Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бальенац – саусақтың ізіне ұқсайтын арал

23.01.2022, 10:00 547

HALYQLINE.KZ Хорватия жиегіндегі Адриат теңізінде орналасқан кішкентай аралға жоғарыдан қарасаңыз, ол саусақ ізіне қатты ұқсайды. Ондағы 23 км тас қабырғалар аралға осындай түр сыйлап тұр. Бұл қабырғаларды кім және не үшін салған?

Аралдың ерекше бедері адам қолымен жасалғаны бірден көрінеді. Жақыннан қараса, тастарды бірінің үстіне бірін қойғанын байқауға болады. Қабырғалар лабиринтке ұқсайды және суға дейін жетеді. Бальенац аралындағы бұл қабырғалар XIX ғасырда салынған.

Бальенац аралы көптеген тасты аралдардан тұратын Шибеник архипелагына жатады. Бұл аралдардағы топырақ егін шаруашылығына келе бермейді. Бальенацтың қасында адамдар тұратын Каприе аралы бар. Ондағы адамдар көрші (адам тұрмайтын) аралды өздеріне қажетті нәрселерді өсіруге пайдаланған.

Бальенац қабырғалары көшеттерді теңіздің қатты желінен қорғау үшін салынған. Себебі теңіз желі өсімдіктерді тамырымен жұлып алатын болған. Мұндай қабырғалар Каприе және Зут аралдарында да бар, бірақ ондағы құрылыс осы аралдағыдай тығыз болмағандықтан, бірден көзге түсе қоймайды.

Ғалымдардың ойынша, арал тұрғындары өздерінің жер үлестерін әрқашан қоршайтын болған. XIX ғасырдағы қабырғалар XVI-XVII ғасырларға жататын басқаларының үстінен салынған. Бұл кездері Каприе мен Бальенац осман шапқыншыларынан қашқан христиандарға баспана болған.

Егіншіліктің мұндай техникасын тек Шибеник архипелагындағы тұрғындар қолданбаған. Егістіктегі осындай қабырғаларды Англиядан, Шотландиядан және Ирландиядан байқауға болады. Бірақ тек Бальенацтағы құрылыс қана осындай биік болғандықтан, саусақ бедеріне ұқсайды.

Аралдың суреті интернетте пайда болғанға дейін оны көп адам білмейтін. Қазір Бальенацта туристерге ұйымдастырылған экскурсия бар. Аралды жоғарыдан ауадан қарау сұранысқа ие, бірақ кей тарихты бағалаушылар құрлыққа да түседі.

Аралдың танымалдылығы Хорватия үшін тиімді. Дегенмен көрнекі жерге деген аса қызығушылық оған зиянын да келтіріп жатыр. Қонақтардың аяғы тиген тас қалау жылдам бұзылып жатыр. Ғалымдар тас қабырғалар жоғалып кетуі мүмкін деп қорқады.

Жақында Хорватия үкіметі ЮНЕСКО-ға аралды дүниежүзілік мұра объекті етіп мойындауға өтініш білдірді. Бұл оны тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz,

фото: sworld.co.uk

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: