уақыт талабына қарай өзгеруге бейім келетінін, ал идеологиялық жүйелер керісінше, барған сайын қатая түсетінін көрсетеді. Өйткені мұндай жүйелер үшін түбегейлі өзгеріс – өзін жоғалтып алу қаупімен тең.

Иран қайтадан басты қауіпке айналды

Таяу Шығыстың геосаяси картасы «Авраам келісімдерінен» кейін едәуір өзгерді. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Судан, кейіннен Марокко Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтірді. Осы жаңа өңірлік жүйеде Иран бірқатар араб мемлекеті үшін ортақ қарсылас ретінде көбірек көріне бастады.

Басты сұрақ – соғыс аяқталғаннан кейін Иран қандай күйде болады?

Сауд Арабиясы да Газа соғысына дейін Израильмен қатынасты қалыпқа келтіру мүмкіндігін қарастырған еді. Бірақ палестина мәселесі бұл жолдағы ең үлкен кедергі болып қалды. Ендігі басты сұрақ – соғыстан кейін не болады? Тегерандағы қазіргі режим сақталып қала ма? Егер сақталса, әлсіреген, бірақ аман қалған бұл билік бұрынғыдан да қауіпті бола ма? Әлде Иранда билік ауыса ма?

Француз географы, Сирия, Ливан, Ирак және жалпы Таяу Шығыс аймағының саяси географиясы мен геосаясатын зерттейтін ғалым Фабрис Баланштың түйінінше, оқиға қалай өрбісе де, бір нәрсе анық: жақын арада Иран бұрынғы қуатын қайтара қоюы қиын. Молдалар режимі аман қалса да, жаңа билік келсе де, елге бір кездері шах дәуірінде иеленген ықпалын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт керек болады. Ол кезде Иран Таяу Шығыстың «жандармы» іспетті рөл атқарған еді.

Фотолар: Getty Images

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: