АҚШ бас прокуроры Уильям Баррдың (суретте) сейсенбі күні мәлімдеуінше, Әділет министрлігі президент сайлауында заң бұзылды деген шағымдарға дәлел таппады.
Президент Дональд Трамп сайлауда жеңісін ұрлады деп бірнеше мәрте арызданғанына қарамастан, Барр осындай мәлімдеме жасады.
«Ассошиэйтед Пресс» агенттігіне берген сұхбатында Барр бас прокуратура мен Федералдық тергеу бюросының агенттері Трамп арыздарына қатысты тексеру жүргізіп жатқанын айтты. Алайда «біз әзірге сайлау нәтижесін өзгертуге әсер етерліктей дәлел таппадық», – деп мәлімдеді бас прокурор.
Уильм Барр президент Трамптың сенімді одақтастарының бірі екені мәлім.
Трамп штабы сайлау нәтижесіне ықпал ететін бірнеше штатта сотқа арыз түсірді. Дегенмен штаб арыздарын судьялар бірнеше мәрте қайтарды. Олардың арасында республикашыл судьялар да бар.
АҚШ президентін сайлауда жеңіске жету үшін сайлау алқасының 270 дауысын алу керек. Байден 306 дауыс жинаса, Трамп 232 дауысқа ие болған. Президент сайлауының ресми нәтижесі 14 желтоқсанда сайлаушылар алқасының отырысында жарияланады.
Дереккөз: centralasian.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!