Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев сұхбатынан түйгеніміз немесе саяси риторика алаңындағы ақиқат

15.01.2026, 8:20 46

Өткен аптаның басында Президент «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің өткен жылдағы жетістіктері мен алдағы жылға арналған басымдықтарын жан-жақты талқылады. Жыл басында баспасөзге кеңейтілген сұхбат беру Тоқаев қалыптастырған жаңа саяси дәстүрдің бірі деуге болады. Бұл жолғы әңгімеде мемлекет басшысы жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын атап көрсетіп, жүргізіліп жатқан реформалардың «қайтарымсыз» сипат  алғанын  айтты. Президент  елдің ішкі саяси  бағыты, экономикалық  даму қарқыны, сыртқы  қатынастар,  өңірлік басқару және кадр саясатына  дейін  көптеген  тақырыпты қозғады. Сұхбат  барысында  айтылған басты  идеялар  2026  жылдың  шешуші кезең екені, сол арқылы Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларды нық жалғастыру қажеттігі, ел дамуының барлық бағытында заң үстемдігі мен әділет орнату керектігі болды. Тоқаев өз риторикасында жетістіктерді мойындай отырып, шешімін таппаған түйткілдерді де жасырмады. Ендеше, Президенттің осы сұхбатында көтерген негізгі мәселелеріне  тоқталып,  оның  саяси  ұстанымы  туралы аз-кем  сөз  өрбітейік.

Тоқаев  сұхбатта  Қазақстанның  саяси жүйесі эволюциялық жолмен жаңғыр­тылып жатқанын бірнеше рет атап өтті. Ол соңғы жылдары қолға алынған конституциялық өзгерістер мен реформаларды «ірі масштабты, қайтарымсыз  реформалар» деп сипаттады. Президенттің  айтуынша, елде сая­си билік тармақтарын теңестіру және қоғамды демократияландыру бағытында маңызды қадамдар жасал­ғанымен, бұл үдеріс әрі қарай жалғаса бермек. Мысалы, Тоқаев 2019 жылдан бері ұс­танып келе жатқан «Күшті Прези­дент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласын тағы да еске салып, Қазақстан мемлекеттік басқарудың президенттік үлгісінде қала беретінін шегелеп айтты. Әлеуметтік желілер мен сарапшылар арасында тараған «Тоқаев өзі үшін Парламент төрағасының құзыретін күшейтетін реформа әзірлеп жатыр» деген сыбыстарға ол нақты жауап берді. «Бұл – бос әңгі­ме. Мұндай  пікір  менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді… Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу – барып тұрған жауапсыздық… Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді» деп, Президент негізсіз болжамды жоққа  шығарды.

Сонымен бірге, сұхбат барысында Тоқаев  2022 жылғы конституциялық ре­фер­ендумнан кейін де реформа­лар­дың толастамағанын жеткізді. 2023 жы­лы саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдеп, Парламентке оппозициялық күштердің өтуіне мүмкіндік артқаны белгілі. Дегенмен, Президент ел болашағын айқындайтын тағы бір ауқымды саяси реформалар топтамасын дайын­дап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуын­ша, 2026  жыл халықтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды жыл болады. Яғни жаңа конституциялық өзге­ріс­тер  бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. «Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конс­титуция қабылдаумен пара-­пар қадам жасаймыз деуге болады» деп Тоқаев рефор­малардың  ауқымын  аңдатты.

Журналист сұрақтарының бірі алда­ғы президенттік мерзім аяқталғанда бола­тын билік транзиті жайындағы қауе­сеттерге  қатысты болды. Бұған орай Президент 2029 жылы өтеді делінетін сайлау не ықтимал мұрагер мәселесін талқылауды орынсыз деп есептейтінін білдірді. Ол «бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар» деп, қазіргі басты міндет ұзақ жылдық бағдарламаларды жүзеге асырып, ел дамуы­на еңбек сіңіру екенін айтты. Мұндай жауап Тоқаевтың өз билігінің легитимдігіне және тұрақтылығына сенімді екенін, алайда әзірге күн тәртібінде тұрғаны – реформа бағдарламаларын толық орындау екенін аңғартады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты да пікірін білдіріп өтті. Президент тергеу амалдарының қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылардың қатысуымен ашық жүргізілгенін, қантөгістен сабақ алу қажеттігін атап өтті. «Қаңтар оқиғасының» жалпы картинасын толық қалпына келтіру үшін кей істер әлі жалғасып жатқанына тоқталып, құқық қорғау органдарының есеп беруін қамтамасыз етуге  уәде  берді.

Тоқаев сұхбатында «Әділдік, Заң және Тәртіп» қағидатын күшейтуді қайта қозғады. Ол мемлекет үшін бас­ты басым­дық – қоғамда әділдік орнатып, азаматтардың құқықтарын толық қорғау екенін айтты. Президенттің бұл тұрғыдағы риторикасы бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне баға  беру  мәселесінде  анық көрінді. То­қаев сұхбатта Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы тұлға ретінде сыйлайтынын атап өте отырып, кез келген азаматтың еңбегі ешкімді алаламай, әділ бағалануы керектігін айтты. «Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Назарбаевқа да қатысты» деп, ол Назарбаевтың еңбегін тарих алдын­да әділ саралау қажет деген ұстамды пікірін қайталады. Президент бұрынғы басшының еңбегін атап өтсе де, ешқандай «ерекше жеңілдік не астыр­тын мәміле болмайтынын» ескертті. Расында да, Тоқаев билікке келгелі бері Назарбаев пен оның отбасына тән артықшылықтар заң жүзінде қысқартылып, мемлекеттік басқару жүйесінен біртіндеп шеттетілгені мәлім. Президент сұхбат барысында жемқорлықпен күресті негізгі приоритет ретінде атады. Оның дерегінше, олигархиялық құрылымдардан мемлекет пайдасына 1,3 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылып, соның 1 триллионы бюджетке аударылып, жүздеген әлеу­меттік инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалған. «Заңсыз жолмен байыған активтерді мемлекетке қайтару – саяси конъюнктураға негізделген кампания немесе популизм емес, бұл мемлекет ұстанған  принципті позиция» деп Тоқаев тұжырымдады. Сұхбаттың сапасына үңілсек, осы сөздер арқылы бұрынғы элитаға заң үстемдігін сезіндіру ниетін байқатқандай болды. Әрине, бұл бағытта қоғам тарапынан түрлі пікір бар. Біреулер нақты нәтиже барын  мойын­даса, енді  кей  сарапшы басты байлық әлі де бұрынғы ықпалды топтардың  қолында қала беретінін айтады. Дегенмен, Тоқаевтың риторикасы – елде қай кезде де заңның үстем­дігі, тәртіптің беріктігі бәрінен жоғары болуы тиіс деген месседжді қоғамға тұрақты  түрде  сіңіру.

Әлеуметтік саясаттың мәні тек қар­жылай қолдаумен шектелмейтінін сарап­шылар да атап өтеді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы  Ақнұр  Иманқұл:

– Мемлекет  басшысы бізге жеткізгісі келген үш өзекті нарративті байқадым: әділеттілік, жауапкершілік және ынтымақтастық. Әлеуметтік саясат туралы әңгіме дәл осы ұғымдар арқылы өрбіді. Яғни, ол – жекелеген жеңілдіктер мен төлемдердің жиынтығы емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың тұтас жүйесі, қоғамдық құрылымның  іргетасына  әсер  ететін  сала.

Осы орайда Президенттің позициясын Қазақстан жағдайында қоғамдық келісімді қайта пайымдауға бағытталған нақты ұстаным ретінде қарас­тыруға болады. Мемлекет әлеуметтік жауапкершіліктен бас тартпайды, бірақ оның шекарасын айқындай отырып, әділетті бөлуге, жеке жауапкершілікке және мемлекет, бизнес пен азаматтардың бірлескен  қатысуына  басымдық беріп  отыр.

Менің ойымша, бұл – маңызды әрі дер кезінде жасалған бетбұрыс. Әлеуметтік мемлекетті сақтау тек moral hazard-ті азайтып, сенім мен ынтымақтастықты күшейткен жағдайда ғана мүмкін. Әлеу­меттік саясат тәуелділіктің емес, жетілген қоғамдық келісімнің бөлігіне айналуы  тиіс, — дейді.

Президент сұхбатта орталық пен өңірлердің өзара байланысына, жергі­лікті атқарушы билік жұмысына да назар аударды. Экономикалық мәселелерді талқылау барысында Тоқаев инфля­цияға  қарсы күресте облыс әкімдері мен жергілікті органдардың рөлін атап өтті. Баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қорғау үшін өңірлік билік көп жұмыс істеуі керектігін ескертті. Әкімдердің есеп беруі мен халықпен кері байланыс орнатуы – соңғы жылдары жиі қозғалып келе жатқан тақырып. Тоқаев бұған дейін де әрбір облыс, қала басшысын тұрғындардың талабына құлақ асып, жергілікті мәселелерді жедел шешуге шақырған. Сұхбатта ол бұл ұстанымын жалғастырып, өлкелер арасындағы теңгерімді дамыту маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, аймақ­тардың инфрақұрылымын жаңарту, жол сапасын жақсарту, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу – биліктің назарындағы негізгі міндеттер. Мысалы, республика бойынша жаңа  теміржол  желілері мен автожолдар құрылысы тек ұлттық деңгейде емес, әр облыс экономикасына серпін береді деп күтілуде. Тоқаев әкімдерге халықтың тұрмыс сапа­сын арттыру үшін тиімді жұмыс істеуді жүктеп отыр. Бұл, бір жағынан, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді ашық айтудан тайсақтамайтын жаңа қоғам талабының көрінісі болса, екінші жағынан, прези­денттің өзі де өңірлердің жағдайын назар­да  ұстап  отырғанының  белгісі.

Сұхбаттағы іліп талар тұсының бірі – Президенттің кадр саясаты мен маман­дар біліктілігі туралы айтқаны. Әңгіме барысында Тоқаев кей саладағы жауапты тұлғалардың әрекетсіздігін сынға алды. Мәселен, туризм саласы сөз болғанда ол «Үкіметке ескерту жаса­ғаннан кейін жұмысты жандандырдық, алайда алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр… Туризм  саласында  жалқаулық пен немқұрайдылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ» деп қадап айтты. Бұл Қазақстандағы туризм индустрия­сын дамытуға кедергі болып отырған негіз­гі проблемаларды дөп басқан тұ­щым­ды сын еді. Президенттің сөзінше, елде көрікті жер көп, әсіресе экотуризм бағытында әлеует зор, бірақ «жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайдылығының кесірінен» сол мүмкіндіктер іске аспай отыр. Бұдан бөлек, табиғатты қорғау ұранын жамы­лып алып, кез келген жаңа бастамаға қарсы шығатын кейбір жалған белсенділерді де Тоқаев «хайп пен атақ қуу­шылар»  деп  өткір  сынға  алды.  Жалпы, Президенттің бұл пікірлері мемлекет басқару  жүйесіндегі  ескі  кемшіліктерді – бюрократия, жауапсыздық,  біліксіздік және жемқорлықты ашық мойындау  тәрізді  әсер  қалдырды.

Тоқаев кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін атқарылып  жатқан  шара­лар­ға да тоқталды. Туризм саласында білікті маман аз болғандықтан, Түркіс­тан қаласында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылып, 2024 жылы алғашқы түлектерін еңбек нарығына шығарғанын атап өтті. Бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан қосымша шаралар қабылданатынын айтты. Цифрлық технологиялар мен жасан­ды интеллект жөнінде сұраққа жауап  бергенде де Президент кәсіби  маман даярлау жайын қозғады. Яғни мектеп пен ЖОО деңгейінде жаңа бағдарламалар енгізіліп, AI-Sana жобасы аясында 650 мыңнан астам студент білім алғанын, жақында Жасанды интел­лект бойынша мамандандырылған зерттеу университеті ашылатынын хабарлады. Мемлекеттік басқару саласына кадр даяр­лау, меритократия принципін енгізу – Тоқаев саясатындағы басым бағыттың бірі. Ол сұхбат кезінде де «өз ісіне жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек» деп, елге адал кадрларсыз ешбір реформаның іске аспайтынын шегеледі. Президенттің бұл сөзі қазіргі мемлекеттік қызметтегі басшыларға да бағышталған сыни пікір деуге болады. Себебі жұртшылық билік органдарында шынайы жаңару күтіп отыр, ал Тоқаевтың өзі кейде кейбір шенеуніктің ескі дағдыдан арылмай, азаматтарға жоға­ры­дан менсінбей қарайтынын сынаған еді. Жалпы сұхбатта осындай тікелей сынның  айтылуы – билік аппаратын тәртіпке шақырудың бір тәсілі. Бірақ нақты нәтиже кадр саясатының іс жүзінде қалай жүріп жатқанына байланысты болмақ. Тоқаев әкімдерді жиі ауыс­тырып, министрлер құрамын жаңартып отырғанымен, жергілікті жерлердегі бюрократиялық инерция, бейқамдық мәселесі бір күнде шешілмейтіні анық. Демек, Президенттің батыл мәлім­демелері мен талаптары орындаушылар тарапынан нақты іске айналғанда ғана халық күткен өзгеріс келеді. Тек іске айналғанда  ғана…

Мемлекет басшысы сұхбатта елдің экономикалық жетістіктеріне арнайы тоқталды. Президенттің мәлімдеуінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6%-дан астам өсім көрсеткен, ішкі жалпы өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард доллардан, жан басына шаққандағы  ЖІӨ  15 мың доллардан  асқан. Мұның өзі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы санада сақталатын сәттің бірі. Мемлекет басшысы бұған негіз бар екенін айтқанмен, жергілікті ат­қарушы орган­дарды босаңсып кетпеуге шақырды. «Қуануымызға себеп бар, бірақ мен барлық шенеуніктерге үнемі арқаны кеңге салмауды ескертемін. Әлі шешілмеген көптеген мәселе тұр, өте көп жұмыс   істеуіміз  керек»  деген  сөзі арқылы Тоқаев экономикалық табыс­тарды асыра бағаламай, әлі де халық­тың тұрмысын түзету басты міндет екенін меңзеді. Расында да, инфля­цияның жоғары деңгейі халықтың кірісін жуып-шайып, қымбатшылық қамытын кигізіп отыр. Прези­дент осыны ашық мойындады.  Ол  негізгі қиындықтардың бірі ретінде инфляция­ны атап, халық­тың табысының өсуін жеп жатқанын, бағаны тұрақтандыру Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған басты міндеттің бірі екенін айтты. 2025 жылы да Қазақстанда  инфляция екі таңбалы деңгейде болғаны белгілі, ал кей азық-түлік өнімдерінің күрт қымбаттауы жұрттың қалтасына үлкен салмақ түсірді. Ол тақырып турасында айтары­мыз көп, бірақ оны кейінге қалдыра тұрайық.

Президент салық реформасы туралы да кеңінен әңгімеледі. 2024 жылы күшіне енген жаңа Салық кодексін Тоқаев «жәй фискалдық науқан емес, жүйені құрылымдық  қайта іске қосу» деп сипат­тады. Ол бұл реформаның мәні бизнесті қинау емес, керісінше мемлекет пен кәсіпкер және азамат арасындағы әріптестікке негізделген жаңа салық мәдениетін қалыптас­тыру екендігін түсіндірді. Президенттің айтуын­ша, салық жүйесі бақылаудан ынтымаққа көшуі тиіс. Әр тарап өз міндетін адал атқарып, салықты жүк емес, елге қызмет етудің бір түрі деп ұғынуы қажет. Тоқаев тіпті алдыңғы Үкіметтердің қосымша құн салығын 20%-ға дейін көтеруді ұсын­ғанын, алайда өзі оның  шекті  мөлшерін  4% төмендетуді тапсырғанын айтты. Яғни, бастап­қыда  жоспарланған 20% орнына ҚҚС 16% деңгейінде бекітілді деген сөз. Ал бұл – бизнеске түсетін салмақты жеңілдетіп, тұтынушыларға да жанама түрде пайдасы тиюі тиіс қадам. «Адал салық төлеушілер өз ақшасының алаяқтардың қалтасына кетуіне жаны қарсы» деп, Президент халықтан жинал­ған қаржының мақсатты жұм­салуын қатты  қада­ғалайтынын  жеткізді.

Байқаған болсаңыз, журналист сұхбаттың едәуірін сыртқы саясатқа да арнады. Әсіресе, соңғы кездері қоғам талқысына түскен Назарбаев пен Путин­нің  кездесуі туралы мәселеге жауап беруі көптің көкейінде жүрген сауал­ға   жауап  болды. Жыл соңында Ресей президенті Путиннің Қазақстанның Тұңғыш президентін Кремльде қабыл­дауы  түрлі  болжам туғызғаны рас. Екіұдай  пікір туып, «елімізді Ресейге «бағынышты» қылу жолында жасал­ған жұмыстар ашық таралып жатыр» деген де пікірдің болғанын байқадық. Тіпті, «Назарбаев 2029 жылғы билік ауысуы мәселесін Путинмен талқылап, сол процеске ықпал етпек» деген сыбыстарды сұхбатта басылым редакторы ашық жеткізді. Тоқаев бұл өсектерді жоққа шығарып, Назар­баев пен Путин арасындағы байланысқа бейресми сипат тән екенін атап өтті. «Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие, мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді» деді ол. Тоқаевтың айтуынша, жуырдағы ТМД бейресми саммитінде Путин оған «Назарбаевты өз өтініші бойынша қабылдайтынын» айтқан екен. Осы деталь арқылы Қазақстан Президенті Назарбаевтың Мәскеудегі әрекеттері қазіргі биліктің саясатына әсер етпейтінін, бұл жеке жүздесулер екенін меңзе­ді. Сонымен бірге, То­қаев Ресей лидері туралы оң пікір білдіріп, «Владимир Путин дос­тары мен әріптестеріне ықыласты, адамгершілігі жоғары қа­сиетке ие тұлға» екенін атап өтті. Путиннің тығыз жұмыс кестесіне қарамастан сенбі күні Назарбаевпен асықпай сөйлесуге уақыт бөлгенін, оның Қазақстанның экс-президентін Еуразиялық интеграцияның бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде  бағалайтынын  айтты.  «Кремльдегі  кездесу Путиннің  адами санасының жо­ғары  екенін  көрсетеді»  деп  түйіндеді Тоқаев. Әрине, бұл сөздерге сыртқы бақылаушылар түрлі баға беруі мүмкін. Біреулер мұны Путинге жасалған дипло­матиялық реверанс десе, енді біреулер қаңтар оқиғасынан кейін суық тартқан  Астана – Мәскеу қатынас­тарын жылыту амалы деп ұғынары анық. Қалай дегенде де, Тоқаевтың көпвекторлы саясат аясында Ресеймен дәстүрлі достықты жалғастыра отырып, Қазақстанның ішкі істеріне қатысты толық тәуелсіз ұстаным білдіргені байқалады. Ол Назарбаев пен Путиннің әңгіме­сінің мазмұнына «қызықпайтынын және бұл туралы сұрақ қоймайтынын» ашық айтты, яғни Мәскеу мен бұрынғы президент арасындағы тақырыптарға араласп­айтынын жеткізді. Осының өзі – Қазақстанның ішкі саясаты дербес, оны талқылауға ешкімнің құқығы  жоқ  деген  ишара.

Сұхбат кезінде оқырманды олжалап, басылымның айналасында жүргендерді балаша қуантып қойған сөз бар. Өз сө­зінде  Мемлекет  басшысы:

– Басылым тілшілері ел ішіндегі өзек­ті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көте­ріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын… Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ой-танымдық қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр… Қазіргі уақытта баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады… Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азамат­тар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын… Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын, — деп басылымның қоғамдағы орны туралы тілге тиек етті. Әләуләйімі сол, болашақта басылымның дәуірі қайта басталады деген ынта оянса, «бәрі жалған» деген хәләуләйім әлгіні су сепкендей басты. Десе де, жақсылыққа  сенгіміз  келеді.

Дей  тұрғанмен, «Қазақстан шыны­мен жақсы өмір сүріп жатыр ма?» деген түйткілді сауалдың жауабы бір күнде неме­се бір сұхбаттың нәтижесінде шешіле  салмайды. Қазіргі уақытта Презид­ент келтірген макрокөрсеткіштер мен реформаторлық қадамдардан қара­пайым халықтың күтері – күнделікті өмір сүру сапасының жақсаруы, әділдіктің салтанат құруы, болашаққа деген сенімнің артуы. Тоқаев сұхбатында осы үміттерді ақтауға деген ниетін барынша аңғартты. Оның тыныш, байыпты болса да батыл сөйлейтін шешендігі көпшілікті сендіргісі келеді. Енді негізгі міндет – сол риториканы нақты нәтижеге айналдыру. Президент сұхбат соңында 2026 жыл ел тағдыры үшін шешуші жыл болмақ екенін атап өтті. Расында да, алдағы жылы ұсынылатын реформалар пакеті, экономикалық саясаттағы бетбұрыстар мен халықаралық жағдай Қазақстанның жақын болашағын айқындайтын болады. Президент жариялаған бастамалар нақты іске айналып, оның пайдасын халық тұрмысынан аңғарса, елдің жақсы өмір сүріп жатқанын сеніммен айтуға болады. Ал егер уәделер жарты жолда қалып, жүйедегі ескі проблемалар қайта бой көтерсе, онда президенттік риторика мен шынайы күнкөріс арасындағы алшақтық қоғамның көңілін қалдыруды жалғастыра беретіні анық. Сондықтан, бүгінгі билікке артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Сөз бен істің сай келуі – халықтың сенімін сақтаудың бірден-бір жолы. Тоқаев сұхбатында өз ұстанымын батыл жеткізді, ендігі жерде сол ұстанымды  өмірде  де  батыл орындап, уәде­сінде тұрса, нәтиже осы болады. Басын білдік ғой, ақырын күтейік. Бәлкім бәрі оңалар, бәлкім басқаша…

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: