Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғалған сыныптас

25.12.2025, 9:40 51

Балалар ауылға таңда әрең жетті. Үйдің қақпасынан ішке кіре бере Айбек әжесінің дауы­сын  естіді.

— Балаларым-ау, қайда жүрсіңдер?! Түн ортасында кетіп қалып, бәрімізді уайым­дат­тыңдар  ғой!

Айбек пен Нұрсұлтан ентігіп тұрса да, бірден болған жағдайды айта бастады. Сөйткенше ауыл тұрғындары да жиналып қалды. Барлығы да балалардың жоқ болып кеткенін уайымдап отырса керек, сұрақтар  қарша  борады.

— Біз Аянды таптық, оны бір малшы ұстап отырған  екен… — деді  Айбек.

— Ол бізді қуып келді, бірақ, көпірден құлап түсті, — деді  Нұрсұлтан.

Бұл сөзді естіген ауыл адамдары шулап кетті. Бірі «Дереу полиция шақыру керек», енді бірі «Жүр, бәріміз барып қарайық!» деді. Көп ұзамай ауылдың  ақсақалдары  мен  бірнеше жігіт  сай  жаққа  аттанып  кетті.

Үлкендердің ұйғарымымен Аян, Нұрсұлтан Айбектің үйіне қонды. бірақ Аян тыныш ұйықтай алмады. Иә, оның басынан өткен жағдайлардың ұйықтатпасы да белгілі ғой. Айбектен де ұйқы қашқан, екеуі әңгімелесуге кірісті.

— Саған неге ол кісі бұлай істеді? — деп сұрады  Айбек.

Аян біраз ойланды да, ақыры сыбырлап айтты.

— Ол малшы емес… Ол – менің әкемнің бұрынғы танысы. Менің әкемнің қалай қаза болғанын содан сұрап білгім келген, ол ештеңе айтпады. Оның  біздің үйді сырттай бақылайтынын сездім, анама айтып едім, сенбеді. Сосын бірде үйде әкемнің қағаздарын қарап отыр­ғанымда, оның өзімен бірге ана дүниеге алып кеткен құпиясының шетін сезгендей болдым. Мұны әлгі біздің үйді аңдып жүрген адам көріп  қойды. Сол  үшін ол мені ұстап отырды…

Айбек таңғалып:

— Қандай құпия… Аманшылық па? Сонда сен жоғалып кеткенде… Сені шынымен әдейі ұрлағаны  ғой?

— Иә… Құпияны айтуға әзір ерте. Сәл тынығып алайын, сосын барлығын айтып бере­мін, — деді  Аян.

— Келістік, — деді  Айбек.

Осы кезде есікті біреу қақты. Бұлар есік ашып еді, ішке ауылдың үлкендері кірді. Олардың  бірі  қатқыл  үнмен:

— Балалар, біз сайға бардық. Көпірдің жаны­нан құлаған адамның ізін таптық. Бірақ өзі  жоқ.  Демек, ол  тірі.

Айбек пен Нұрсұлтан бір-біріне қарады. Үнсіздікті  Аян  бұзды.

— Ол  бәрібір  қайта  оралады…

Сол сәтте бөлмеге учаскелік полиция өкілі Мейрамбек кіріп, дереу Айбек пен Нұрсұлтанды басқа бөлмеге жіберді де, оңашада Аяннан болған  жайтты  сұрай  бастады.

Таң да атты, күн де шықты. Ауыл бүгін жаңа кейіпке енгендей, бәрінің аузында – балалар жайлы әңгіме. Әсіресе, әйелдер жағы әңгімені түрлендіре сан-саққа жүгіртті. Осылайша бір күн  өте  шықты.

Күн еңкейіп, ауыл кешкі асқа дайындалып жатқан шақ. Балалар бір күн ұйықтамағаннан кейін шаршаңқырап жатып қалған болатын. Алайда бір сәт Айбек ұйқысынан шошып оянды, бойын белгісіз бір үрей билегендей. Дереу ұялы телефонымен Нұрсұлтанға хабарласты. Сөйтсе, ол да ұйқыдан шошып оянып, үрейленіп отыр екен. Санадан мазасыз ой кетпей қойғасын екеуі бір-бірімен хабарласып, Аянның үйіне келді. Бұлар келгенде Аян өз бөлмесінде екен, көңілі жабыңқы, қабағы түскен. Ол бұл екеуін көргенде қуанып кеткенімен, артынша  бастапқы  көңілсіз  қалпына  оралды.

— Ол тірі болса, қайта келеді, — деді Аян әлсіре­ген  үнмен.

— Аян, бізге  болған  оқиғаны  толығымен айтып  беремін  деп едің ғой. Неменеге соза  бересің…

— Жарайды… Мен ауыл ақсақалдарынан әкем жайлы, оның қазасы жайлы білгім келіп сұрастыра бастадым. Бірақ маған ешкім толық ештеңе айтпайды. Әкемнің қандай адам болғанын, қалай қайтыс болғаны туралы менің білуіме хақым бар шығар. Сол себепті үйдегі әкемнен қалған, сақтаулы тұрған заттарды мұқият  қарап, зерделей  бастадым…

Иә, әкемнің  артында  көп қағаз қалған бола­тын.  Соған  қарап, әкем жазушы ма деп ойландым. Сөйтсем, мәселе онда емес екен. Қағаздар   арасын  қарап  отырып   көзім  жеткені – әкем Саркөбеннің атында банктен ашылған есепшот бар екен. Қағаздың төменгі жағында хабарласу үшін ұялы телефон нөмірі жазылыпты. Мен  сол нөмірге хабарласып, бұл нөмірдің қаладағы банкке тиесілі екенін білдім. Алайда банк маған ештеңе нақты айта алмады.

Сонымен, мен жоғалатын күні ауылдан жылқы іздеп шыққан болатынмын. Өзіммен бірге өлең дәптерімді салып алдым. Ойымда ештеңе жоқ, бар ойым – суға келмеген екі құнанды тауып алу, ауылдан ұзай бере, иесіз қаңырап қалған үй маңынан мені екі атты адам тоқтатып, адасып кеткендерін айтты. Мен шынымен адасқан екен деп ойлап, жол сілтеп тұрғанымда біреуі артымнан соққы жасап, аттан аударып түсірді. Көзімді ашсам, сендер мені  тапқан  жерде  жатыр  екенмін.

Олар менен әкемнің заттары жайлы сұрап, айтпасам аяғыма тас байлап өзенге лақтырып жібереміз деп қорқытты. Мен қорыққанымнан әкемнің заттары үй жанындағы сарайда екенін айттым. Бір кезде әлгілер селт етіп жан-жақ­тарына қарады да, дүрлігіп кетті. Сөйтсе, алыс­тан келе жатқан автокөліктің дауысы естілді. Өздерің білетіндей, далада автокөліктің дауысы бірнеше шақырымнан естіледі ғой. Олар бірден барлығын жинап, ат құйрығына байлап алған бұталармен сыпыра іздерін жасырып, тасаланды. Содан келгендерді алыстан сыртынан бақылап, олар кеткеннен кейін ғана қайта  оралды.

— Ал біз  көрген «УАЗ» ше? — деді  Айбек.

— Ол «УАЗ» әлгі машина дауысы шыққанға дейін-ақ  кетіп  қалған  болатын.

— Енді түсінікті болды, сені неге таба алмағаны.  Осының барлығын  полицияға айттың  ба? — деді  Айбек.

— Полицияға әкем жайлы түк айтқан жоқпын, тек  танымайтын адамдардың себеп­сіз мені ұрлап кетпекші  болғанын  ғана айттым.

— Неге айтпадың… Олар тауып алар еді ғой сұмырайларды, — деді  Нұрсұлтан.

— Мен қазір ешкімге сенбеймін. Мен олардың әңгімелерінен «Барлығы да біздің сөзімізді сөйлейді» дегенді естіп қалдым. Сондықтан полицияға да сенім жоқ. Сақтықта қорлық жоқ, мүмкін Мейрамбек ондай адам емес шығар. Бірақ… Бұл жағдайда сақ болып, қырағылық  танытқан  жөн. 

Бұл сөздерден кейін Айбек пен Нұрсұлтан Аянның шешіміне тәнті болды. Олар Аянды дәл бұлай деп ойламапты, оның ойлау қабілеті­нің жоғары екенін, аңғарымпаздығын білмеген  екен.

— Ендігі сұрақ – әлгі адам қайда жасырынуы мүмкін? — деді  Айбек.

— Сайда  үңгір  көп, бәлкім,  солардың  бірінде шығар, — деді  Нұрсұлтан.

