Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

BBC: Қытайда мұсылман әйелдерін зорлау аяусыз жүріп жатыр

05.02.2021, 16:20 1644

BBC қытайлық «қайта тәрбиелеу лагеріндегі» мұсылман әйелдеріне жасалған зорлық-зомбылықты толық зерттеп, барлық мәліметті жария етті. Мақалада лагерьдің бұрынғы тұтқындары мен қызметкерлерінен сұхбат алынып, дәлелді уәждер көрсетілген. Зерттемеде мұндай қатыгездікке душар болғандардың арасында қазақтар да бар екені айтылады.

Мақалаға қатысты АҚШ билігі алаңдаушылық білдірді. Одан бөлек, Ұлыбритания министрі Найджел Адамс та бұны жауыздыққа балап отыр. Алайда Қытай билігі әлі де мойындамай, болған оқиғалардың жалған ақпарат деп сендіруде.

«Қара  бөлмедегі»  қиянат  –  жанымдағы  жазылмас  жара»

Зерттеуде лагерьде 9 ай болған Тұрсынай Зияудунның басынан өткендері айтылады. Оның айтуынша, лагерьдегі ер-азаматтардың барлығы бетпердемен жүрген екен. Алайда ол уақытта пандемия бастала қоймаған. Айта кететін жайт, олар полицейлердің формасымен емес, қарапайым киіммен жүрген.

– Кейде түннің ортасында лагерьдегі бөлмелерді аралап жүріп, көздері түскен әйелдерді «қара бөлмеге» алып кететін. Онда бейнебақылау камералары жоқ еді. Мені де бірнеше рет қинап апарды. Ал ондағы маған жасалған қиянат – жанымдағы жазылмас жара. Мен ондағыны суреттей алмаймын, – деді ол.

Сонымен қатар,ол үш рет топтық зорлауға тап болғанын есіне алады. Бөлмедегі әйелдерді әр түн сайын біртіндеп алып кететін болған. Тіпті, кей әйелдер жатын бөлмеге қайтып оралмайды екен. 42 жастағы Тұрсынайдың ұлты ұйғыр. Ал оның күйеуі қазақ.

Лагерь аумағының 2017 жыл мен 2019 жылдар арасындағы үлкеюі

Қазақстандағы 5 жылдық өмірден соң, 2016 жылы Синьцзянға екеуі қайта оралған. Келе салысымен билік өкілдері екеуінің құжаттарын тартып алыпты. Бірнеше айдан соң, қазақтар мен ұйғырлардың жиналысына келуді талап етеді. Барған бойда жиналысқа жиналған адамдардың барлығын қамап тастаған. Алайда ол кезде қалыпты түрмеде жатып, кейіннен қайта босап шыққан екен. Күйеуіне құжаттарын қайта беріп, Қазақстанға жұмысқа жіберген. Ал Тұрсынайды қинап, ұстап қалған. 2018 жылдың 9 наурызында оны жергілікті полиция шақырып, оған қосымша тәрбие жұмыстарын жүргізу керектігін хабарлаған. Оның айтуынша, екі жыл ішінде әлгі лагерьдің көлемі біршама өскен көрінеді. Тұтқындарға толған автобустар тоқтаусыз келіп отырды дейді Тұрсынай естелігінде.

Келген әйелдердің барлығының бұйымдарын тартып алған. Кейіпкеріміздің сырғасын қатты тартқаны соншалық, сырға алынғаннан соң құлағы қара қанға толған екен. Содан соң, оны әйелдер толған бөлмеге апарыпты. Күзетшілер әйелдердің хиджабын жыртып, ұзын көйлек кигені үшін айғайлайтын болған. Бұл – олардың түсінігінше діни-экстремистіктің белгісі.

– Олар әйелдерді ішкиіміне дейін шешіндірді. Сонан соң, олар амал жоқтан денесін қолымен жабуға тырысты. Оны көріп көз жасымды тия алмадым, – дейді ТұрсынайЗияудун.

«Полицейлердің  бәтеңкесі  ауыр  және  өте  қатты»

Кейіпкер лагерьден босап шыққан соң, Қазақстанға қашып құтылғанын айтады. Алайда мұнда оны Қытайға қайта ұстап береді деген қорқынышпен өмір сүрген екен. Сол үшін кейіннен АҚШ-қа аттанған. Тұрсынай лагерь ішінде болған көп дүниені ұялғанынан айта алмайтынын жеткізеді. Сонымен қатар, ол лагерьдегі оқиғаны растайтын соңғы кейіпкер емес.

Лагерьде әйелдерді резеңкемен немесе түймемен тағылған бүкіл киімін, аяқкиімін шешуді бұйырып, оларды шағын қытайлық ауыл тектес түрмеге қамаған. Алғашқы күндері жаға ұстатарлық ешнәрсе болмаған. Тек шаштарын қиып, пропагандалық видеолар көрсеткен. Одан соң, полицейлер кейіпкерден күйеуі жайлы сұраған. Ол айтудан бас тартса немесе олар естігісі келген әңгімені жеткізбесе, жерге жатқызып ішінен тебетін болған.

– Полицейлердің бәтеңкесі ауыр әрі қатты. Бастапқыда мені арнайы құралмен ұрып жатыр деп ойладым. Одан соң, есімнен танып қалдым, – дейді ТұрсынайЗияудун.

Лагерьдің әр бөлмесінде 14 тұтқынды ұстаған. Әйелдерді түнде алып кете бастағанда Тұрсынай не болып жатқанын түсінбегенін айтады. Оның айтуынша, көршісін басқа бөлмеге ауыстырып жатыр деп ойлапты. Одан соң, 2018 жылдың мамыр айында түнде Тұрсынай мен тағы бір шамамен жиырма жастағы қызды біртүрлі бөлмеге әкеледі. Бөлмеде бетперде тағып отырған ер адам отырған. Сөйтіп, Тұрсынайды бөлек бөлмеге алып кеткен.

Артынан әлгі қыздың айғайлаған дауыстарын естігенін айтады. Күзетші әйел Тұрсынайдың денсаулығы нашар екенін айтқанда бетпердегі ер адам айғайлап, «Оны қара бөлмеге апар» деген екен.

– Күзетші әйел мені басқа бөлмеге алып келді. Олардың қолдарында электронды таяқ болды. Оның не екенін білмеймін. Оны әйелдік мүшеме тығып, тоқпен ұрды. Ол түндегі қинау күзетші әйелдің тоқтау салуынан барып, тоқтады.

Bitter Winter ұйымы жариялаған лагерьдің ішкі көрінісі

Қазақ  әйеліне  ұйғырларды  шешіндіруге  міндеттеген

BBC зерттеу барысында лагерьде 17 ай болған қазақ әйелімен де сұхбаттасқан. Гүлзира Елханның айтуынша, оған ұйғыр әйелдерін шешіндіріп, байлап қоюды және артынан бөлмені жинап кетуді бұйырған. Жазалаумен қорқытқан соң, қарсы шығып, ешқандай шара қолдана алмағанын айтады.

– Менің жұмысым ұйғыр әйелдерін шешіндіріп, қозғала алмайтындай етіп байлау еді. Сонан соң, ол бөлмеге еркектер кіретін. Олар – полицейлер немесе сырттан келген бөтен адамдар. Мен көрші бөлмеде тыныш қана отыруым керек. Еркектер кеткен соң, зорланған әйелді жуыну бөлмесіне апарамын, – деді ол.

Оның айтуынша, сырттан келген еркектер күзетшілерге ақша төлейді екен. Сол арқылы жас тұтқындармен көңіл көтереді. Бұны анық зорлау екеніне шүбә келтірмейтінін де мәлімдеді.

Синьцзяндағы өзбек қызы Гүлбинұр Седік лагерьдегі қытай тілінің оқытушысы болған. Ол ондағы түскі ас уақытта жан дауысы шыққан әйелдердің дауысын естіген екен. Сөйтіп, сондағы күзетші әйелдің бірінен сұрағанда ол мұндағы тұтқындарды зорлайтынын растап, тоқпен ұратынын да айтқан. Оның айтуынша, тоқпен ұруға арналған арнайы үстелдер мен түрлі құралдар болған.

Онда болған тағы бір оқытушы Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға қашып құтылған. Оның айтуынша, тұтқын қыздарды зорлау қалыпты құбылыс екен. Өзіне ұнаған қыздарды күзетшілер таңдап алатын болған. Тіпті бірде 3 полицей шамамен 20 жастағы қызды жүздеген тұтқынның көзінше зорлаған екен.

Әйелдерге әр 15 күн сайын екпе салып, дәрілер берген. Оны вакцина деп түсіндірген екен. Алайда әлгі екпеден кейін әйелдердің жүрегі айнитын болған. Одан бөлек, арнайы патриоттық өлеңдер айтқызып, Си Цзиньпинді мадақтайтын видеороликтер көрсететін болған.

Ондағылардың айтуынша, уақыт өте бере түрмеден тыс өмір бар екенін ұмытып қалатындай боласың. Әлгі дәрілер санаңды бітеп тастайтындай. Оның үстіне онда тамақ үнемі жетпейтін.

Зерттеу барысында BBC мамандары сонда жұмыс істеген күзетшімен де сұхбаттасқан. Оның айтуынша, әйелдерді Си Цзиньпин жайлы кітаптың көрсеткен жерін жаттамағаны үшін тамақ бермей қинайтын болған. Сонымен қатар, тоқпен ұру жазасы да бар екенін айтады. Алайда зорлау жайында естімеген екен. Мемлекет басшысының портреттері лагерьдің әр жерінде жапсырылған.

Қазіргі таңда Тұрсынай АҚШ-та жергіклікті ұйғыр халқының өкілімен бірге тұруда

Тұрсынай Зияудун 2018 жылы Қазақстанға қашып келіп, қазіргі таңда АҚШ-та тұрады. Және сол мемлекеттің азаматтығын алу үшін өтініш те тастапты. Оның күйеуі әлі де Қазақстанда екен. Ол жарымен АҚШ-та қайта кездескісі келеді.

– Мен өзіммен бір камерада болған адамдардың түрін көрдім. Олар бар, бірақ өмір сүрмейтіндей. Олар адамдарды шығарамыз деп айтады. Алайда ол жақтан адам болып шығу мүмкін емес. Олардың түпкі мақсаты – бізді жою. Оны барлығы біледі, – деді Тұрсынай Зияудун.

Орысшадан аударылған

www.bbc.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: