Арменияда оппозициялық партия өкілдері елдің премьер-министрі Никол Пашинянға қойылған талаптың мерзімі аяқталғаннан кейін, билікке бағынбау акциясын бастайтынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттықтың армян қызметі хабарлайды.
«Никол Пашинян отставкаға кетпеді. Сол себептен Армения азаматтары наразылығын білдіріп, бейбіт түрде билікке бағынбау акциясын өткізуге құқығы бар», – деп мәлімдеді «Отанды құтқару қозғалысының» мүшесі, «Дашнакцутюн» партиясының өкілі Ишхан Сагателян. Ол наразылық акциясын заң аясында өткізуге шақырды.
News.am мәліметінше, Ереван 8 желтоқсанда оппозиция өкілдері наразылық акциясын бастап кетті. Олар көшеде «Никол – сатқын» деп айғайлаған. Оларға көлік жүргізушілері сигнал беріп, қолдау көрсеткен. Демонстранттар көшені жапқан. Полиция наразыларды ұстауды бастады. Ұсталғандардың арасында «Дашнакцутюн» партиясының мүшесі Гегам Манукян да бар.
5 желтоқсанда Ереванда Пашинян отставкасын талап етушілер жаппай митинг өткізген. Олар 8 желтоқсанға дейін Пашинянның қызметінен кетуін талап етті.
Жалпы премьер-министрдің отставкасын «Отанды құтқару қозғалысын» құрған 16 партия талап етіп жатыр. Олар уақытша премьер етіп Ұлттық-демократиялық одақ лидері Вазген Манукянды қоямыз деп отыр.
10 қарашаға қараған түні Ресей, Әзербайжан және Армения басшылары Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде келісімге келгеннен кейін, Армения оппозициясы наразылық білдіре бастады. Олар Таулы Қарабақтағы Әзербайжан қайтарған жерлердің Баку бақылауында болғанын қаламайды. Пашинянның өзі 5 желтоқсанда «Соғысты тек құжатқа қол қою арқылы ғана тоқтату мүмкін болды. Біз дипломатиядан жеңіліс тапқанымыз жоқ, біз соңғы 20-25 жылда дипломатиялық сәтсіздіктің жүгін арқалап жүргеннен жеңіліс таптық» деп мәлімдеген.
Дереккөз: centralasian.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!