Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иран: Кипр, Түркия және Әзербайжанға шабуыл жасалған жоқ

10.03.2026, 10:20 34

Иран билігі Кипр, Түркия және Әзербайжан аумағына шабуыл жасалғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жөнінде Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи мәлімдеді.

Оның айтуынша, Иран Қарулы күштері Бас штабы бұл елдерге Иран аумағынан немесе Иран армиясы тарапынан ешқандай реактивті снаряд ұшырылмағанын ресми түрде растаған.

«Әзербайжан, Түркия және Кипрге қатысты айтатын болсақ, Қарулы күштердің Бас штабы Иран аумағынан немесе Иран қарулы күштері тарапынан мұндай снарядтардың ұшырылмағанын нақты әрі ресми түрде мәлімдеді», – деді Исмаил Багаи.

Сонымен бірге Иран тарапы АҚШ пен Израильмен атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер мәселесіне де пікір білдірді. Министрлік өкілінің сөзінше, қазіргі жағдайда мұндай келіссөздер туралы айту ерте, өйткені аймақта әскери шиеленіс әлі де жалғасып жатыр.

Иран СІМ өкілі сондай-ақ АҚШ-тың аймақтағы негізгі мүддесі Иранның мұнай ресурстарына қол жеткізу екенін алға тартты.

Айта кетейік, 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы бірқатар нысандарға, соның ішінде Тегеран маңындағы объектілерге әуе соққыларын жасаған. Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери нысандарына соққы бергені хабарланған.

Фото: SNN.Ir

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: