Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕО лидерлері Венгрияны Украинаны қаржыландыруға келісуге көндіре алмады

20.03.2026, 9:45 28

Еуроодақ лидерлері Венгрияны Украинаға бөлінетін 90 миллиард еуро көлеміндегі несиені мақұлдауға көндіре алмады. Енді Еуропалық одақ Еурокомиссиядан Киевке уәде етілген қаржыны берудің өзге жолдарын табуды сұрап отыр.

Бұл туралы Reuters агенттігі Германия канцлері Фридрих Мерцтің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Брюссельде 19 наурыз күні өткен ЕО лидерлерінің саммитінен кейін Фридрих Мерц Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның әрекетін бұрын-соңды болмаған «елеулі опасыздық» деп атады.

– Бұл ізсіз кетпейді, – деді ол журналистерге.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның айтуынша, ЕО басшылары Венгрияның ұстанымын айыптаған. Оның сөзінше, алдын ала жасалған келісім орындалуы тиіс.

– Келісім – келісім. Барлық лидер өз сөзінде тұруы керек. Ешкім Еуропалық кеңесті бопсалай алмайды, – деді ол.

Ал Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Украинаға уәде етілген қаржы «қандай жолмен болса да» жеткізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Украинаға 90 миллиард еуро көлемінде несие беру жөніндегі шешім 2025 жылы келісілген. Алайда ЕО құрамындағы барлық елдің қолдауы қажет болғандықтан, Венгрия бірнеше айдан бері бұл шешімді бұғаттап келеді.

Будапешттің ұстанымы 2026 жылдың қаңтарында Украина аумағы арқылы өтетін «Дружба» мұнай құбырының жұмысы тоқтағаннан кейін де өзгермеген. Дәл осы құбыр арқылы Венгрия Ресей мұнайын алып отырған. Киев транзиттің тоқтауын ресейлік шабуыл салдарынан құбырдың зақымдануымен түсіндірген.

Виктор Орбан бұған дейін «Дружба» құбырының жұмысы қайта жанданбайынша, Украинаға қаржы бөлу мәселесін қолдамайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: