Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы жылдары Арал ауданында ауқымды индустриялық жоба іске аспақ.
– 2026 жылы жалпы құны 150 млрд 500 млн теңгені құрайтын кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы басталады. Бұл жоба аудан экономикасы үшін ғана емес, тұтас өңір үшін маңызды серпін береді. Зауыт іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірістік әлеуетіміз айтарлықтай артады, – деді Аманжол Оңғарбаев.
Әкімнің сөзінше, мұндай ірі өндірістік жобалар Арал ауданын индустриялық бағытта дамытудың негізін қалайды.
Арал ауданы үшін бұл өте маңызды жаңалық деп ойлаймын. Осындай ірі өндірістің іске қосылуы аудан экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы, зауыт құрылысы мен кейінгі жұмыс барысында Арал тұрғындарына нақты мүмкіндік беріліп, жергілікті мамандарды жұмысқа тартуға және кадр даярлауға басымдық берілсе екен. Ауданымыздың жастары туған жерінде тұрақты жұмыс тауып, кәсіби дамуына жағдай жасалса, бұл жобаның халық үшін пайдасы одан да зор болар еді.
Жобаның сәтті жүзеге асып, Аралдың әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосуына тілектеспін!