Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАҚ-тың 11 өкілі екі айға қамауға алынды, ал депутат журналистерді жаппай ұстау туралы ІІМ мәліметін тыңдағысы келеді

18.01.2024, 15:30 212

HALYQLINE.KZ

17 қаңтарда Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімі бойынша тәуелсіз медиада жұмыс істейтін 11 журналист екі айға қамауға алынды. Олар 13 наурызға дейін тергеу абақтысында отырады.

«Айт, айт десе» және «Темиров LIVE» жобаларының, «Арча медиа» және «ПолитКлиника» басылымының 11 қызметкері 16 қаңтарда ұсталған.

Олар – «Темиров LIVE» редакциясының қызметкерлері Мақсат Тажыбек уулу және Ақыл Орозбеков, тілшісі Айке Бейшекеева, редакцияның бұрынғы тілшісі Жоодар Бузумов, «Темиров LIVE» редакциясының, «Айт, айт десе» жобасының қызметкерлері Сапарбек Акунбеков және Азамат Ишенбеков, аталған жобалардың директоры, Қырғызстаннан шығарылған Болот Темировтің әйелі Махабат Тажыбек кызы, «Темиров LIVE» редакциясының бұрынғы журналисі, қазір «Арча Медиада» (бұрынғы Next TV медиасы) істейтін Сайпидин Султаналиев және Ақтілек Капаров, сонымен бірге Жұмабек Турдалиев атты қызметкер және «ПолитКлиника» қызметкері Тыныстан Асыпбеков.

Ішкі істер министрлігі олардың «жаппай тәртіпсіздік» және «билік өкілдерінің талаптарына бас имеу және жаппай тәртіпсіздікке шақыру» баптары бойынша ұсталғанын мәлімдеген.

Temirov LIVE жобасы қызметкерлерінің үйлерін полиция 16 қаңтарда ерте таңертең тінткен. ІІМ мәліметінше, олардың үйлері мен кеңседен 162 зат тәркіленген – компьютерлер, ноутбуктар, ұялы телефон, өзге техника және банк карталары.

Жуырда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті 24.kg ақпарат агенттігінің редакциясын тінткен. Агенттіктің бас директоры Әсел Оторбаева, бас редактор Антон Лымарь және шеф-редактор Махинур Ниязованы тергеуге әкеткен. Ізінше оларды босатқан. Журналистер «соғысты насихаттау» қылмыстық ісі бойынша куәгер атанған. Журналистердің сөзінше, оған 24.kg сайтындағы соғыс туралы мақала түрткі болған.

Қырғызстанда журналистерге қудалау күшейіп, ақпарат құралдарына қысым көбейген шақта 2023 жылы Орталық Азия елі Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде қатарынан 50-орынға төмен түсіп, бірден 72-орыннан 122-ге сырғыған.

Ал, Жогорку Кеңеш депутаты Гуля Қожоқұлова ІІМ мен Бас прокуратурадан Temirov LIVE тобының журналистерін жаппай ұстау туралы мәліметін тыңдағысы келеді. Бұл туралы ол парламенттің 18 қаңтардағы отырысында мәлімдеді.

Қожоқұлова парламенттің келесі отырысына ІІМ мен Бас прокуратура өкілдерін шақыруды ұсынды.

«Не себепті ұстағанын білгім келеді. Себебі жаппай ұстау әдетке айналып барады. Бұлай болмауы тиіс. Қоғам алаңдамауы керек» деді депутат.

Депутат Сеидбек Атамбаев та журналистердің тұтқындалып жатқанына қатысты пікірін ортаға салды. Ол үкіметтің парламенттегі өкілі Алмасбек Абытовтан ұсталғандардың бәрінің құқығы сақталуы тиіс екенін ескертті.

«Адвокаттар тергеу қызметінің ғимаратына кіре алмағанын, қорғауындағы азаматтардың құқықтары бұзылып жатқанын айтып жатыр» деді депутат.

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: