Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдегі ең әдемі тау

15.01.2023, 12:00 1080

Швейцария мен Италия шекарасында миллиондаған адамды өзіне магнитше тартатын әдемі бір пирамидаға ұқсас Маттерхорн деген тау бар. Бұл – Еуропадағы ең биік бес нүктенің бірі Альпі тауының сілемі. Биіктігі – 4,48 шақырым. Тау Швейцария жақтан өте әдемі көрінеді. Сондықтан жылда миллиондаған адам осы таудың етегінен көз тастау үшін Швейцарияға ағылады. Мыңдаған адам тау басына шығуға талпынады.

Маттерхорн құдды бір таулардың патшасындай көрінеді. Онда барған туристер «Табиғаттың ғажабына бас иіп, сүйсінесің, таңдай қағасың. Көзіңе жас тығылып, әдемілігі бас айналдырады. Ерекше серпіліс сыйлап, жүрек шымырлатар рух беретін жер» деп мақтау білдіреді екен. ⠀

Эверест, Фудзияма, Килиманджаро, Арарат, Эльбрус, Монблан шыңдарымен әлемге танылған таулар екені белгілі. Бірақ  Маттерхорн тауын көру, суретке түсу кез келген жанның арманы болатыны анық.

Таудың ерекшелігіне тоқтала кетсек, бұл – бір қырсық тау. Альпинистерге бағына бермейді. Адамзат баласы бұл тауды 1857 жылы бағындырмақ болған. Бірақ Маттерхорнның шыңына адам аяғы алғаш рет 1865 жылы тиді. Альпинистердің бір тобы тауға шығамын деп қаза тапты, тек бір тобы ғана шыңға шықты. 1981-2012 жылдары Маттерхорнды бағындырмақ болған 223 альпинист өлім құшқан. Оның ішінде 203 альпинист таудан құлаған. Ал 1850 жылдан бері Маттерхорнды бағындырмақ болған 500-ге жуық альпинист қаза болған. Басын бұлт шалған Маттерхорн –Альпі тауының ең ажалды тұсы. Егер бұл тауды көремін десеңіз, Швейцарияның Зерматт қаласына барыңыз. Әрі қарай тауға жету оңай.

Ең қызығы, 1915 жылы Бельгия елінің атақты Сольвей есімді химигі Маттерхорн тауына кішігірім үйшік салу үшін жекеменшігіндегі барлық мүлкін саудаға салған. Химиктің айтуынша, ол мұнда ғұмырындағы ең керемет шағын бастан өткеріпті. Кейіннен химик тау басындағы үйшікті альпинистерге сыйлық ретінде тарту етеді. Қазіргі таңда альпинистер үйшікті паналауға пайдаланады.

Тау жартасында салынған үйшік «Сольвей үйшігі» деп аталады. Үйшік теңіз деңгейінен 4003 метр биіктікте табан тіреген. Бүгінде «Сольвей үйшігі» әлемдегі ең жоғары жерде орналасқан үйшік. Қазір үйшік Швейцария альпинист клубының меншігінде. Үйшік құрылысына бар-жоғы 5 күн кеткен. Алайда құрал-сайман мен құрылыс материалын жеткізуде аздап қиындықтар болыпты. Құрылыс материалын жоғарыға шығару үшін алдымен оны 3260 метр биіктікке көтеріп, одан кейін ары қарай қалың арқан жіппен құрылыс орнына жеткізген. Альпинистер үйшіктің қиыр бөлігін «бұлтты аймақ» деп атайды. Үйшікке келген кез келген адам романтикалық атмосфераға енеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: