Кеше, 9 тамызда Белоруссияда президенттік сайлаудың негізгі күні өтті. Ұлттық экзитполдың ақпаратына жүгінсек, елдің қазіргі президенті Александр Лукашенко 79,7%, Светлана Тихановская 6,8%, Анна Канопацкая 2,3%, Андрей Дмитриев 1,1%, Сергей Черечень 0,9% дауыс жинады. Сайлаушылардың 9,2%-і барлығына қарсы дауыс берген.
Алайда Беларусь халқы бұл нәтижеге сенбейді. Сөйтіп, тұрғындар кеше дауыс беру уақыты аяқталған кезде-ақ Минскідегі орталық алаңға шоғырлана бастады. Жер-жерде «адал сайлау» жүргізген учаскелер Тихановскаяның жеңіске жеткенін айтып отыр.
Басым бөлігі жастардан тұратын топтар Беларусьтің әрбір аймағында бас көтерді. Тіпті, кейбіреулер сайлау учаскесіне басып кірмек болған. Дегенмен күштік құрылым қызметкерлері мұндай қадамға жол бермеді. Түн ауа қақтығыстар күшейіп, жастар жағы көшеде ұрандатты.
Қауіпсіздікті қорғау мақсатында әскерилер қару-жарақпен, қорғаныш құралдарымен митингішіл тұрғындарды қоршады. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда Минскідегі митингтің видеолары жарияланды.
Бейнематериалдарға көз салсақ, ОМОН қызметкерлері жастарды, оның ішінде қыздарды да аяусыз соққыға жығып, асфальт бетінде сүйреп жүргенін көруге болады. Ал бет-ауызын қан жуған Беларусь азаматтарының суреттері желі бетінде сеңдей соғылысады.
Бас көтерген топты жарық және дауыс шығаратын жарылғыш заттармен қорқыту фактілері де тіркеліп отыр. Әскерилер халық тарапына барынша күш қолданып отырғанын әлем халқы көрді.
ОМОН қызметкерлерімен қақтығыс барысында бірнеше адам ауыр дене жарақатын алған. Бұған дәлел – алаң жанында уақыт өткен сайын жедел жәрдем көліктерінің көбеюі.
«Кей мәліметтерге сүйенсек, тәртіп сақшылары арнайы көлікпен адамдарды басып өткен. Нәтижесінде бірнеше адам жарақат алыпты. Әзірге оқ ататын қару қолданылғаны туралы дерек байқалмады. Бірақ резинкадан жасалған «дубинкалар» митингішіл топқа белсенді сілтенді. Арты не болар екен?!» деп жазады bairaq.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!