Осы сәтте ауыл шетіндегі қорадан иттер арсылдап үріп қоя берді. Бәрі бір сәтке үнсіз қалды.

— Қараңдаршы! — деді Айбек терезеден сығалап.

Бұлар да терезеге үңілді. Шынында да аула шетін ала қараңғыда бір көлеңке қозғалып  бара  жатты. Қолында  ауыр  қап  бар  сияқты.

— Бұл сол! — деп сыбырлады Аян.

Балалардың жүректері дүрсілдеп, бірден есікке ұмтылды. Бірақ Аянның анасы тоқтатты.

-Түн  ішінде  қайда  барасыңдар?

— Апа, біз бір күдіктіні көрдік. Ол қайта келді! — деді  Айбек  шыдай  алмай.

Әйел ауыл жігіттеріне хабар берді де, бірнеше ер адам қолшамдарын алып, иттер үрген жаққа  қарай  жүгірді.

Бірақ көлеңке оларды байқап қалғандай, ауыл  сыртына  қарай  қаша  жөнелді.

— Ұстаңдар! — деген дауысы шықты қуғыншылардың  бірінің.

Енді балалар да қарап тұра алмады, олар да әлгілердің соңынан жүгірді. Айбек қолындағы кішкентай фонарымен алда жүгірген адамның бейнесін  айқын көрді, ол шынында да сол малшы  еді.

Алайда осы кезде біртүрлі жайт болды, ол қашып бара жатып қолындағы қапты түсіріп алды. Бұлардан озыңқырап келе жатқан Нұрсұлтан еңкейе қапты ашып көрді, іші толы қағаз  екен. Артынша  Аян  да  келді.

— Е-е-е, бұл әкемнің қағаздарына келген екен ғой. Бәлкім осы қағаздарды үйге алып барып толығымен үшеулеп отырып қарап шықсақ, бұл шым-шытырықтың түбіне жетерміз.

Содан үшеуі қапты алып үйге келді де, ашып, қағаздарды шығарып, үйде сақталған қағаздармен салыстыра қарай бастады. Қағаздар арасынан ескі дәптер, бірнеше сурет пен қалың  конверттер  шықты.

— Бұл не екен?.. — деді Айбек аң-таң болып.

Аян болса дәптерді қолына алып, үнсіз тұрып  қалды  да:

— Бұл… Менің әкемнің күнделігі ғой! — деді ол  баяу  үнмен.

Аян дәптерді қолына алып, парақтай бастады да, дауыстап оқи жөнелді. Балалар тыныш қана тыңдап отыр. Дәптердің алғашқы бетінде жазу  анық  еді.

«Бұл  күнделік – менің басыма түскен қиын күндердің  куәсі. Егер бір күні ұлым Аян қолына  түсірсе,  білгені  дұрыс…».

Аянның  қолы  дірілдей  бастады. Ол әкесі­нің  жазбасын  ары  қарай  оқыды.

«Көп жыл бұрын мен бір қателік жасадым. Қаржы табамын деп теріс ниетті адамдармен араластым. Олар ауылға келіп, біраз шаруа­шы­лықты өздеріне жекешелендіріп алғысы келді. Мен қарсы шықтым. Сол үшін олар мені де,  отбасымды  да  тыныш  қоймай  қудалады…».

Айбек  пен  Нұрсұлтан  бір-біріне  қарасты.

— Сонда, бұл  малшы  солардың бірі ме? — деді  Нұрсұлтан  сыбырлап.

— Иә, мүмкін… — деді Аян ауыр күрсініп.

Дәптердің келесі бетінде бір таңғаларлық сурет болды. Онда ауыл маңындағы ескі құдық­тың  суреті бейнеленген. Суреттің төменгі жағында: «Барлық құпия сол құдықта көміліп жатыр»  деген  сөздер  тұрды.

Айбектің  дауысы  қаттырақ  шықты.

— Құдықта  көміліп жатыр?! Не нәрсе көмі­ліп  жатыр  екен?

— Әкем не айтқысы келді екен?

Балалар ойланып үлгермей жатып, сырттан бір дыбыс шықты. Бейне есіктің ар жағында біреу  тығылып  тұрғандай.

Айбек  қолшамды  алып,  есікке  жақын­дады.

— Әй! Бұл кім? — деп айғайлады ол.

Үн  қатқан ешкім болмады. Бірақ әлдекім­нің асығыс басқан қадамының дыбысы ұзап бара  жатты.

— Тағы да сол малшы шығар! — деді Нұрсұлтан  жұдырығын  түйіп.

— Біз ертең құдыққа баруымыз керек, — деді Айбек  батылданып.

— Дұрыс, — деді Аян. – Әкемнің құпиясы сол жерде болса, бәрін ашуымыз қажет деп ойлаймын.

Ертеңіне  таң  ата  балалар ауылдың шетіндегі ескі құдыққа қарай бет алды. Аянның жүрегі дүрсілдеп, қолындағы дәптерді қатты қысып келе жатты. Құдық ауыл шетінен басталатын орман арасындағы қалың шөптің ішінде еді. Айналасы қураған бұтақтарға толы, арамшөп басып кеткен. Құдық маңында он шақты үйдің  көне  орны  жатыр,  ағара  көрінеді, шыны, ыдыстың  сынықтары,  күл қалдық­тары  бұл  жерде  бұрын шағын  ауыл  отырғанын  көрсете­ді.

Біресе жерге, біресе дәптерге үңілген Айбек бір  сәт  тоқтай  қалды.

— Міне, дәл дәптердегі суреттегідей…

— Бірақ… Не көміліп жатыр екен мұнда? — деп  күбірледі  Нұрсұлтан.

Балалар құдықтың жанындағы жерді қарап шыққан кезде біраз уақыт өтті, олардың қолында­ғы жуандығы 5 миллиметр сым бір қатты затқа тигендей болды. Айбек сол жерді қолымен  қазып көріп еді, саусақ ұшы қатты бір  затқа  тиді.

— Мынау… Қорап сияқты! — деді ол таңыр­қап.

Үшеуі кезектесе қазып, қорапты топырақ арасынан шығарып алды. Ескі ағаш қорап, шегелері тот басқан, бірақ ішінде бірдеңе бар секілді. Аян қорапты ашқанда, ішінен бірнеше құжат, ескі фотосуреттер және мөрленген конверт  шықты.

— Әкемнің қолтаңбасы… — деді Аян көзінен жасы ыршып.

Конвертті  ашып  еді, ішінде хат тұр:

«Ұлым Аян! Егер сен бұл хатты оқып отырсаң, менің шындығым ашылар кез келді деген сөз. Мен Совет үкіметі құлаған кезде ауылдағы жайылымдық жерлерді, техникаларды, жалпы бүкіл совхозды жекешелендіріп алған болатынмын. Сөйтіп, сенің атыңнан банктен есепшот аштым. Сол жерде сенің атыңнан қомақты ақша салдым. Менің бұлай жасап жат­қанымды олар білмейді, егер білсе, сендерді тыныш қоймайды. Бұл хатты оқып отырсаң, мен тірі емеспін деген сөз. Қасым деген адам менің бүкіл мүлкімді тартып алғысы келеді. Ешкімге сенбе, сақ бол. Ол әлі де өз мақсатын жүзеге  асыруы  мүмкін…».

Балалар үнсіз қалды. Қасым деген адам ауылдың беделді кәсіпкері еді, ауылдағы ет, сүт өнімдерін шығаратын цехтар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын кәсіпорындар  соныкі  болатын.

Осы кезде қатқылдау бір дауыс шықты:

— Мұнда неғып жүрсіңдер?

Бұлар қорапты, ондағыларды қараймыз деп жандарына бөгде адамның келгенін де байқамай қалыпты. Иә, олардың дәл жандарында орта жастағы адам тұр еді. Бұлар оны таныды, ауылдасы, қақ-соқпен шаруасы жоқ, тұйықтау жүретін Зейнолла еді бұл.

Балалардың жүрегі зу ете қалды. Әуелгі келген ой – бұл кісі де әлгілер жағында болғаны ма? Оның көзі өткір екен, жанарында біртүрлі суықтық бар. Қолында ұзын темір таяғы бар, бұларға  зілдірек  тіл  қатты.

— Сендердің  мұнда  келмеулерің  керек  еді.

— Неге? — деді Айбек  батылданып. – Біз Аянның  әкесінің  құпиясын  ашуға  тиіспіз!

— Жоқ, оған әлі ерте. Құпияны ашу оңай, бірақ салдары ауыр болады. Сендер әлі баласыңдар, бұл – ойын  емес.

Аян қорапты кеудесіне қысып:

— Бұл – менің әкемнің аманаты! — деді. – Біз оның  шындығын  білуге  міндеттіміз!

Зейнолла үнсіз тұрып қалды. Бір сәт оның көзінен  мұң  ұшқыны  жылт  еткендей  болды.

— Сенің әкең мықты адам еді… — деді ол күрсініп. – Төңірегіне қамқорлығы мол еді. Ол үлкен адамдарға қарсы шықты. Мен оны жек көрген жоқпын. Керісінше… Оның батылдығын  бағаладым.

Нұрсұлтан шыдай  алмады.

— Сонда бұған қатысыңыз қандай? Неге құпияны ашуға ерте деп тұрсыз? Ол құпияны сіз  қайдан  білесіз?

Ол жерге таяғын қадай, жай ғана жауап қатты.

— Мен сендер ойлағандай қарақшы да, қылмыскер де емеспін. Мен сенің әкеңнің соңғы аманатын қорғап жүрген адаммын. Әкең «осы маңға балам күндердің бір күнінде келеді. Сол келген  кезде  дұрыс  бағыт-бағдар  берерсің» деген. Оның маған көп көмегі тиген еді кезінде. Мен әкеңе ант берген болатынмын. Бұл жерге көмілген қорапша туралы мен ғана білемін… Біраз жылдан бері осы жерді жұртқа байқатпай бақылап, сырттай қорып жүрмін. Саған да, шешеңе де мұны айтуға болмайтын, өйткені аса қауіпті еді. Сен мектеп бітірер жасқа жетсе деп едім… Енді… Бірақ біреулер бар… Олар бұл құпияны қолға түсірсе, бүкіл ауылға қауіп төнеді.

— Қандай  адамдар? — деді  Айбек.

— Жақында өздерің көресіңдер… Бұл жерге келгендеріңді олар біліп отыр. Өйткені олар сендердің іздеріңді бағып жүр. Мұны білгесін бірдеңеге ұрынып қаласыңдар ма деп, менің келіп тұрғаным ғой. Енді тездетіп бұл маңнан кетіп қалыңдар. Ауылға жасырын барғандарың жөн. Бірақ сендерге бір ғана кеңесім бар, қорапты ешкімге көрсетпеңдер. Әсіресе бейтаныс  кісілерге…

Осы сәтте алыстан мотоциклдің гүрілі естілді. Үшеуі  селк  ете  қалды.

— Айттым ғой… Олар келе жатыр!

Ол  көзін сығырайта ауыл жаққа қарап, бойын  тіктеді.

Мотоцикл дауысы жақындай түсті. Орман шеті көк түтін мен гүрілге толды. Балалар жүректері аузына тығыла бір-біріне қарады. Кенет үш мотоцикл ағаш арасынан шыға келді. Үшеуі де – қара киім киген бейтаныс адамдар. Көздерінде қара көзілдірік, белдеріне пышақ пен сойыл ілген.

— Міне… Таптық қой! — деді олардың бірі қатқыл  үнмен. – Әй! Қолыңдағы не нәрсе? Қорап  па?  Ол  бізге  керек… Бері әкел!

Зейнолла таяғын көлденең ұстап, балаларды  артына  жасыра:

— Мен мыналарды алдандыра тұрайын, сендер  жылдам  қашуға  әрекет  жасаңдар, — деді. – Балаларға  тиіспеңдер. Сендерге олардың қажеті  жоқ,  не  шаруаларың  бар  оларда.

— Қажет болғанда қандай… Ана қорапты бері әкеліңдер, — деді екіншісі. – Оны өз еркіңмен бер, әйтпесе, күштеп аламыз.

Аянның қолы дірілдеп кетті, соған қарамастан қорапты қыса түсті. Бұл кезде қара киімділер мотоциклдің моторын өшіріп, бұларға беттеді. Балалар қаша жөнелді. Қашып бара жатып артына көз салған Айбек Зейнолла ақсақалдың қолындағы темір таяқпен қара киімділердің біреуін  сұлатып  салғанын байқады.

Ағаштар арасынан күн сәулесі сығалай қарай­ды. Балалар ышқына жүгірді. Манадан бері кесе-көлденеңдеп жолдарын бөгеген Зейнолламен алысып жүрген олар бұлардың қашып  бара  жатқанын  енді  байқады.

— Қашты!  Балалар  қашып  барады!  Ұста!

Қатты жүгіргеннен Аянның жүрегі дүрсілдеп,  демі  жетпей  жылап  жібере  жаздады.

— Бізді  бәрібір  ұстап  алады  ғой! — деді  ол.

— Жоқ! — деді Айбек. – Бізді ұстай алмайды! Әкемнің айтуынша, орманның ішінде осы біз келе жатқан бетте ескі үңгір бар, сол жерге жасырынсақ  құтыламыз.

Балалар қол ұстаса жүгіріп, құлаған са­йын  қайта тұрып, тоқтаусыз ілгері ұмтылды.

Арт жақтан мотоциклдердің дауысы естілді, орман іші азан-қазан болды.

— Жылдам! — деді Нұрсұлтан. – Әйтпесе ұстап  алады!

Осы кезде олар межелі жерге де жақындаған болатын. Ақыры қалың орман арасынан қарауытып бір қуыс көрінді. Айбек қуана  дауыстады:

— Міне, үңгір! Жүріңдер!

Олар үңгір ішіне кіріп, тастардың ара­сына тығылды. Қорапты Аян бауырына қыс­ты. Даладан жақындағын аяқ дыбыстары естілді…

Балалар бұл жерде қалуға болмайтынын сезіп, үңгірдің қараңғы түкпіріне беттеді. Үңгір іші дымқыл әрі суық екен. Төбе­ден тамшы тамшылап, үңгірдің ішінде жаңғырық болып естілді. Табан асты үлкенді-­кішілі тас­тар, жүру қиын. Соған қарамастан балалар дыбыс шығармауға тырысып ілгері жылжуда. Демалған кезде қорапты құшақтап отырған Аянға қарайды, ал оның қолдарының  дірілі  әлі  басылмапты.

— Бұлар бізді табар ма екен? — деді ол сыбыр­лап.

Айбек тынысын тежеп, құлағын сыртқа түрді.

— Әзірге  таба қоймас. Бірақ көп іздесе, табуы  мүмкін.

Ол қолфонарь жарығын үңгір аузына көрінбейтіндей етіп көлегейлей алды­ға түсірген, дәл осы сәтте үңгірдің бір бұрышынан әлсіз жарық жылт ете қалды. Нұрсұлтан  орнынан  секіріп  тұрды.

— Ана  жақта  бір  нәрсе  бар!

Балалар жайлап жақындады. Қабырғаға темір сандықты ойып орнатқан екен, аңғарып қараған адам болмаса көрінбейтіні анық. Шаң  басып  қалған, бірақ  құлып орны  бар.

Айбек  көзі  жанып:

— Мынау да құпияның бір бөлігі сияқты. Мана дәптерді толық қарап үлгіре алмадық қой. Әлде… Қара киімділердің іздегені осы болуы  да  мүмкін.

Аян қолындағы қорапты ашып, ішінен кішкентай  кілтті  алып  шықты.

— Мына кілт осы сандыққа келер ме екен?

Олар кілтті құлыпқа салып көрді. «Шиқ» етіп құлып ашылды. Сандықтың қақпағы ауыр  дыбыс  шығара  көтерілді.

Мұның ішінен де ескі дәптер, бір топ құжат пен фотосуреттер шықты. Суреттерде ауыл адамдары, тіпті олардың ата-аналары да  бар еді. Кейбір қағаз белгісіз адамдар қол қойып, мөр басқан құжаттар екен, келісімшарт боп шықты. Бұл келісімшарттарда ауылдағы қожалықтардың барлығы Аянның әкесі Саркөбенге тиесілі екені жайлы көрсетілген.

— Бұл не нәрсе өзі? — деді Нұрсұлтан таңыр­қап.

Айбек дәптердің алғашқы бетін ашты. Онда  жазулы  тұр:

«Бұл жердегі құпия тек сенімді адам­дардың қолына түсуі керек. Әйтпесе ауылдың  тағдыры  қыл  үстінде  қалады…».

Балалардың  көзі  шарасынан  шықты.

— Демек, біздің қолымыздағы жай ғана құпия емес, бүкіл ауылдың болашағы болып тұр екен. Мұны иемденген адам бүкіл ауылды иемденеді деген сөз ғой… — деді Айбек күбірлеп.

Дәл осы кезде үңгірдің аузына қолшамның жарығы түсті. Қара киімділердің дауысы  анық  естілді:

— Олар  осында!

— Басқа баратын жер де жоқ қой…

Үңгірге қара киімділер кіріп келе жатты. Олардың қолында қолшам мен шынжыр арқан  бар  еді.

Айбек  тез  ойланып:

— Біз бұл дәптерді оларға бермеуіміз керек. Әйтпесе ауылымызды бүлдіреді, — деді.

Нұрсұлтан да, Айбек те қолына жұдырықтай-жұдырықтай бірнеше тас алды. Аян қорапты құшақтап, арқасына жасырды. Қара  киімділердің  бірі  айғай  салды:

— Шық бері! Осы жерде өлгілерің келмесе, шығыңдар!

Сол сәтте Айбек батыл қадам жасап:

— Сендердің ойлағандарың болмайды! — деп қолындағы тастың бірін жарыққа қарай жіберіп  алды.

Тас фонарьды сындырып жіберді. Үңгір­дің ішін қараңғылық басты. Балалар тағы да ілгеріліп, үңгір түбіне таяды. Ой, Алла! Сол сәтте… Олар үңгір түбінен сыртқа шығар тар қуысты көрген еді, үлкен адам өте алмағанымен, бала еркін сиятын сол қуыспен олар тез-тез ілгері жылжи берді. Біразға дейін арттарынан қара киімділердің айғайы мен абыр-дабыры естіліп тұрды. Бұл қуыс жарық  балаларды манағы көне жұрттың екінші жағынан  шығарды.

Сыртқа шыққан балалар ауылға қарай жүгірді. Ауылға жеткен соң бірден барлығы учаскелік  полиция  өкіліне  барды.

— Міне, біз тапқан құжаттар! Бұлар ауылға қауіп төндіріп жүр! — деді Айбек демін алып үлгермей,  алқына  сөйлеп.

Алайда олар бөлімше ішінде Мейрамбектің жанында Қасым отырғанын кеш байқады. Үшеуінің ауыздарына құм құйылғандай үнсіз  қалды.

— Балалар… Не таптыңдар? — деді Қасым.

— Бұл  дәптер  сіздің  қылмыскер  екеніңізді дәлелдейді…

Аянды Мейрамбектің қатқыл үні тоқ­татты.

— Тоқтат! Сен қалай-қалай сөйлеп отырсың ауылымыздың құрметті азаматына. Кәне, берші… Көрейін… Не құжаттар ол Қасекеңді соншалық қылмыскер етіп жіберетіндей.

Мейрамбек құжаттарды қарай бастағаннан Қасымның түрі бұзылып кетті. Құжат­тарды қараудың қажеттігі жоқ дегенді аңғарта сыңай танытып еді, Мейрамбек қоярда-қоймай ашып қарап, бір-екеуімен танысқан соң-ақ түрі күрт бұзылып кетті. Әңгіме айт­қан  секілді бола отырып, ол кабура­сына қолын жүгірте бастап еді, Қасым оған қарай үстел үстінде тұрған тастан жасалған сарбаз сұлбасы бар сувенирді лақтырып жіберді де, бөлмеден қашып шықты. Тиген соққыдан Мейрамбектің басы жарылып, қан сорғалап ағып жатқанымен дереу есін жинап, далаға қарай жүгіргені сол еді, Қасым көлігіне отырып кетіп қалыпты. Балалар не істерін білмей дал болды, Аян болса қорапшаны қолтығына  қысып  алған.

Сол кезде Мейрамбек дереу телефон арқылы жедел көмек пен полиция қызметкерлерін шақырды. Оқиға одан әрі өрби түсті. Ауылға қала орталығынан жедел тергеу тобы арнайы Қасымды ұстау үшін келді. Ауыл іші толы полицей, Қасымның заңсыз иемденіп  алған кәсіпорындарын мөрлеп жауып жатты. Алайда Қасым әзірге ұстал­мады, қайда жүргені белгісіз, ауылдан шығар жолдың  барлығы  жабылған.

Арада үш күн өтті. Қасымның көмекшілерінің барлығы ұсталды, тек өзі жоқ. Бұл жайлы барлық телеарна жаңалықтарынан берілді. Қаладан келген тергеуші, полиция полковнигі Батыржан Қабденов осы ұстау операциясын басқаруға арнайы шақыртылған болатын. Ол қызметтік телефонын көтеріп:

— Маған біздің жас ізкесушілерімізді шақыртшы, сөйлесіп көрейін, — деп көмекшісіне бұйырды. Арғы жақтан, «Құп болады!»  деген  дауыс  естілді.

Шамамен он бес минут ішінде Батыр­жанның алдына Аян, Айбек, Нұрсұлтан ата-аналарымен  бірге келді.

— Аян, Айбек, Нұрсұлтан! Сіздерге үлкен алғыс айтқым келеді. Қылмыскер алдында батылдықтарыңды көрсетіп, мойымай, үлкен ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекеттерін әшкере қылдыңдар. Сендерді мемлекет атынан марапаттаймыз. Ал, Айбек пен Нұрсұлтан, сіздердің тергеуде берген жауаптарыңызбен таныстым. Сіздер дайын тергеу­ші екенсіздер. Мектеп бітіргесін біз сіздерге полиция академиясында оқуға жолдама  береміз.  Оған  қалай  қарайсыздар?

— Иә… Қарсы  емеспіз.

Балалар жүзінде қуаныш сәулесі ойнады.

— Онда келістік. Ал қазіргі уақытта біздің басты мәселеміз Қасымды табу болып тұр. Оны табу үшін барлық күшімізді жұмылдырдық. Көпке жеткізбей оны да табамыз. Ол Аянның ізіне банк қызметкерлерінің көрсетуімен түссе керек. Банк қызметкерлері… Імм… Оларды да жауапқа тартамыз… Иә… жұмыс көп әлі. Аса маңызды істі ашуға атсалыстың­дар. Тағы да алғыс айтамын! Жақсы! Келгендеріңізге рақмет! — деді полиция  полковнигі.

…Уақыт өтіп жатты, Қасым табылар емес. Қасымның басқа мемлекетке кетпегені, тіпті басқа қалаға да шықпағаны жайлы мағлұмат бар. Бірақ  оның  қайда  екені  белгісіз.

Бір кезде қызметтік телефон шырылдады.

— Қабденов тыңдап тұр!

Сымның арғы жағында айтылған әңгімеден оның түрі бұзылып кетті. 

— Топты жинаңдар! Тез!

Сөйтсе ауыл сыртында мал бағып жүрген малшылар бір жерге қарғалар мен қара құстардың топтала жиналғанына көздері түсіп, себебін білмекке жақындай түссе, тұрған автокөлікті көреді. Неғылған көлік екенін анықтамақ болып қасына барғанда жанында жатқан түрінен түр жоқ өлі денені көріп, автокөліктің Қасымдыкі екенін танып, полицияға хабарлапты. Сот-медицина сараптамасы мүрденің Қасымдыкі екенін, оның өлімі көлік тасқа қатты соғылғанда ұшып кеткен дененің басы жарылғанынан болғанын  анықтады.

Тергеу барысында анықталғанындай, Аянның әкесі Саркөбен Совет одағы құлаған кезде совхозды түгелімен дерлік жекешелендіріп алған екен. Алайда, оны көре алмаған Қасым оның ізіне түсіп, ақыры өлтіріп, тоқырау кезінде қайтадан құжаттарды заңсыз өз атына рәсімдеп иемденіп алған. Алайда  «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, Қасымның бұл әрекеті қанша жыл өтсе де ашылды, ел айтатын «түптің түбінде шындық жеңеді» деген тәмсіл үстемдік құрды. Аянның шындықты білу жолында жанкештілігі мен табандылығы елді таңырқатты. Қатыгездік пен зұлымдық табанында қалған ауыл еркін тыныстады. Аянның әкесінің ауылдың құрметті азаматы екенін еске алды. Ауыл адамдары балалардың батылдығына риза болып, үлкен алғыс айтты. Аян енді жетім бала емес, ауылдың ең бай әрі құрметті адамына айналды. Қайтадан сыныптастарымен бірге мектепке оралды. Ол күліп:

— Біз біргеміз жігіттер. Енді мен ешқайда кетпеймін, — деді.

Осылайша үш дос Айбек, Аян, Нұрсұлтан бір ауылды зұлымдар тырнағынан сақтап қалды. Олар үшін бұл оқиға жасөспірімдік шақтағы ең үлкен сынақ әрі шынайы дос­тықтың  дәлелі  болды.

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ,

Қызылорда  қаласы

(Соңы.  Басы  өткен  сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: